КСРО-дағы қорқыныш пен өшпенділік: «Жігітше сөз» поп-мәдени феномен
Киносыншы мен психолог сериалды талдайды
Жылдың аяғында ТМД елдерінің барлық дерлік көрермендері «Жігітше сөз. Асфальттағы қан» атты ресейлік сериалды қызу талқылаған еді. Арнайы «Зияны Төмендеу» жобасы үшін киносыншы Гүлажар Машрапова және психолог Юлия Белянина хикаяны талдап, әрі экранда көрсетілген «жігітше түсініктердің» зиянын қалай азайтуға болатындығы мен ата-аналардың не нәрсеге көңіл аудару керектігі турасында әңгімелеп берді.
Гүлажар Машрапова, киносыншы:
«Жігітше сөз» атты ресейлік хикая өз мәресіне жетті, дегенмен оның авторлары көрсетілімнің басталуы кезінде, яғни, өткен жылдың 9 қарашасында тап осындай резонанстың болатындығын күтпеген де шығар. Start платформасы, продюсер Федор Бондарчук және режиссер Жора Крыжовниковтың бірлескен сегіз сериялы туындысы нағыз оқиғаға ұласып қана қоймай, сондай-ақ ТМД елдерінің аумағындағы тұтас бір поп-мәдени феноменге айтарлықтай жылдам айналғаны айқын. Бұл хикаяны абсолютті барлық адамдар қарап шыққаннан бөлек, қазірде «Жігітше сөз» іздеу жүйесінде ең жиі жазылатын сөздер, әлеуметтік желілердегі трендтер арасындағы сериал болып келеді, әрі оған мақалалар, ютуб-шолулар, рилстер, фанфиктер, өлеңдер және басқа да көптеген нәрселер арналуда.
Татарстанның «Аигел» тобының татар тілінде орындалатын «Пияла» әнін де барлық адамдар тыңдап үлгерген, нәтижесінде бұл ән де Shazam чартының үздік әндері қатарына еніп, ал содан кейін басқа да әлемдік чарттарға кірді. Хикаяның сценарийіне негіз болған әдеби түп шығармаға деген қызығушылық та жаңа серпіліске ие болды. Роберт Гараевтың «Жігітше сөз. 1970–2010 ж.ж. криминалдық Татарстан» деректі және ішінара өмірбаяндық опусын қайта басып шығару жоспарланып отыр, сондай-ақ ол Bookmate қосымшасында үздіктер арасынан табылды.
Алғашқы эпизодтардан-ақ «Жігітше сөздің» айналасында нағыз «ұрыс-шайқастар» өршелене түседі. Кейбір адамдардың пайымынша, 80-ші жылдардың соңына қарай, яғни, кейініректегі КСРО-да болған жастар арасындағы қылмыстық топтардың, содан соң 90-шы жылдары олардың салмақты ҰҚТ-ға (ұйымдасқан қылмыстық топ) ұласу тарихы – бұл, тіпті, кино түсіруге мүлдем болмайтын жайт. Олар зорлық-зомбылық пен ұйымдасқан қылмыстылықты романтизациялаудан қауіптенеді, оған қоса жақында ғана ресейлік Иркутскіде қайғылы оқиға болған – жасөспірімдер хикаядағы кейіпкерлерге еліктеп, өздерінің құрдасын өлтіріп кеткен. Ал кейбіреулер болса, керісінше, Крыжовниковтың туындысын мақтай отырып, тарихтағы ауыр және зұлмат эпизодтардың тағы да қайталанбауы үшін оларды ой елегінен қайта өткізу керек деп санайды. Әрі біздің елімізде, сол секілді Ресейдің өзінде де, тіпті, заңнамалық деңгейде «Жігітше сөздің» көрсетіліміне тыйым салу туралы ұсыныстар айтылған екен, дегенмен бұл хикаяның жалғасы түсірілуі мүмкін екендігі жайында басылмайтын қауесеттер де баршылық.
