Қазақстандағы мефедрон: танымалдылық себептері және қуаныш деңгейімен байланысы

Бақытсыз адамдар: неліктен Қазақстанда мефедрон соншалықты танымал?

Журналист Галина Рыжкина арнайы «Зияны Төмендеу» жобасы үшін Қазақстандағы мефедронның танымалдылығы туралы ойымен бөліседі және мұны еліміздегі бақыт деңгейімен тікелей байланыстырады. Дәлірек айтқанда, бақытсыздықпен. Мефедрон Қазақстандағы қымбат және қолжетімсіз эйфоретиктердің тапшылығын толтырып, әрі мыңдаған фанаттарын тауып отыр – бұл өте бақытсыз адамдар.


ДИСКЛЕЙМЕР:

Осы материал Қазақстан Республикасының халқын есірткіні тұтынудың зияны мен зардабы туралы хабардар ету мақсатында жазылған. Бұл мақала есірткілік заттар мен сол тектестерді тұтынуға шақырмайды. Мақала тек қана ақпараттық және талдамалық сипатқа ие болып келеді. Әрі мақаланың авторы кезінде тәуелді болған адам ретінде өзінің көзқарасын ғана білдіреді.

 

КЛАССИКАЛЫҚ ЭЙФОРЕТИКТЕРДІҢ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ҚОЛЖЕТІМСІЗДІГІ

Есірткі нарығы кез келген басқа нарық секілді белгілі бір қағидаттар мен ережелер бойынша өмір сүреді. Мефедронның Қазақстанда неліктен танымал болғандығын түсіндіру үшін мына бір мысалдан бастайын. 2000-шы жылдардың басында Эстонияда героин тапшылығы жағдайы қалыптасқан. Тапшылықтың орнын толтыру керек еді, егер сұраныс болса – ұсыныс та пайда болады. Осылайша, Таллин көшелерінде фентанил – героинге қарағанда 100 есе күштірек, қорқынышты, өлімге әкеліп соқтыратын есірткінің синтетикалық аналогы пайда болған. Сөйтіп Эстонияда адамдар біртіндеп өле бастайды.

 

Қазақстанда героин тапшылығы ешқашан болған емес. Қасымызда әрқашан Ауғанстан бар-тұғын. Қазақстан – Еуропаға апаратын есірткі трафигі жолындағы транзиттік ел болып келеді, біздегі героинге деген тәуелділік толқыны 80-ші және 90-шы жылдарға тура келген. Алайда Қазақстанда «жақсы» кокаиннің қолжетімділігіне байланысты түйткілдер әрқашан болған. Мен әдейі «жақсы» дегенге баса назар аударып отырмын, өйткені бұл мәселенің мәнін ашады. «Жақсы кокаин» – бұл дегеніміз таза кокаин. Кокаин – бұл басты табиғи эйфоретик, ол – героинге қарама-қарсы есірткі. Ол – адамға жалған көңіл көтеру, жыныстық қатынас және сауық кештері сезімін беретін есірткі. Еуропада бір грамм кокаиннің бағасы 80 еуроны (40 000 теңге) құрайды, Қазақстанда осыдан бес жылдай бұрын (қазіргі жағдай туралы білмеймін) оның құны бір грамм үшін шамамен 1000 долларды (459 000 теңге) құрайтын еді. Елестетіп қана көріңізші – 1000 доллар! Сонымен бірге таза кокаинді табу мүмкін емес. Бәлкім, оған жоғары дәрежелі тәуелді адамдар қол жеткізе алатын да шығар. Дегенмен студенттерде, Назарбаев көшесіндегі барлардың келушілерінде, рейв және түнгі алматылық өмірдің әуесқойларында оған қол жеткізу мүмкіндігі жоқ. Міне, осындай бір нағыз таптық әділетсіздік. Өте үлкен ақшаға табуға болатын нәрселердің барлығында да сапасы тым нашар, алуан түрлі дәрі-дәрмектермен араласқан, яғни, парацетамолдан бастап барбитурат пен димедролға дейін қосылып сатылады. Сондықтан әуел баста мефедрон нақ осы синтетикалық кокаин ретінде сатылған болатын. Одан бөлек, шамамен 2010 жылға қарай Алматыда амфетаминдік қатарға жататын еуропалық сапаға ие синтетика – МДМА (MDMA, жартылай синтетикалық психикалық белсенді қосылыс) және туынды экстази жоғалып кеткен көрінеді. Ұзақ уақыт бойы есірткі сатылған (клубтық өмірдің пайда болуымен бірге), ал одан кейін олар да ғайып болды. Ал нарық әрқашан нарық болып қала бермек. 2015 жылға қарай Алматыда, содан соң еліміздің барлық ірі қалаларында мефедрон пайда болған. Сол кезде әлем бойынша синтетикалық катинондардың негізгі өндірушісі Қытай еді. Әрі менің пайымымша, оны Қазақстанға алғаш рет Аспан асты елінен әкелген болуы керек.

