Темекі түтінінің тыныс алу жүйесіне әсері: дәрігердің пікірі

Тыныс алу жүйесі қалай жұмыс істейді және темекі оған қалай әсер етеді

Адамдардың көбі өкпенің қатерлі ісігі туралы және темекі түтінінің қаншалықты зиянды екендігін біледі. Алайда жану өнімдері жалпы тыныс алу жүйесіне қалай әсер етеді? Тыныс алуымыз қалай жұмыс істейді? Оның құрылымы қандай? Осы мақалада дәрігер-пульмонолог әрі торакалды хирург Бекдәулет Әкімниязова бұл тақырыптың басын ашып, оны егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Сонымен бірге ол темекі түтіні, шайыр және ластанған ауаның салдарынан пайда болатын өкпенің созылмалы обструктивті ауруының (ӨСОА) соңғы уақытта неліктен кеңінен таралып отырғандығы жайлы әңгімелейді.

ТЫНЫС АЛУ ЖҮЙЕСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Тыныс алу жүйесінің қызметі – бұл орталық жүйке жүйесінің әртүрлі деңгейлерінде орналасқан және тыныс алу қозғалыстары ырғағының автоматизмі мен тыныс алудың ағзаның жағдайға байланысты өзгеріп отыратын метаболикалық сұраныстарына сәйкестігін қамтамасыз ететін нейрондар жиынтығының арқасында жүзеге асырылатын күрделі, көп сатылы және кешенді түрде бақыланатын үдеріс. Тыныс алу ортасы сопақша ми және ми көпірінде (бас миы бағанының бөлімі) орналасқан – олар тек қана тыныс алу жиілігін, яғни, дем алу және дем шығаруды қамтамасыз етеді. Осы орталықтар зақымдалса, тыныс алу тоқтатылады. Әрі қарай – тыныс алу жүйесі қандағы газ деңгейіне реакция беретін рецепторлармен реттеліп, сәйкесінше тыныс алу ырғағы ғана емес, сонымен қатар тыныс алу бұлшықеттері жұмысының арқасында жүзеге асырылатын тереңдік те өзгереді. Негізгі тыныс алу бұлшықеті – бұл диафрагма, не болмаса көкірек қуысы мен іш қуысы арасындағы көк ет. Бұл рефлекторлы бұлшықет болып келеді, әрі біз қанша тырысқанымызбен, санамыз оны басқара алмайды. Оның қызметі ұйқы, не жұмыс кезіндегідей, жұмыс істейтін көптеген өмірлік маңызы бар мүшелердің жұмысына ұқсас біздің бақылауымыздан тыс жүріп жатады. Әдетте, диафрагма дем алған кезде төмендейді және дем шығарған кезде көтеріледі. Белгілі бір мезетте диафрагманың қозғалысын да, күйін де сезінбеуімізге байланысты біз оны мүлдем басқара алмаймыз. Оған қоса қабырға аралығындағы бұлшықеттер де тыныс алуға қатысады. Осылайша тыныс алу ми және дем алатын ауаның газ құрамымен басқарылады. Яғни, ауаның сапасы, оның құрамы – тыныс алудың маңызды реттегіші болып саналады.

 

Әдетте халықтың көпшілігі ойлайтындай, өкпенің функцияларына тыныс алу мен газ алмасу ғана жатпайды. Бұдан бөлек, тыныс алу жүйесі терморегуляция, дауыстың пайда болуы, иіс сезу, деммен бірге жұтылатын ауаны ылғалдандыру сияқты маңызды функцияларға қатысады. Өкпенің тіні гормондардың синтезі, су-тұз және липидтердің (май) алмасуы секілді үдерістерде де маңызды рөлді атқарады. Өкпенің кеңінен дамыған тамырлы жүйесінде қан сақталады. Сондай-ақ тыныс алу жүйесі қоршаған ортаның факторларынан механикалық және иммундық қорғанысын қамтамасыз етеді. Яғни, деммен бірге келетін ауаның өкпе жұмысына деген әсері орасан зор. Ал осы ауаның түтіндетілуі – әрі бұл жерде немен екендігі маңызды емес (темекі түтіні, ластанған ауа, түтін) – жоғарыда аталған барлық функциялардың бұзылуына әкеліп соқтырады.