Бірден атап айтуға тұрарлық жайт, бұл хикаяның өзінде жалпы ешқандай да романтизациялау байқалмайды. Осы тұста Жора Крыжовников пен оның командасының кинематографиялық дарыны мен адекватты ұстанымына деген лайықты бағасын беру керек – барлық сегіз серияның барысында осы бір «қазандық» (ал жалпы алғанда кейінгі кеңестік) феномен өзінің айқын жағымсыздығы тұрғысынан, кейде, тіпті, жан түршігерлік шыншылдығы тұрғысынан барынша көрсетілген. Әлбетте, бұл жерде – кез келген жақсы жасалған көркем шығармадағыдай – эстетизациялау элементі бар. Сонымен бірге персонаждар да сценарий тұрғысынан жақсы жазылған жағдайда, әрі актерлер тарапынан керемет сомдалған кезде – олар көрермендердің өздерін кейіпкерлердің біріне ұқсастыруға және сол персонаждың қуанышы мен уайымына ортақтасуға деген ынтасын тудырады. Онсыз, негізінен, сапалы киноның болмайтындығын ескеру қажет.
Иә, белгілі бір сәтте сол Марат, Андрей, Вова-Адидасты жақтағандай бола бастайсың, алайда киноның авторлары бұл кейіпкерлермен онша назданбайды және олардың «жігітше түсініктерінің» бар қисықтығы мен ұсқынсыздығын, әрі осы бір идеологияның сол жігіттердің өміріне, туыстары мен достарына, жалпы айналадағы барлық нәрселерге деген қиратушы ықпалын үзілді-кесілді паш етеді. Сондықтан осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, «Жігітше сөздің» қылмыстылықты «романтизациялауы», мәселен, Даррен Аронофскидің «Арман туралы реквием» атты фильміндегідей нашақорлықты «романтизациялаумен» бірдей болып келеді.
Алайда құрмет сезімін тудыратын тағы бір жайт – бұл құбылысты көлемді түрде көрсетуге, осы күрделі «феноменнің» пайда болуының мән-мағынасын түсінуге деген талпыныс жасау. Неліктен жасөспірімдер – тіпті, олардың маргинал болуы да міндетті емес, мәселен, осы бір ағайынды Адидастар секілді ауқатты отбасылардан шыққан ұлдар – көшеге шығып, рэкет, тонау және зорлық-зомбылық жасаумен айналысуды таңдаған? Қалайша бұл құбылыс бүкіл ел бойынша осынау жаппай сипатқа ие болған? Мұндай топтар 80-ші және 90-шы жылдары Татарстанда ғана емес, сондай-ақ бізде де, Қазақстанда, жалпы бүкіл КСРО бойынша, ал содан кейін ТМД елдерінде болғаны даусыз.
Біздер хикаядан кейініректегі КСРО-ның дәлме-дәл бейнеленген суретін көріп отырмыз – империяның құлауға жақын сәті және кеңестік социализмнің идеологиялық тұрғыдан күйреуі, қиын-қыстау кезіндегі жабайы капитализмнің, сонымен бірге «крыша» болу, комиссионкалар, дүңгіршектер және бейнесалондары бар аяқасты нарықтық экономиканың қарқынды енуі. Көптеген адамдарды, егер физикалық жағынан болмаса, онда моральдық тұрғыдан мүгедек қылған Ауғанстандағы соғыс (хикаяның басында нақ сол жерден Вова-Адидас оралып келеді). Ондаған жылдар бойы тоталитарлық тәртіпте өмір сүрген адамдардың бойында тұншықтырылып келген түйсіктер, эмоциялар, қажеттіліктердің барлығы да қалайша сыртқа босатылып шығатындығын көре аламыз.
Әрі ұзақ уақыт бойы күштеп тыйым салынып отырған кез келген нәрсе секілді бұл да сыртқа шыққанда нағыз радикалды көріністерге ие болды, соның бірі криминал болып шықты. Жоспарлы экономиканың «ғажаптары», адамға тән жайлы өмір сүруге, табысқа жетуге, жеке меншікке ие болуға деген табиғи ұмтылысты шектеу, барлық дерлік нәрселердің жаппай тапшылығы мен қарапайым азық-түлік және тұрмыстық заттардың жоқтығы – ұсқынсыз бір дүниеқоңыздық пен ыдыс-аяқ сервиздері және шұжыққа деген табынушылыққа айналды (біздер мұны «Жігітше сөз» хикаясында үнемі көріп отырамыз). «Темір перде» және «іріп-шіріген Батыс» туралы мантралар барлық «импортты», «шетелдік» деген заттарға нағыз пиететке әкеліп соқтырды (Марат тек USA жазуы бар болғаны үшін ғана қарапайым кепкені қомақты ақшаға сатып алады).
