«Секс және қалаға» 25 жыл: шоудың теледидарды өзгерткені

«Секс және қала» телехикаясының феномені неде?

Анықтап көрейік

Биыл «Секс және қала» хикаясына 25 жыл толады екен. HBO компаниясының революцияшыл хикаясы жалпы теледидарды және кездесулер мәдениетін біржолата өзгертті. Осыған дейін әйелдер әзіл-оспағына толы, қарым-қатынастарға деген және әдетте дауыстап айтуға болмайтын ерсі тақырыптар жайындағы әйелдердің көзқарасы көрсетілетін әйелдер туралы телехикая болып көрмеген. Мұнда әйелдер өздерін ер адамдар арқылы, әрі күйеуге шығу қажеттілігі арқылы айқындамаған. Бұл төрт тәуелсіз, кәсіпқой әйелдің толыққанды үйлесімді қарым-қатынастарды іздеу жолындағы өз тілеулері мен қиындықтары туралы ашық әңгімелейтін хикая болатын.

Бәлкім, осы хикаяны қарап шыққаннан кейін әрбір қыз Manolo Blahnik брендінің аяқ киімін қолға түсіруді, демалыс күндерін құрбыларымен Cosmopolitan коктейлінен дәм тата отырып, Манхэттеннің ең сәнді барларында өткізуді және «арманындағы ер адамын» кездестіруді қиялдаған шығар. Осы уақытқа дейін оны бір емес, кейде бірнеше рет қарап шыққан дүние жүзіндегі миллиондаған әйелдер үшін бұл хикаяда не бар?

 

БІР КҮНІ НЬЮ-ЙОРКТЕ

«Секс және қала» хикаясы экрандарға 1992 жылдан бастап 2004 жылға дейін шығып отырды. Сол кезде біздер алғаш рет Нью-Йорктен шыққан ерекше төрт әйелмен танысқан едік, олар интимдік тақырыптағы мәселелерді, қарым-қатынастарды, мансаптары мен өзін-өзі іздеу жолындағы тосқауылдар турасындағы жайттарды еркін және ашық түрде талқылайтын. Сол уақытта хикаяның мәдени феномені оны көрген әрбір дерлік әйелдің өміріне әсер етті.

 

Ал осы аты аңызға айналған хикаяны бірде-бір рет қарамаған жандар үшін істің мән-жайын түсіндірейік. Хикаяның басты кейіпкерлері – «Нью-Йорк Стар» газетінде жыныстық қатынастар туралы бағананы жүргізетін журналист Кэрри Брэдшоу, көркемөнер галереясының басқарушысы Шарлотта Йорк, PR-агенттігінің иесі Саманта Джонс және классикалық мансапқор әрі адвокат Миранда Хоббс. Олар 30-дан сәл асқан әйелдер, дегенмен, бұл кейіпкерлерге тартымды, сексуалды, табысты болуға және ақ боз атқа мінген ханзада туралы ертегіге сеніп жүруге еш кедергі етпейді. Алты маусымдық хикая мен екі толықметражды фильмнің барысында жан құрбылардың әрқайсысы «дәл сол» жігітті іздеп табудан үміттерін үзбейді, дегенмен, таба алатын ең жақсы қарым-қатынастары – бұл өз-өзімен деген үйлесімді қарым-қатынас екендігін қайталаудан жалықпайды.

 

Кейбір әйелдер оларды «қолға үйрету» үшін жаратылмаған. Олар бірге еркін болу үшін өздеріне ұқсас келетін әлдебіреуді кездестіргенше дейін еркін болу үшін жаралған.

ЖЫНЫСТЫҚ САУАТ

«Секс және қала» хикаясы сан мәрте арсыздық, бұзылғандық және әдепсіздік үшін айыпталғандығына қарамастан, қазіргі 40 және 50 жастағы әйелдер нақ осы хикаяның арқасында жыныстық тақырыптағы сауаттылыққа ие болғандары рас. 90-шы жылдары жыныстық серіктесіңмен төсек мәселелерін, секстің әртүрлілігі мен жыныстық қатынас кезіндегі дене қалыптарын талқылау нағыз ерсі дүние болып көрінетін. Сол кездегі қоғам, тіпті, Американың өзінде де аса консервативтік болатын, әрі сексолог маманына бару туралы сөз болуы да мүмкін емес еді.

 

Жыныстық қатынас – бұл бірін-бірі сүйетін адамдар арасында болатын нәрсе. Не болмаса, сексті жақсы көретін екі адам арасында болатын нәрсе.

