Никотинді алмастыру терапиясы деген не және ол кімге жарамды болады
Темекі шегуден бас тартудың көптеген әдіс-тәсілдері баршылық. Солардың бірі – никотинді алмастыру терапиясы (НАТ). Әрі бүгін біздер осы тақырыпқа тоқталатын боламыз. Баршамыз білетіндей, никотин темекі тартуға деген физикалық тәуелділікті тудыратын негізгі заттек болып саналады. Нағыз шылымқорларда ол кәдімгі зат алмасу үдерісіне кіріктірілген. Ал темекіден бас тарту талпынысы жасалған жағдайда дәл осы никотиннің жеткіліксіздігі болдырмау нышанатының ең жағымсыз белгілеріне әкеліп соқтырады. Никотинді алмастыру терапиясы темекіден арылу сатысының барысында никотин жеткіліксіздігінің (шайырсыз, тұншықтырғыш газы жоқ және темекі түтінінің құрамындағы басқа да уландырғыш химиялық заттарсыз) орнын толтыруға және тартыну нышанатын жеңілдетуге септігін тигізетіні хақ. Сонымен, негізгі НАТ құралдарын қарастырып көрейік.
БҰЛ КІМГЕ КЕРЕК?
Жаман әдетінен бас тартқысы келетін, әрі никотинге деген тәуелділік деңгейі ауыр болып саналатын шылымқұмарларға НАТ көрсетілген. Сізде осындай тәуелділіктің бар-жоғын қалай анықтауға болады? Белгілерді салыстырып көру керек. Никотинге деген ауыр тәуелділікке мына белгілер кіреді:
· күніне темекінің 1 қорабынан артық шылым тарту;
· ұйқыдан оянғаннан кейінгі алғашқы 5 минуттың ішінде темекі тарту;
· тіпті, ауырған кезде де шылым шегу;
· түнде темекі тарту мақсатында әдейі ояну;
· болдырмау нышанатының белгілерін жеңілдету үшін мәжбүрлі темекі тарту.
Өз бойыңыздан неғұрлым көп белгілерді тапсаңыз, тәуелділік те соғүрлым күштірек дегенді білдіреді.
БҰЛ ҚАЛАЙ КӨРІНЕДІ?
Адамның ағзасына никотинді жеткізіп отыратын алуан түрлі НАТ құралдары бар. Соның ішінде кеңінен таралғандары мыналар:
· сағыздар;
· никотиндік жабыстырғыштар;
· спрейлер;
· ингаляторлар;
· кәмпиттер.
Бұл дегеніміз адамның ағзасы темекінің құрамындағы 4000 астам қауіпті химиялық заттектердің орнына тек қана таза никотинге ие болады. Осы НАТ құралдарын егжей-тегжейлі қарастырып көрейік.
НИКОТИНДІК ЖАБЫСТЫРҒЫШТАР (ТРАНСДЕРМАЛДЫ НИКОТИНДІК ЖҮЙЕЛЕР)
Қалай жұмыс істейді. Жабыстырғыштан тері арқылы қанның құрамына никотиннің мөлшерленген үлесі түседі. Сіз бірнеше апта бойына үлесі бірте-бірте азаятын жабыстырғыштарға ауыса отырып, никотиннен бас тартатын боласыз.
Артықшылығы: қолданудың қарапайымдылығы. Жабыстырғыш оянғаннан кейін күніне бір рет жапсырылады, содан соң ол туралы, тіпті, ұмытуға да болады.
Мүмкін болатын жанама әсерлер: терінің тітіркенуі, бастың айналуы, жиіленген жүрек соғысы, ұйқының бұзылуы, бастың ауруы, жүректің айнуы. Жанама әсерлер көбінесе мөлшерден асып кеткен жағдайда пайда болады.
Кімдер үшін қарсы көрсетілімдері бар. Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге қолдануға тыйым салынады. Аллергияға бейім және қан қысымы жоғары келетін адамдарға сақтықпен пайдаланған жөн: алдын ала дәрігермен кеңесу қажет.
НИКОТИНДІК САҒЫЗ
Қалай жұмыс істейді. Жылдам әсер ететін НАТ құралы. Никотин шайнау кезінде ауыз қуысының шырышты қабығы арқылы сіңеді.
Артықшылығы: пайдаланушы болдырмау нышанатының қарқындылығына байланысты үлесті өз бетімен реттей алады.
Мүмкін болатын жанама әсерлер: ауыздағы жағымсыз дәм, тамақтың жыбырлауы, ауыз қуысындағы жаралар, ықылықтың тиюі, жүректің айнуы, жиіленген жүрек соғысы.
Кімдер үшін қарсы көрсетілімдері бар. Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге қолдануға тыйым салынады. Жүрек-қан тамырлары аурулары бар, асқыну сатысындағы асқазан-ішек жолының аурулары кезінде сақтықпен пайдаланған жөн. Дәрігермен алдын ала кеңесу қажет.
МҰРЫНҒА АРНАЛҒАН НИКОТИНДІК СПРЕЙ
Қалай жұмыс істейді. Ең жылдам әрекет ететін НАТ құралы. Қолданар алдында дәрігерден кеңес алу ұсынылады. Мұрынға арналған спрей никотинді мұрын қуысының шырышты қабығы арқылы қанағымына бірден жеткізеді. Болдырмау нышанатының белгілерін жылдам жояды.
Артықшылығы: болдырмау нышанаты белгілерінің лезде жойылуы.