Мәжбүрлі түрде теңестіру, адамдарды кәсіпкерліктегі салауатты бәсекелестік мүмкіндігінен айыру, қалыпты әлеуметтік лифттердің болмауы іс жүзінде зорлық-зомбылыққа ұласып, «асфальттағы қанға» айналады. Ал егерде оқушылар туралы сөз қозғайтын болсақ, онда бұл жерге жас ұрпақтың сезімдеріне де, қажеттіліктеріне де қызығушылық танытпаған, алайда олардың өмірлерінде маңызды рөлге ие болған ересектермен (ата-аналар, мұғалімдер) қарым-қатынастың сол кездері кеңінен таралған жаппай үзілгендігін де қосуға болады. Хикаяны қарау барысында, шын мәнісінде, «жігіттер» үшін топтарға мүше болу оларды керек етуге және «керекті» нәрселерге үйретуге тиісті отбасының да, сол секілді мектептің де бұрмаланған баламасына айналғанын анық көре аласың. Осы тұста заңды түрде мансап құруда алдын ала болжалды күрделілік немесе мүмкін еместікті ескергенде, «жігіттер» қатарына кіру де (сәті түссе, тіпті, «ағаларға» дейін өсу мүмкіндігі) мұның астарлы аналогы ретінде қабылданған. Ал егер ата-аналарға немесе өздеріне жақсы жалақы төленбесе, онда бара салып, әлдебіреуден ақтығын тартып алуға болады, одан қалса тоталитаризмнің темір табанының астынан енді ғана шығып жатқан халық дәрменсіз және аңқау келетіндігі хақ (Андрейдің анасы «оймақ» ойынында барлық ақшасы мен, тіпті, бас киімінен де айырылатын эпизод). Дегенмен бұл, әрине, ешкімді де ақтамайды.
Хикаяны қарау барысында қазіргі уақыт пен болашақ туралы ой-тұжырымдар да келеді. Егер адамдар үшін осы бір отбасы ішіндегі, әлеуметтік және материалдық мүмкіндіктер салауатты жолмен қамтамасыз етілсе, онда бұл, бәлкім, қоғам денесіндегі мұндай жаралардың болуына жол бермейді. Осы артықшылықтарға заңды және қауіпсіз түрде қол жеткізе алған күнде адамдардың көбі өз өмірі мен бостандығына қауіп төндіруге бармайтыны анық. Дегенмен бір өкініштісі, күні бүгінге дейін біздер сол бір «түсініктердің» кейбір жағымсыз қалдықтарын әлі де байқап отырғанымызды атап өтпеуге болмайды. Айгүл кейіпкерімен болған оқиға қазіргі таңдағы мизогиния мен виктимблейминг ұғымдарын, жыныстық зорлықтың құрбандарына деген сұмдық қарым-қатынасты бірден еске түсіреді. Мұнда персонаждардың жасанды мачизмі мен уытты маскулиндігі де қосылады («жігіттер кешірім сұрамайды»), әрі күні бүгінге дейін жалғасып жатқан тағы да сол тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия және төзбеушіліктің шамадан тыс деңгейлері олардың жаңғырығы іспетті.
Нақты осы «Жігітше сөз» хикаясы бүгінде болып жатқан зұлымдықтың көп бөлігі өз бастауын сол кезеңнен алатындығын еске салып отыр. Мына бір сұрақты қоятын уақыт келген сияқты: қазір, 2023 жылда, кейінгі Me Too дәуірінде, сол бір мачизмнің дәрменсіздігі туралы фильмнің әлемдік прокатта миллиард доллардан артық қаражатты жинаған жылында, біздер жабайылық және адамгершілікке жатпайтын «феноменмен» қандай да бір байланысымыздың болуын қалаймыз ба?
ТЫЙЫМ САЛЫНБАҒАН «СӨЗ»
Юлия Белянина, психолог:
Мен әлеуметтік желіде бір шенеуніктің хикаяны көрсетуге тыйым салу керектігі туралы пікірін оқыдым. Ол фильмнің жастарды дұрыс жолдан тайдырып, әрі бандитизмді романтизациялайтынын айтады. «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу ісінде өзінен, соның ішінде ата-ана ретіндегі тұлғадан жауапкершілікті алып тастаудың және оны хикая шығарушыларына жүктеудің не деген керемет талпынысы», – деп ішімнен ойладым. Осы арада миллениалдардың қарап өскен фильмдері есіме түсіп кетті.
