Бас айналдыратын бақыт
Шылымды қойып кетуге тырысқан, бірақ бұл қолынан келмегендерге арналады
Түтіндетуден бас тарта алмасаңыз, мынаны ұмытпаңыз: темекі тарту ісін оңтайландыру, гигиена мен тамақтану ережелерін сақтау арқылы бұл зиянды әдеттен келген қатерді айтарлықтай азайтуға болады.
ШЫЛЫМ ШЕГУ ПРОЦЕСІН ДҰРЫС ОЙЛАСТЫРУ
Әрине, ең дұрыс шешім темекі қорабын қоқысқа лақтырып тастау және оны болашақта ешқашан еске алмау болар еді. Бұл – аксиома. Алайда әлдебір себептердің салдарынан шылымды шетке ысырып қоя алмасаңыз, кезекті темекіні тұтатар алдында соңғы уақытта бүкіл әлемнің ғалымдары мен медиктері белсенді түрде насихаттап жүрген зиянды азайту концепциясы (ЗАК), яғни зиян әдеттермен күресуге арналған ерекше әдіс жайлы оқып шыққан жөн.
Бұл концепцияны қолдаушылар шылымқорларға не ұсынып отыр дейсіз ғой? «Оларды түсінейік, кешірейік және барынша қолдайық» дейді. Нақтысы түтінсіз балама дүниелерді, басқаша айтқанда, темекіні қыздыру жүйелері мен электронды темекі секілді никотин қабылдаудың заманауи жүйелерін қолданып көруді кеңес етеді. Мамандардың айтуынша,ғ мұндай құрылғыларға өту арқылы шылым шегу себебібен болатын өлім мен сырқат қатерін төмендетуге болады екен. Бұл ретте бірінші кезекте қатерлі ісі пен өкпенің созылмалы обструктивті ауруын атауға болады.
Никотин қабылдаудың заманауи жүйелерінде никотин де бар, әрі шылымқорларға үйреншікті дәстүрді де сақтауға көмектеседі, алайда жану процесі жоқ, түтін бөлмейді, себебі темекі жапырағын салыстырмалы түрде алғанда төмендеу температураға дейін қыздырып қана қояды. Ал, соңғы зерттеулерге сүйенсек, шылым шегуге байланысты аурулардың басты себебі дәл осы жану кезінде бөлінетін заттар екенін көреміз. Әрине, біз атаған инновациялық жүйелер денсаулыққа мүлдем зардап әкелмейді деп айтуға болмайды, бірақ зиян заттардың көлемі кәдімгі шылыммен салыстырғанда орта есеппен 95%-ға төмен екенін ескерту қажет.
Ресей қатерлі ісікке қарсы қауымдастығының президенті, профессор Давид Заридзе FDA (АҚШ азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау жөніндегі басқармасы) мәліметтеріне сүйене отырып, танымал әлемдік өндіруші шығарған темекіні қыздыру жүйесінің булы аэрозоліндегі көмірқышқыл газы концентрациясы атмосфера ауасындағы осы газдың деңгейімен шамалас екенін айтады. Ал бензопирен, акролеин және формальдегидтің концентрациясы темекіні тұтататын кәдімгі шылымға қарағанда 89–95%-ға аз кездеседі.
ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ПРОЦЕДУРАЛАРЫ
Келген зиянның көлемін бұдан да азайту үшін шылымқорға күнделікті өміріне мына гигиена ережелерін енгізіп, дағдыға айналдырған дұрыс.
Апта сайын эвкалипт, қазтамақ, қырмызыгүл майларын қолдана отырып моншаға түсу темекі тартатын адамның ауа тамыр-кеңірдегін тазалайды, өкпенің оттегіне қанығу қабілетін арттырады.
Теңіз немесе ағылшын (магний) тұзы салынған ваннаны тұрақты қабылдау тері мен бүкіл ағзаның удан жалпы тазаруын қамтамасыз етеді.
Аяқ-қолдың қан айналымын жақсарту үшін таңғы душ кезінде қатқылдығы орташа жөкемен ысқылап, уқалап шыққан жөн.
ТАМАҚТАНУ ТӘРТІБІ
Кей азық-түлік те темекіден кейін пайда болатын зиянды заттардың ықпалын жұмсартатын қасиетке ие.
Мысалы, теңіз қырыққабаты 10% альгин қышқылы тұзынан тұрады: ол ағзадан ауыр металдарды «буып-түйіп», шығарып тастай алады.
Көкөніс пен жеміс-жидекте, сонымен қатар жаңа әзірленген шырында пектин бар – оны адам ағзасының санитары атайды, себебі пектин метаболизмді тұрақтандырып, денені артық заттардан, жекелей алғанда темекі токсинінен тазалайды. Анар, алма, қызылша, апельсин, грейпфрут шырындарының детоксикациялық әсері жоғары саналады.
Қырыққабат, асжапырақ, шалғам, балдыркөк, сондай-ақ ақжелкек пен қышаның құрамында қатерлі ісікке әкелетін жасушалардың көбеюін тоқтататын изотиоцианатты заттар кездеседі.
Бұдан бөлек ағзада жиналып қалған канцерогендерді бауырдың жұмысын жақсарту арқылы шығаруға болатынын айта кету керек. Ол үшін тамақты бөліп-бөліп ішуге, яғни күніне 4-5 рет қабылдауға көшкен жөн. Рационыңыз негізінен энтеросорбент міндетін атқаратын, ыстыққа піскен көкөніс, жеміс-жидек пен кебектен тұруға тиіс.
Қуатты антиоксидант қасиетке ие бета-каротинге келсек. Кейбір соңғы зерттеу мұны тұтынудан шылымқорда өкпе обырына шалдығу қатері артып кететінін көрсетіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, бета-каротин жасушалы ДНҚ-ға қышқылдық зақым келтіреді және қатерлі ісіктің пайда болуымен байланысты жасуша жолдарын өзгертіп жібере алады. Сондықтан түтіндеткенді ұнататын жандарға сәбіз бен құрманы жеуде абай болған жөн.
Аударған Димаш Зиядин