 

Альвеолалардың желдетілуі кезектесетін дем алу (инспирация) мен дем шығару (экспирация) арқылы жүзеге асырылады. Дем алған кезде альвеолаларға оттегімен қаныққан атмосфералық ауа енеді, ал дем шығарған кезде альвеолалардан көмірқышқыл газымен қаныққан ауа шығарылады. Ересек адам тыныштық күйінде орта есеппен алғанда минутына 14 тыныс алу қозғалысын (дем алу/дем шығару) жасайды, алайда тыныс алу жиілігі айтарлықтай ауытқуларға ұшырауы ықтимал (минутына 10 реттен бастап 18 ретке дейін); ал жаңа туған нәресте – секундына 1 дем алады.

 

ТЕМЕКІ ТҮТІНІ ТЫНЫС АЛУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Шылымды алғаш ішке тартқаннан-ақ тыныс алу мүшелеріміз арқылы темекі түтіні өтеді – бұл 6000-нан астам әртүрлі зиянды химиялық заттар. Қыздырылған улы түтінді алғаш ішке тартудың өзі ауыз қуысы, мұрын және тыныс алу жолдарының шырышты қабығын күйдіреді – біз термиялық күйікті аламыз. Осыдан кейін бірден олар уытты жүктемені сезінеді. Темекі түтінінің құрамындағы тітіркендіргіш заттар мұрынның шырышты қабығын зақымдайды және иіс сезімін төмендетеді – біз иістерді нашар ажырата бастаймыз. Сонымен бірге жағдайды құтқару мақсатында мұрынның ішінде белсенді түрде шырыш шығарылады – сондықтан шылымқұмарлар созылмалы тұмаудан жиі зардап шегеді. Содан кейін «жауын-шашын» басталады. Темекі түтінінің құрамына кіретін немесе темекі жанған кезде пайда болатын заттар өкпе мен тыныс алу жолдарына шөгіп қалады. Ең алдымен, бұл шайыр. Ол өкпе мен тыныс алу жолдарын тітіркендіретін және қабындыратын тұрақты өңезді түзеді. Сондай-ақ – шырышы өкпені бактериялар, вирустар және токсиндерден тазартуға тиіс «кірпікшелерді» жояды. Сондай-ақ – ауыр металдар бар. Бұл қорғасын, кадмий, марганец және никель. Олар қабыну үдерісін тудырфы, әрі өкпе тінін бұзады.

 

Баршамыз білетіндей, темекі шегу – ең қауіпті тәуелділіктердің бірі. Бұл әдет қазіргі уақытта аса қолжетімді, әрі өзіне тән «сыну» сезімімен тәуелділікті жылдам тудырады және адам ағзасының барлық жүйелеріне нағыз соққы жасайды. Соңғы он жыл ішінде күллі әлем бойынша халықтың өлім-жітімін анықтайтын негізгі аурулар қатарында жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА), инсульт, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА), төменгі тыныс алу жолдарының респираторлық инфекциялары, сонымен қатар өкпенің, трахея және кеңірдекшенің қатерлі ісіктері кездеседі. Темекіні тұтыну осы барлық аурулардың дамуы мен өршуінің қауіп факторы болып келеді.

 

ТЕМЕКІ ТАРТУ КЕЗІНДЕ ТЫНЫСПЕН НЕ БОЛАДЫ?