Мүмкін болатын жанама әсерлер: мұрын қуысының шырышты қабығының тітіркенуі, мұрыннан су ағуы, көзден жас парлау, түшкіру. Мөлшерден тыс қолданған кезде бастың ауруы, жиіленген жүрек соғысы, күйгелектену.
Кімдер үшін қарсы көрсетілімдері бар. Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге қолдануға тыйым салынады. Демікпе, аллергия, кеңсіріктің ісіп ауыруы, мұрын қуысының түйткілдері болған жағдайда басқа НАТ құралдарын таңдағаныңыз қажет.
Ерекше ескерту: НАТ құралдарының бұл түрі кішкентай балалар мен үй жануарлары үшін аса қауіпті болып саналады, өйткені мұрынға арналған спрейден қалған бос құтыларда оларға зиян келтіруі мүмкін никотиннің жеткілікті мөлшері қала береді. Сұйықтықтың теріге тигізілуіне жол бермеңіз. Теріге түскен жағдайда сол мезетте оны таза сумен жақсылап шайып алыңыз.
НИКОТИНДІК ИНГАЛЯТОРЛАР
Қалай жұмыс істейді. Ішінде никотиндік картриджі бар жіңішке пластикалық түтікше болып көрінеді. Құрамында никотині бар бу ауызға және тамаққа жеткізіледі де, ол жерде бу қанағымына сіңіп кетеді.
Артықшылығы: бұл НАТ тәсілі темекі тарту үдерісіне ұқсайды, әрі болдырмау нышанатының салдарынан болатын күйзелісті жеңілдете түседі. Өйткені темекіге деген тәуелділік физикалық қана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан да болады. Темекіден бас тартқан кезде шылымқұмарға темекі тартуға байланысты әдеттегі рәсімдік әрекеттер жетіспей тұратыны хақ.
Мүмкін болатын жанама әсерлер: жөтел, ауыз қуысы мен тамақтың тітіркенуі, мұрыннан су ағуы, асқазанның бұзылуы. Бұл белгілер, әсіресе, бірінші рет қолданған кезде айқын байқалуы мүмкін. Рұқсат етілген дозалардан асып кеткен жағдайда жиіленген жүрек соғысы, күйгелектік, бастың ауруы орын алады.
Кімдер үшін қарсы көрсетілімдері бар. Жүрек-қан тамыр аурулары, қан қысымы жоғары келетін адамдарға, сондай-ақ бауыр қызметінің бұзылуының ауыр жағдайларында сақтық танытқан жөн.
Ерекше ескерту: картриждерді балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтау және утилизациялау керек.
НИКОТИНДІК КӘМПИТТЕР (ПАСТИЛКАЛАР)
Қалай жұмыс істейді. Кәмпиттерді сорған кезде никотин ауыз қуысының шырышты қабығы арқылы қанға сіңіп кетеді.
Қалай таңдауға болады. Кәмпиттер екі мөлшерде шығарылады: 2 мг және 4 мг. Қажетті доза сіздің ұйқыдан оянған соң қанша уақыттан кейін бірінші темекіні тартуға әдеттенгеніңізге байланысты болып отыр. Егер бұл алғашқы 30 минут ішінде орын алса, онда сізге тиесілі үлес 4 мг болып саналады. Ал егер 30 минуттан артық уақыт болса, онда құрамында 2 мг никотині бар кәмпиттерді таңдағаныңыз дұрыс.
Артықшылығы: НАТ құралдарын қабылдайтын кейбір адамдар сағыздың орнына кәмпиттерді артық көреді, өйткені олардың қолданысы онша байқала бермейді.
Мүмкін болатын жанама әсерлер: жүректің айнуы, ықылықтың тиюі, ауыз қуысы мен тамақтың тітіркенуі, жөтел, қыжыл, бастың ауруы, ұйқының бұзылуы, жиіленген жүрек соғысы.
Кімдер үшін қарсы көрсетілімдері бар. Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге қолдануға болмайды.
НЕНІ ТАҢДАСАМ ЕКЕН?
Бәрін қорытындыласақ. Сізге таңдау жасауға көмектесу мақсатында біз шешім қабылдау кезінде назар аударуды қажет ететін әрбір НАТ құралының ерекшеліктерін бір тізімге жинап бердік.
Никотиндік сағыздар, кәмпиттер және ингаляторлар – бұл сізге керекті мөлшерді бақылауға септігін тигізіп, сонымен қатар болдырмау нышанатының бір белгісі болып саналатын тамақтануға деген аса жоғары құштарлықты ішінара жеңуге мүмкіндік беретін алмастырғыштар.
Мұрынға арналған никотиндік спрей бұл сізге аса қажетті болған жағдайда, әрі кез келген уақытта көмекке келетін өте жылдам жұмыс істейтін құрал.
Никотиндік ингаляторлар темекі тарту үдерісіне ұқсайтын әрекетті келтіруге көмектесетін, әрі психологиялық күйзеліске төтеп беруге қосымша мүмкіндік береді.
Никотиндік жабыстырғыштар ыңғайлы, оларды күніне бір рет қана жабыстыру керек.
Қандай құралды таңдасаңыз да, НАТ әдістерін тек қана ұсынылған мөлшерде қабылдағаныңыз абзал. НАТ ұзақмерзімді қолданыс үшін ұсынылмаған, дегенмен, егерде ол рецидивтің орын алмауы мақсатында қажет болса, онда темекіге оралудан гөрі НАТ құралдарын пайдалануды жалғастырғанның артықшылығы бар.
Аударған: Рита Сәрсенова