 

Бұл телехикая күллі әлем бойынша әйелдерді «азат етті», енді серіктесіңмен өздеріңнің интимдік тілектеріңді талқылау және қарым-қатынас дағдарысы жағдайында маманға жүгіну ұятты нәрсе емес болып шығады. Қазіргі уақытта біздің елімізде және көптеген басқа да мемлекеттерде жыныстық тәрбиенің маңыздылығы туралы мәселе өте көкейкесті болып тұр. «Секс және қала», «Қалыпты адамдар» және «Жыныстық тәрбие» секілді хикаялардың басылмай тұрған танымалдылығына қарамастан, қоғам, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер сапалы және дер кезіндегі жыныстық сауаттандыруды қажет етеді. Бұл жыныстық қатынастардың алуан түрлілігі жайында ғана емес, сондай-ақ өз денеңе деген сауатты қарым-қатынас пен өзіңді қорғай білу икемділігін білдіреді: зорлық-зомбылық пен ерте жүктіліктен аулақ болу секілді мәселелер.

 

НЕЛІКТЕН ХИКАЯ ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАС ТУРАЛЫ ЕМЕС?

Адамдардың көбісі бұл хикая өз алдына бір камасутра деп ойлайды, бірақ шын мәнісінде бұл мүлдем басқа тақырыптағы оқиға. Бұл сериал миллиондаған қыз-келіншектер үшін психолог маманының ақыл-кеңестерінің орнын басқандай, әрі көптеген адамдар үшін қарым-қатынастар бойынша іс жүзінде қолдануға болатын нұсқаулыққа айналған. «Секс және қала» хикаясы бүкіл әлемдегі қыздарды ешқашан өз армандарыңнан тайынбауды, өз-өзіңе сенуді, басқалардың пікірінен тәуелсіз болуды, көмек сұраудан қорықпауды, әрі ең маңыздысы, достарыңды бағалауды үйретті. Тағдыр оларды қандай сынақтардан өткізсе де, олар бірін-бірі әрдайым қолдап, бірімен-бірі бәсекеге түспей, әрі достықты бәрінен де, тіпті, ерлерден де, жоғары қойған. Олар – ешқандай да ұрыс-керістер жаныңа жақын адамнан жоғары бола алмайтындығының нағыз дәлелі. Сонымен қатар хикая қорқыныштар, үрейлер, жарақаттар және өзін әлемдегі барлық нәрсенің нормасы деп санайтын гетеропатриархалдық қоғамның жалықтырған ақиқаттары тақырыптарына толы.

 

«Секс және қала» хикаясының біздерге берген теледидардағы, бәлкім, Тони Сопранодан кейінгі ең үздік кейіпкерлердің бірі: Саманта Джонс жайында айта кетпеуге болмас. Бұл әйел өзінің қалаулары мен ойлары, ойлары мен сезімдерінің шегінде өмір сүріп жүреді. Бұл әйел бәрімізге үлгі боларлық сексуалдылықпен, әрі еш өкінбестен өмір сүріп келеді. Кейіпкердің мінезбітімі барған сайын ашыла түседі, ол құмарлана өмір сүреді, жақсы көреді және басынан қайғы кешіп, етеккір үзілісі мен, тіпті, қатерлі ісіктен қорқады. Егерде әйелдіктің жыры деп атауға болатындай кейіпкер бар болса, онда ол Саманта Джонс екендігі шүбәсіз.

 

Ешнәрсе де мәңгілік емес деседі. Армандар өзгереді, трендтер келеді де кетеді, алайда достық ешқашан сәннен шықпайды.

«Секс және үлкен қала» сериалының феномені неде?

ЖАЙ ӘНШЕЙІН…

Хикаяның продюсерлері біздерді нью-йорктік төрттіктің басынан кешкен оқиғаларынсыз қалдыра алмай, әрі хикаяның мерейтойына орайластырып жанкүйерлерге сыйлық ретінде оны тағы да екі маусымға ұзартқан еді. Біздерді бұрыннан таныс Манхэттен, сүйікті Cosmopolitan коктейлі және ұнатып қалған құрбылар, Самантадан басқасы, қарсы алады. Хикаяның авторлары тағы да барлық таптаурын түсініктерді қиратып, 50 жастан кейінгі өмір, соның ішінде сексуалдық өмірдің бар екендігін көрсетеді. Біреулер сүйікті хикаясының жалғасына қатты қуанса, екінші біреулер қартаң актрисаларға экранда орын жоқ деп санайды. Дегенмен, кез келген жағдайда хикая ешкімді де бей-жай қалдырмайтыны айқын.

 

Өз өмірімізбен толық қанағаттану сезімі секілді нәрсе бар ма өзі? Әлде бұл өзімізге қолдан жасап отырған кедергі ме? Сол өз жалғызыңды және ерекше адамыңды кездестіру мүмкіндігі қаншалықты шынайы? Өмірде бір ғана мүмкіндік бар ма, әлде бірнешеу ме? Неліктен ешқандай да бір міндеттемелерсіз жыныстық қатынастар әйелге де қажет екендігін түсіну өзгелер үшін соншалықты қиын? Ана атану – мақсат па, әлде кедергі ме? «Секс және қала» хикаясының тұсаукесерінен кейін 25 жыл өтсе де, бұл сауалдар әлі де өзекті болып қала беруде. Бәлкім, осыған байланысты бұл шоу жалғаса беруге тиіс шығар.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]