Хикаяны көрсетуге тыйым салуға байланысты менің ойым келесідей: өздерінің балаларына жеткілікті көңіл бөлетін, махаббат пен сүйіспеншілікке бөлейтін, әрі өздерінің балаларына қызығушылық танытатын, олардың өмірі мен таныстарына көңіл аударатын, есеюдің әрбір кезеңінде салауатты қолдау мен түсіністік көрсететін ата-аналар, – мұндай жайттарға бола қиналмайды. Жасөспірімнің тәрбиесімен туғанынан бастап айналысқан кезде «оны жіберіп алу» секілді келеңсіз жағдаяттарға жол беру мүмкін емес, яғни, құндылықтарды бойына сіңдіру, күнделікті тұрмыстағы тәжірибеге үйрету, өз мысалы арқылы қандай әрекеттердің дұрыс және қайсысы бұрыс екендігін үлгі ету, қандай қылықтардың салдары қайтарымсыз ауыр жағдайға әкеліп соқтыруы ықтимал екендігін, өзіңнің ар-ұжданыңмен қалайша жарастықта бола білу және өз пікірі мен сенімін қорғауды қалай үйренуге болатындығын көрсету.
Мәселен, балаға темекі тарту мен алкогольді тұтынудың зияны туралы түсінікті сіңдіру үшін, сонымен қатар төбелесу мен балағат сөздерді айту – бұл жақсы нәрсе еместігі жайлы жете ұғынуын қамтамасыз ету үшін алты жасынан бастап мұндай әңгімелерді тұрақты түрде жүргізіп отыру ұсынылады. Дәл осы жерде иллюстрациялық материалдарды пайдалану да көмекке келеді, соның ішінде баланың ақпаратты қабылдауын күшейту мақсатында осы әдеттер мен әрекеттердің жағымсыз салдары туралы суреттер мен әңгімелерді қосуға болады.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы оқиғалардың өмірде болмауы мүмкін емес еді. Жаңа ғана ыдырап кеткен КСРО-да айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық және саяси дағдарыс пайда болды, бұл сол кезеңдегі бандитизм мен топтардың өркендеуінің негізгі себептерінің біріне айналғанын айтуға болады.
Кеңес Одағының ыдырау үдерісі экономиканың терең құлдырауымен қатар жүріп жатты. Өндірістің кенеттен қысқаруы, гиперинфляция, көптеген салалар үшін мемлекеттік қолдау көрсетуден айырылу жағдайы жаппай жұмыссыздық пен өмір деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқтырды. Осы экономикалық қиындықтар көптеген адамдар үшін күн көріс табудың балама тәсілдерін ұсынған бандиттік құрылымдардың қалыптасуына негіз болған.
Маслоу пирамидасын есіңізге түсіріңіздерші: негізгі физиологиялық қажеттіліктер мен қауіпсіздікке деген қажеттілік қанағаттандырылған жағдайда ғана қамқорлық таныту, сүйіспеншілікке бөлеу, қолдау көрсету, достық, қарым-қатынас орнату түріндегі әлеуметтік қажеттіліктер де қанағаттандырылады. Тоқсаныншы жылдардың ата-аналарында олар қайдан қанағаттандырылуы мүмкін еді? Көптеген адамдар кедейшілік пен әлеуметтік шеттету шегіне жеткен болатын. Болашаққа деген үмітсіздік, әлеуметтік мәртебенің төмендігі және жалпы адамдардың жатсынушылығы өзін-өзі таныту мен қоғамдағы мәртебесін іздеу құралы ретінде топтардың қалыптасуына апармауы мүмкін емес еді.
Сол кездегі ата-аналардың өздері де бағдарларын жоғалтып алған деуге әбден болады. Кеңес Одағының ыдыра басталысымен бірге ересек адамдар осынау хаоста өз бағыттарының жоғалғанын сезді. Сондықтан балалардың да, жасөспірімдердің де осы өзгерістердің құрбандарына айналғаны таңқаларлық нәрсе емес.
Фильмнің басты кейіпкерлерін қарастыра отырып, олардың ешқайсысында ата-аналары тарапынан тиісті қолдаудың болмағанын көреміз. Андрейдің анасы ұлын жақсы көретін және оған жақсылық тілейтін сияқты, дегенмен оның баласымен қарым-қатынасы ұдайы бақылау және жалпы сенімсіздікпен шартталған. Біздер Андрейдің әкесінің тағдыры туралы білмейміз, алайда анасына екі баланы тәрбиелеу және өсіру қаншалықты қиын екендігін көре аламыз. Андрейдің отбасында ол сене алатындай нағыз беделді тұлға жоқ, ал «универсамдықтар» болса, «бәрі де бір адам үшін» демекші, ауызбіршілікті, әрі олардың барлығы бір тілде сөйлейді.
