Тамақтанудың құрсақтағы және ерте балалық шақтағы бала миының дамуына әсері

Ананың тамағы бала санасына әсер етеді: Норвегиядағы зерттеу

Норвег ғалымдары растады: іштегі баланың тамағы және дүниеге келген сәтте қалай тамақтанғаны мидың қалыптасуына, сондай-ақ депрессияға ұшырау қатеріне әсер етеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, дұрыс тамақтанбаудан бірінші кезекте әйелдер, балалар және сәбилер зиян шегеді екен. Ұйым таратқан ақпаратқа қарағанда, бойға бала біткен сәттен бастап алғашқы 1000 күн ішінде дұрыс диета қалыптастырып үлгеру үлкен маңызға ие, бұл сәби денсаулығының мықты, өмірінің сапалы болуы үшін аса қажет.
1999 жылы норвегиялық ғалымдар осы ақпаратты тексеріп көруге бел буады. Тәжірибеге аяғы ауыр немесе алдағы уақытта балалы боламын деп отырған 23 020 әйел қатысады. 2013 жылы ғалымдар 10 жыл бойы жүрген эксперимент нәтижелері мен қорытындысы берілген ауқымды зерттеу жариялады.

АНА МЕН БАЛА ТАМАҚТАНУЫН ЗЕРТТЕУ

Норвег қоғамдық денсаулық сақтау институты ғалымдары 10 жыл бойы, 1999-2008 жылдар аралығында ананың тамақтануы дүниеге енді келген сәбидің психикалық саулығы мен интеллектіне қалай ықпал етеді деген сауалға жауап табуға тырысты. Зерттеуге аяғы ауыр әйелдер мен олардың алты айға дейінгі балалары қатысты. Әйелдер тамақтану жайлы сауалнама толтырған, ал балалардан бір жарым жасында, үш және бес жасында үш рет анализ алынған.

 

Ананың тамағында көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақыл көп кездессе және жеткілікті мөлшерде ақуыз болса, оның сапасы «дұрыс» деп бағаланған. Ал қуырылған ет, рафинадталған дақыл, тәтті сусын мен тұзды тағам көп болса, керісінше, «сапасыз» деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш тамақтану жиілі жөніндегі FFQ (Food frequency questionnaire) сауалнамасы көмегімен жүргізілген.

 

Сауалнама арқылы диетаға қатысты әдеттер, жас ананың тәрелкесінде көбіне не болатыны анықталған, сонымен қатар жүктіліктің алғашқы төрт-бес айында қандай тағам қоспалары пайдаланылатыны бақыланған.

 

Бұдан бөлек аналар жаңа туған балаларының не жейтінін, қаншалық жиі тамақтанатынын сипаттап берген.

 

Аналар мен балалардан тұратын бірнеше топты бес жылдан артық зерттеген ғалымдар мынадай қорытындыға келді:

 

– баладағы психикалық аурудың қалыптасуына қуырылған тағамдардың, трансмай мен жылдам көмірсуы (ақ нан, ұн, бургерлер) көп тағамдардың, тәтті сусындардың жаппай қолданылуы әсер етеді;

– рационында ақуыз, көкөніс пен жеміс-жидек жетіспеген балалардың жүріс-тұрысы мен оқуында ең көп проблема байқалған.

 

Ғалымдар қорытындыда тамақ сапасының ұрпақтың тән саулығына ғана емес, психикалық саулығына да әсер ететіні жайлы жас әйелдерді хабардар қылу үшін дәрігерлердің кешенді жұмысы қажет деп жазады.

 

БАЛАНЫҢ МИЫН ДАМЫТУДА НЕ МАҢЫЗДЫ?

Норвегиялық ғалымдардың пікірінше, жүктілік кезіндегі ананың тамақтануы ең үлкен маңызға ие.