Ықпал ету механизміне сәл тереңірек үңіліп көрейік. Тыныс алу мүшелері темекі түтіні әсерінің негізгі мақсаты болып саналады, сондықтан темекі тарту бронх-өкпелік аппарат ауруларының дамуында жетекші рөл атқарады. Темекі түтіні құрауыштарының әсерінен тербелмелі эпителий «кірпікшелерінің» белсенділігі төмендейді, уақыт өте келе бронхтардың шырышты жасушаларының метаплазиясы пайда болып, құтыша пішінді жасушалардың саны артады, соның ішінде бронхтардың дисталды бөлімдерінде жоғарылайды, бұл өз кезегінде қақырық ағымының өзгеруімен бірге жүретін гиперсекрецияға әкеліп соқтырады. Осылайша темекі түтінінің созылмалы әсері бронх тармақтарында қорғаныс қызметінің бұзылуына апарады. Тыныс алу жолдарының эпителиоциттері темекі түтінімен белсендіріліп, ісік некрозының факторын қосқанда, қабыну медиаторларын өндіреді. Темекі түтінінің құрамында бос радикалдардың көп мөлшері кездеседі, олар тыныс алу жолдарына енген кезде оксиданттар жүйесінде тепе-теңдікті бұзады – антиоксиданттар қышқылдандыратын  стресті қалыптастырады. Темекіні бір рет ішке тартқанда тыныс алу жолдарына 1015-тен астам органикалық жоғары реактивті радикалдар еніп кетеді, бұл өкпе тінінің жасушалық мембраналарына зақым келтіреді. Темекі шекпейтін адамдарға қарағанда шылымқұмарларда темекі түтінінің әсерінен тыныс алу жолдары бос радикалдардың мөлшерін көбірек шығарады. Сонымен бірге темекі түтіні бөтен немесе ағзаға зиянды бөлшектерді сорып, сіңіре алатын жасушаларды белсендіреді. Қышқылдандыру нәтижесінде жасушаның зақымдану үдерісіне байланысты ең осал тұс дәл осы өкпе болып келеді. Бұл мұндағы бос радикалды реакциялардың пайда болу мүмкіндігінің артқандығына байланысты. Өкпеге оттегі, қышқылдандыру индукторы, сондай-ақ ластанған ауадағы басқа да оксиданттар (озон, азот және күкірт диоксидтері) тікелей ықпал етеді. Айта кетсек, өкпедегі жасушалардың өзгеруі – темекі тартатын адамның тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруларға деген бейімділігі себептерінің бірі болып саналады.

 

ТЕМЕКІ ТАРТУДЫҢ ӨКПЕГЕ ТИГІЗЕТІН ЗИЯНЫН ТӨМЕНДЕТУДІҢ АМАЛДАРЫ БАР МА?

Бүгінде адамдар темекі тартудың салдарынан өкпенің қатерлі ісігінің даму қаупі туралы хабардар. Бір өкініштісі, адамның миы белгілі бір түйткіл туындаған кезде қарсылықтың ең кішкентай жолын таңдайтындай етіп жаратылған. Осылайша адам, тіпті, өкпенің қатерлі ісігіне де табиғи, шарасыз нәтиже ретінде қарайды. Әрине, мұндай адамдар аз, дегенмен олар баршылық. Қабылдау кезінде мен шылымқұмарлардың өкпенің қатерлі ісігінің даму қаупін «не болса да болар» деп қабылдайтындығын жиі естимін, өйткені олар темекі шегуден бас тарта алмайды. Олар өкпенің қатерлі ісігінің көптеген формалары, түрлері мен даму кезеңдері бар екендігін түсінбейді. Сонымен бірге ерте сатысында анықталған жағдайда емделетін формалар да кездеседі. Осылайша ұзақ ремиссия кезеңін алуға болады.

 

