Темекіні қыздыру жүйелерін қоғамдық орындарда қолдануға бола ма?
Темекі түтіні шылымқұмарға ғана емес, сондай-ақ оның айналасындағы адамдарға да әсер етеді. Қазақстанда қоғамдық орындарда темекі тарту туралы ережелер жинағы бұрыннан бар. Ал пассивті темекі тартуға жол бермейтін темекіні қыздыруға арналған жүйелерге қатысты не айтуға болады? Оларды барларда, көшеде және қоғамдық көлікте пайдалануға бола ма? Осыны анықтап көрейік.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабында қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынған, ал оны бұзған үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған.
Естеріңізге салсақ, заң темекі тарту түсінігінде кез келген темекі бұйымдары, соның ішінде қарапайым темекі, сигаралар, темекіні қыздыруға арналған жүйелер, қорқорлар және т.б. өнімдердің қолданылуын тұспалдайды. Бұл қатарға құрамында темекінің жоқтығына қарамастан, электронды темекі де жатқызылады.
Осылайша, тиісті емес орындарда темекі тартқаны үшін – 15 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салынады. Ал егер бір жыл ішінде бұзушылық тағы да қайталанса, онда айыппұл мөлшері 20 АЕК дейін артады. Ұшақ бортында темекі тартқаны үшін 50 АЕК мөлшеріндегі айыппұл қарастырылған.
ТАМАҚТАНУ ОРЫНДАРЫ
Қазақстанда шылым шегу үшін арнайы жабдықталған орындарда ғана темекі тұтынуға рұқсат етілген. Мұндай орындарға бірқатар талаптар қойылады – мәселен, «темекі тартуға арналған орын» деген жазу міндетті түрде болуға тиіс. Егер барлық ережелер сақталған болса, онда шылым тартатын орынға кіру қиындық тудырмайды.
Мейрамханалар әртүрлі болады: кейбір барларда темекіні қыздыруға арналған жүйелерді тек қана арнайы белгіленген орында ғана қолдануға рұқсат етілсе, кейбіреулерінде – кез келген темекі бұйымдарына тыйым салынады. Егер сіз қандай да бір мейрамхананың ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйесін қолдануға болатындығына сенімді болмасаңыз, мұны міндетті түрде қызметкерлерден сұрастырып алғаныңыз жөн.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ШЕ?
Кез келген қоғамдық көлікте – мейлі автобуста болсын, мейлі пойыз немесе ұшақта болсын – темекіні қыздыруға арналған жүйелерді қолдануға тыйым салынған.
Егер оларды ұшақтың ішінде, тіпті, дәретханасында пайдаланып көрсеңіз, өрт хабарлағышы іске қосылады. Ал бұл ең нашар сценарийдің өзінде ұшақты апаттық отырғызуға әкелуі мүмкін.
Түйткілдердің алдын алу үшін қоғамдық көлікте темекіні қыздыруға арналған жүйелерді де, сол секілді дәстүрлі темекіні де қолданбауға кеңес береміз.
АШЫҚ АУАДАҒЫ ОРЫНДАР
Темекі түтінімен салыстырғанда темекіні қыздыруға арналған жүйелер ықтимал зиянды заттектерді 95%-ға азырақ шығарады. Дегенмен осыған қарамастан, бұл құрылғыларды жабық қоғамдық орындарда пайдалануға негізінен тыйым салынады. Ал көшеде темекіні қыздыру жүйелерін тартуға бола ма?
Егер сіз үйдің жанындағы дүкеннің қасында темекіні қыздыруға арналған құрылғыны қолдансаңыз, онда заңды бұзбайсыз. Алайда егер бұл дүкен білім беру ұйымының аумағында орналасқан болса, онда түтін шығармайтын құрылғыларға тыйым салынады.
Егер бұл, мәселен, үйіңіздің жанындағы аула, саяжай учаскесі, пәтер сияқты жеке аумақ болса, онда тыйым салу қарастырылмаған.
Егер сіз басқа елде болсаңыз, темекіні қыздыруға арналған жүйелер мен электронды темекіні қолдануға рұқсат етілген орындардың тізімін мұқият түрде қарап шыққаныңыз абзал. Заң аймаққа байланысты өзгеріп отыруы да бек мүмкін.
Егер сіз темекіні қыздыруға арналған жүйелерді қолдануға рұқсат етілгеніне сенімді болмасаңыз, онда бұл құрылғыны пайдаланбауға тырысқаныңыз жөн. Бұл кеңес электронды темекі секілді басқа да түтін шығармайтын құрылғыларға қатысты айтылған.
ТҮЙТКІЛДЕРДІҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ЕҢ ЖАҚСЫ ЖОЛЫ
Шылымқұмардың қолынан келетін ең жақсы амалы – жаман әдетінен біржолата бас тарту. Бұл шылым шегуге байланысты пайда болуы мүмкін залалды аурулар қаупін төмендетіп қана қоймай, сондай-ақ қоғамдық орындардағы болуыңызды да жеңілдете түседі. Өйткені темекі тартпайтын адамдар темекіні тұтатуға болатындай ыңғайлы уақыт пен орын туралы алаңдамайды. Олар үшін шетелде болған жағдайда, шылым шегуге рұқсат етілген орындар тізімін зерттеудің қажеті жоқ. Әрі темекі тартуға салынған тыйымды бұзғаны үшін айыппұл жайында тіптен уайымдаудың керегі шамалы. Ал айыппұлдар ешкімге де ұнамайды.
Аударған: Рита Сәрсенова