 

Бұл кезеңде ана майлы және сапасыз тамақ жесе, көкөніс, жеміс-жидек, ақуыз бен майлар жеткіліксіз болса, баланың дамуы қиындайды. Тіпті кейін ол дүниеге келген соң сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етілді деген күннің өзінде, іште жатқан кездегі тамақтану әсері басты фактор болып қала береді.

 

Сонымен қатар іштегі баланың миы қалыптасып келе жатқанда D витаминінің жетіспеушілігі аутизм, шизофрения секілді ауытқулардың пайда болуына ықпал етеді.

 

Ғалымдар екінші орынға сәбидің алғашқы екі жыл ішіндегі тамақтануын қойып отыр. Өмірге келген сәттен бастап 18 ай ішінде баланс дұрыс сақталмаған тамақ ішкен нәрестелердің есейген кезде ұйқысы бұзылған, мазасыздық пен апатия пайда болған, оқу үлгерімі нашар жүрген.

 

Мұндай пікірді тек норвегиялық ғалымдар айтып отырған жоқ. Голланд ғалымдары мен австралиялық мамандар да дәл осындай заңдылықты байқапты.

 

Бұған қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бала кезде тамақ жеткіліксіз немесе сапасыз болса, ол тамақтанудағы ауытқуларға, артық салмақ жинауға, жүрек ауруларына, диабетке, эндометрия және жыныс жүйесі қатерлі ісігіне алып келеді деп санайды. Ал майлы тағамдар жеп өскен балалар ересек кезде семіздіктен зардап шегетін болады.

 

Жүктілік кезіндегі дұрыс тамақтану

ПСИХИКАЛЫҚ САУЛЫҚ САҚТАУҒА АРНАЛҒАН ТАМАҚТАНУ ТӘРТІБІ

Ғалымдардың пікірінше, консервіленген жартылай фабрикаттарды (колбаса, сосика, мұздатылған жартылай фабрикаттар, консервантті йогурттар мен десеттер) аз сақталатын, жас азық-түлікпен алмастыру керек. Мысалы, азық қоспалары бар, мұздатылған жартылай фабрикатты емес, жас еттен жасалған котлет қуырған жөн. Тіпті болмаса фабрикат орнына өсімдік ақуызын қолдануға болады. Ең бастысы, тамақ ұзақ сақталған дүниеден жасалмасын.

 

Бұдан бөлек ғалымдар қантты шектеу керек дейді. Британ ғалымдарының зерттеуінше, қант пен тәтті сусындарды шектен тыс пайдаланатын адамдар депрессияға жиірек ұшырайды екен. Рафинад қанттың орнына тәтті жеміс-жидек, бал және стевия қолданыңыз, бұл ағза үшін әлдеқайда пайдалы әрі қауіпсіз: жалпы денсаулықты жақсартады, сонымен қатар диабет, жүрек аурулары және семіздіктің пайда болу қатерін төмендетеді.

 

Сауатты тамақтану ақуыз, май және көмірсудың дұрыс балансынан тұрады: жеміс-жидек пен көкөністі, жас ет пен сүт өнімдерін, жасымық, үрмебұршақ, бидай, ноқат секілді күрделі көмірсуы бар дақылдарды көбірек тұтынуға тырысу керек.

 

Сондай-ақ ғалымдар жүктілік кезінде веган диетасында отырмау керек деген пікірде. Баланы да веган болуға мәжбүрлемеу керек. Себебі мал өнімдері ішкі ағзалар мен мидың қалыптасуы кезеңінде аса қажет. Ет әлі күнге ақуыз бен B витаминдері тобының маңызды көзі болып қалып отыр. Котлетті жас етті айналдырып, өзіңіз әзірлеген дұрыс, яғни қайда, қалай жасалғаны белгісіз жартылай фабрикаттар мен мұздатылған өнімдерден қашу керек.

 

Зиянды азайту концепциясы (ЗАК) механизмі осыдан тұрады, басқаша айтқанда адам денсаулығын сақтау үшін зиянды салдарды біртіндеп азайту және іс-әрекет қауіпсіздігін арттыру арқылы залалды төмендетуге болады.

 

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]