Сонымен қатар шарасыз нәтиже тұрғысынан қатерлі ісікке қарағанда әлдеқайда қауіпті ауру баршылық. Бұл осыған дейін көрсетілген ӨСОА дерті – мұнда жасушалар мутацияға ұшырамайды (қатерлі ісік жағдайындағыдай), дегенмен өледі, жай ғана ғайып болады. Адамның кеудесінде екі мүше бар – екі өкпе, алайда олар күн өткен сайын азырақ функцияларды орындап, нәтижесінде өкпенің жалпы бір ғана бөлігі жұмыс істейді. Ақыр соңында адам ендігіден былай никотинге емес, оттегіге тәуелді болып шығады.  Ал оттегіге тәуелділік дегеніміз не? ӨСОА-ның 3-4 сатысына шалдыққан көптеген адамдар «үйреніп кетуі мүмкін» деген пікірмен одан аулақ болады. Бұл жағдайды мүлдем түсінбеу деген сөз. Тыныс алу беті азайған кезде желдету қабілеті де төмендейді. Дене тіндері де, жасушалары да оттегінің жетіспеушілігіне – гипоксияға тап болады. Бұл жағдайда оттегі концентраторының көмегінсіз болмайды. Бүгінгі таңда қолданыстағы емдеу әдістерінің арсеналында ӨСОА-дан емделудің мүмкіндігі жоқ. Жалғыз ғана нұсқа – өкпе трансплантациясы болып келеді. Алайда бұл мүлдем басқа әңгіме…

 

Бұл мақаланы оқыған кезде адамда үмітсіздік пен шарасыздық сезімі пайда болуы мүмкін – шығу жолы бар ма өзі? Әлбетте, бар. Мен дүрбелеңге салынбауға және сол бір жалықтырған «ерік-жігерді» қолдана отырып, өз мүмкіндіктеріңізді айқын бағалауға, әрі одан кейінгі іс-қимыл жоспарын анықтап алуға шақырамын. Темекі тартудың баламасы болуға тиіс: никотинге де, жорасына да байланысты барша шылымқұмарлар темекіні бірден әрі бірдей тастай алмайды. Темекі шегушілердің арасында «шынайы» тәуелді адамдар бар. Алайда жорасына ғана тәуелді шылымқұмарлардың бір түрі бар – үдерістің өзі ұнаған кезде «қолында ұстау, оттың ұшқыны мен жалыны, тұтату, темекіні ішке тарту, жеңілдік сезімімен дем шығару» және компанияның да болуы жағымды. Мұндай жағдайларда балама нұсқалар ұсынылады – темекіні қыздыруға арналған жүйелер. Сондай-ақ, әрине, бұл темекі шегуден бас тарту жолындағы қадамдардың бірі ғана. Тек жорасына да, темекіге де, оның құрауыштарына да тәуелділікті бұзу құралы ретінде қарастырылады. Ешбір жағдайда да біреуін екіншісіне ауыстыруды ұсынбаймын. Үзілді-кесілді түрде жоқ! Өтйкені шылымқұмардың қолынан келетін ең жақсы шешімі – темекіні тастау. Мұндай жағдайларда дәрігер қабылдауы кезінде темекі шегетін пациент кенет тоқтатудың ықтимал салдары туралы негізсіз емес алаңдай бастап, халық ішінде айтылып жүрген дақпырттарды айтып, қайталап отырады. Біз мұны келесі жарияланымдарда талқылайтын боламыз.

 

Көптеген адамдар спорттың темекіні тастауға көмектесетіндігін біледі. Бұл құбылыс тұрақты физикалық белсенділікпен бірге келетін тәртіптілікпен байланысты. Спортзалдағы жаттығулар немесе жүгіру адамға тонуста болуға, әрі иммунитетті нығайтуға көмектеседі. Тұрақты физикалық белсенділіктен кейін жүрек соғу жиілігі мен жиырылуы қалыпқа келеді. Барлық мүшелер қанмен жақсы қамтамасыз етіледі және қажетті қоректік заттар, оттегіге ие болады. Шылымды тастағаннан кейін спортпен шұғылдану гиподинамиядан зардап шегуден гөрі әлдеқайда жақсырақ екендігі сөзсіз. Темекі шегуден бас тартқаннан кейін жүгіру немесе фитнес залында жаттығу өкпеде жиналған улы шайырдан тезірек арылуға көмектеседі. Жаттығулар өкпедегі газ алмасуды күшейте түседі. Бронх тармақтарының эпителийі қақырықты белсенді түрде жоя бастайды, бұл бронхтың бос аралықтарын бітеп, қалыпты тыныс алуға кедергі келтіреді. Уытты заттектер жөтелмен бірге қарқынды түрде сыртқа шығады.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 7 Average: 4.1]