Әлеуметтік жағдай тұрғысынан қалғандардың барлығына қарағанда Мараттың ғана жолы болған секілді: оның отбасы сол кездің стандарттары бойынша өте жақсы тұратын, алайда бәрі де алғаш көрінгендей, соншалықты керемет емес. Отбасы мүшелері тоталитарлық отағасының қатаң ережелеріне бағынады, өйткені ол өзінің рөлін тиісті түрде орындап жүргеніне бек сенімді. Бүкіл отбасы әкесінің айтқанымен өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуға тиісті. Серіппені шегіне дейін қысып көріңізші, әрі оның босаңсыған кезде не болатынын елестетіңіз. Марат топтың мүшесі болмауы мүмкін емес еді. Сонымен бірге бұл тұста барлық универсамдықтар қадір тұтатын үлкен ағасының үлгісі де ол үшін нағыз өнеге.
Адидастың топтан шыққаннан кейінгі тағдыры, бәлкім, басқаша, бандиттік сценарий бойынша емес болатын шығар деп көрінуі мүмкін, алайда өткен өмірі «қуып жетіп», ол да қайғылы өлімге душар болады.
Эмоционалдық жатсынушылықты Айгүлдің отбасынан да байқаймыз: ата-анасына тек оның мектептегі бағалары ғана маңызды, ал қыздың өзі, оның өмірі, ойлары, идеялары, қажеттіліктері олар үшін мүлдем қызықсыз. Дегенмен универсамдықтармен «достығы» үшін кенет және үзілді-кесілді бағасын беріп, қыздың болашағынан бірден дерлік үміттерін үзеді. Қызға жасалған зорлық-зомбылықтан кейін ата-анасы баланың алған жарақатын емдеу үшін оған қолдау көрсетіп, көңіл аударып, махаббатқа бөлеу керек еді. Алайда барлығы да керісінше болып шықты, осылайша персонаждар хикая көрермендерінің зәресін алып, жиіркенішті көрінеді.
Сол кездегі әрбір отбасының кейіпкерлері қазіргі ата-аналарға теледидар экрандарынан айқайлап тұрғандай көрінеді: «Балаларыңызға бұлай жасаудың ҚАЖЕТІ ЖОҚ!»
Қазіргі заманға қарап отырсақ, әлбетте, сол заманнан әлдеқайда алыстап кеткенімізді айтуға болады, дегенмен мүлдем біз ойлағандай, біз қалағандай емес. Адамдардың мінез-құлқындағы шектен шығудың көріністері, сенімсіздік таныту, өз эмоцияларыңды билей алмай қалу, заттарды өз атымен атаудан қорқу, біздерге кінә, ұят секілді сезімдерді таңу, тиімді қарым-қатынастарды орнату дағдыларының жоқтығы мен өз-өзіңе әлсіз болуға және дер кезінде көмек сұрауға рұқсат ету – осы аспектілердің барлығы да күні бүгінге дейін көкейкесті болып қала беруде.
Менің ойымша, бұл хикая дәл осы жайттармен жасөспірімдердің назарын өзіне аударта білді: экранда өздері сияқты нақ сондай мәселелерге тап болған балалардың тағдыры көрсетіліп жатыр. Бүгінгі таңда заманауи жасөспірімдерге әлеуметтік, саяси, экономикалық тұрғыдан жеңіл болғанымен, менің білуімше, эмоционалдық жағынан мүлдем жеңіл емес. Жеткіншектер осыдан бірнеше жыл бұрын пір тұтқан тұлғаларының оларды әрдайым естіп отырғанын, әрі өздерін түсінгенін қалайды, ал қазір гормондары асып-тасыған және жеке пікірге ие болу құқығын иемденген тұлғаға айналған кезде, олар бір ғана нәрсені қалайды: әрбір ата-ананың баласының көзіне қарай отырып, күн сайын келесіні айтқанын тілейді: «Мен саған сенемін, мен сені жақсы көремін, сондай-ақ мен әрдайым жаныңда боламын. Сен маған кез келген жағдайда сүйене аласың, әрі мен сені әрқашан қолдаймын».
Аударған: Рита Сәрсенова