 

БАҚЫТСЫЗ АДАМДАР ЕЛІ

Егер біз есірткіге деген тәуелділік мәселесін талқылап қана қоймай, оны шешуге бел бусақ, онда криминалдық құрауыш бөлікті, яғни, қылмысты ғана емес, одан да басқа жайттарға қарағанымыз маңызды болып отыр. Мефедронға деген тәуелділік секілді осыншама ауқымды түйткіл әдепке үйретушілікті емес, әлеуметтік себептердің талдауын қажет етеді. 2011 жылдан бастап БҰҰ қатысушы елдердегі бақыт деңгейін бағалап келеді. Бақыт пен береке мемлекеттің экономикалық саясатын айқындап отыруға тиіс. Ұлттық бақыттың деңгейі неге негізделеді? Оның индикаторлары – жан басына шаққандағы ЖІӨ, әлеуметтік қолдау, болжалды өмір сүру ұзақтығы, азаматтардың өмірлік маңызы бар шешімдерді қабылдаудағы еркіндігі, сыбайлас жемқорлыққа деген қарым-қатынас және жомарттық болып саналады. 2019-2021 жылдардағы, яғни, ковид кезіндегі баяндамаға сәйкес, еліміз рейтинг бойынша 40-шы орында тұрған. Ең жақсы көрсеткіш болмаса да, дегенмен жаман емес. Алайда басқа көрсеткіштер де баршылық. Wisevoterұйымының есебіне сүйенсек, биыл Қазақстан өзіне-өзі қол жұмсау деңгейі бойынша 178 елдің арасынан 16 орынға шыққан. Ұзақ жылдар бойы Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы аутоагрессия және суицид өзекті мәселе болып қала беруде. Алайда бұл мәселе өз шешімін тауып отыр ма?

 

Еліміздегі депрессия деңгейі бойынша соңғы әрі елеулі зерттеулер 2017 жылы өткізілген екен, дәл сол уақытта ДДСҰ өңірлік бюросы жариялаған аналитикаға сәйкес, Қазақстанда депрессияға шалдыққан адамдар саны шамамен 800 мыңға жуықтаған. Сонымен бірге осы кезде депрессиядан әрбір бесінші оқушы зардап шегетіндігі туралы деректер пайда болған. Сонда ДДСҰ 2020 жылға қарай депрессия әлем бойынша ең көп таралған ауруға айналады деген болжам жасаған еді. Алайда менталды денсаулыққа байланысты күрделі зерттеулер Қазақстанда күні бүгінге дейін жүргізілмеген. Ал олар ел үшін өте-мөте керек дүние.

 

Биыл тамыз-қыркүйек айларында Qalam қоры жастардың әлеуметтік көңіл-күйі турасында зерттеу өткізген екен. Депрессиялық деңгейді бағалау көрсеткіші әлемдік деңгейге қарағанда бес есе жоғары болып шықты. Exclusive журналы жазып отырғандай, сауалнамаға қатысқан жас адамдардың 70%-нан астамы күйзеліс, ұйқысыздық және бейжайлық секілді жайттардан зардап шегеді. Нақ осы зерттеу Қазақстан жастарының несие қамытын киіп отырғандығын, сыбайлас жемқорлық, сондай-ақ табысты мансап жолы үшін аса маңызды деп санайтын керекті байланыстардың жоқтығы салдарынан, сонымен қатар жеке қасиеттердің болмауына байланысты өзін-өзі танытуда шектелгендігін көрсетті.

 

МҰНЫҢ МЕФЕДРОНҒА ҚАТЫСЫ ҚАНДАЙ?

Мефедрон едәуір концентрациядағы нейромедиаторлардың бөлінуіне әсер етеді. Өзінің есірткілік қасиеттеріне қарай ол кезінде алматылық нарықтан жоғалып кеткен ескі синтетикаға ұқсас келеді. Алайда оның әрекет етуі мың есе күштірек. Мефедрон қабылданған кезде кез келген әңгіме қызық, ал кез келген әңгімелесуші шынайы өмірдегіден гөрі әлдеқайда жақсы және тартымды болып көрінеді. Мефедронды қабылдаған кезде өзің айтарлықтай мейірімді, сөйлескіш, ашық бола түсесің, барлық түйткілдер болмашы нәрсеге айналады да, сен әлемді сүйесің, ал әлем сені сүйгендей болады. Уытты заттек адамның миына дәл осылай ықпал етеді: ол жалған иллюзияны береді – ол бақыт пен береке иллюзиясы.

 

ШЫНДЫҚТАН ҚАШУДЫҢ САЛДАРЫ

Алайда аталмыш иллюзия жылдам ғайып болады. Мефедронның тұрақты формуласы жоқ, әдетте оның неден жасалатындығын, тіпті, дилердің өзі де біле бермейді. Менің естуімше, бір грамның өзіндік құны – шамамен мың теңге. Оның әрекет етуі тоқтағаннан кейін тәуелді адамдардың қашып жүрген түйткілдерінің барлығы да бірнеше еселі күшпен түсіп, қардай борайды. Алаңдау одан бетер күшейеді, мәселелер шешілмейтіндей болып көрінеді, сөйлеу мәнері – апыл-ғұпыл және шатасқан мәнерге ұласады. Өзін-өзі бақылау жоқ, ал агрессия деңгейі жоғарылай түседі. Физикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, ағза әлсіреп, қалжырайды, сусызданады, ұйқы циклі бұзылады, заттекті тұтынудан болатын көп күндік ұйқысыздықтың салдары негізінен бастырылу немесе ұйқы салына әкеліп соқтырады. «Қан нағыз смузиге айналады» – деп менің бір таныс аддиктологым айтады. Алайда ең бір орны толмас орасан зор нұқсан орталық жүйке жүйесіне келтіріледі. Әрі физикалық тұрғыдан сау, жас ағзаны емдеуге болатын болса, психикаға деген әсер қайтарымсыз болуы әбден мүмкін.

 

Енді осы есеп-теңдеудегі барлық берілгенді қосып көрейікші. Егер қолымызда бар мардымсыз деректерді ескерсек, мұнда есірткісіз-ақ онша бақытты емес, күйзеліс пен ұйқысыздыққа ұшыраған, болашағына бола алаңдайтын, әрі өз-өзіне сенімсіз болып келетін адамдар туралы сөз қозғалып отыр. Ал мефедронға деген тәуелділікте олардың соншалықты ұмтылып жүрген ауқаттылығы олар үшін тіптен қол жетпейтін дүниеге айналатыны хақ.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]