Жазда тері тітіркенуінен қалай сақтануға болады: кеңестер - Лайқос

Жазда теріні қажалудан қорғаудың жолы

Бірде белгілі даналық мультфильмдегі бір ебедейсіз кейіпкер былай деп айтқан: «Қай жер босаң болса, сол жер нәзік келеді!», әрі біз онымен толықтай келісеміз. Тері – денеміздің ең ірі мүшесі. Ол адам ағзасын микробтар мен сыртқы әсерлерден қорғап тұрады. Сондықтан оған аса қамқорлықпен қараған жөн, әсіресе жаз мезгілінде бұл жайт ерекше маңызға ие, өйткені бұл кезде күн анағұрлым белсенді болып келеді, ал тері зиян келтіруі мүмкін көптеген материалдар және заттармен жанасады. Киім-кешек, аяқ киім, аксессуарлар, арқақоржындар және, тіпті, фитнес-білезіктер де қызарған жерлер, сүйелдер және сыдырылған жерлердің пайда болуына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Лайқос осыдан аулақ болу және теріңізді қажасаңыз, не істеуге болатыны туралы айтып береді.

Ішкөйлек қауіпті болуы мүмкін

Кейбір адамдар жаз мезгіліне алдын ала дайындала бастайды, ал солай істеп үлгермегендер таза ауада жүгіру арқылы өткізіп алған мүмкіндігінің есесін толтыруға тырысады. Өйткені жүгіру – қала тұрғындарының көбі үшін спорттың ең бір кеңінен таралған түрі. Жүгірумен айналысу үшін фитнес-орталыққа абонемент немесе басқа да қымбат тұратын құрал-жабдықтарды сатып алудың қажеті жоқ, мұнда бар болғаны кростық аяқ киім, келтекей және футболканы кие салып, сыртқа шығу керек. Дәл осы киім желаяқтардың теріге байланысты түйткілдерінің пайда болу көзіне айналуы әбден ықтимал.

Жүгірген кезде ішкөйлектер ер адамдардың емшекұшын қатты қажауы мүмкін. Бұл олардың алыс қашықтықтарға жүгірген кезде болуы ықтимал, әрі футболкалары суланып, кеуіп үлгермей, бірте-бірте қажай бастайды. Әлбетте, бұл терінің тітіркенуін тудырады да, ал сирек жағдайларда, тіпті, қанның ағуына да апарады. Осы тұста спортшыларға құрамында вазелині бар жақпамайлар мен жабыстырғыштардың өндірушілері көмекке келіп отыр. Бірінші құралды кеуде тұсына жаға салсаңыз жеткілікті, ал екінші құралды біріншісі қол астында табылмаған жағдайда қолданылса болады. Осының барлығын да жүгіру басталғанға дейін жасап қойған абзал.

Сонымен қатар жүгірумен айналысу үшін арнайы спорт матасынан тіктірілетін футболкалар мен ішкөйлектер шығарылатынын ескерген жөн. Ол жұмсақ келеді, әрі тез кебеді, сондай-ақ терімен жанасқанда қажалудың пайда болу ықтималдығын барынша төмендете түседі. Сарапшылар жүгіру үшін тігістері мен принттері бар киімді таңдауға кеңес бермейді, өйткені бұл ыңғайсыздық сезімін тудыруы мүмкін.

Аяғым-ай, аяғым

Сонымен бірге желаяқтардың жынысы мен жасына қарамастан, шап аймағы (санның ішкі жағы) мен иық аймағындағы қолдың терісі қажалуы мүмкін. Мұның себебі жүгіруге арналмаған киімді таңдау болуы ықтимал. Келтекей, соның ішінде жағажайға арналғандарын жүгіруге кисеңіз, ол аяқтың терісін оңай қажай алады. Ал бүйірінде тігістері бар ішкөйлектер мен топтар қол терісін қажап тастайды.

Дегенмен аяқтың терісі жүгіру кезінде ғана емес, басқа да уақытта қажалуы бек мүмкін, мұны көйлек киетін қыздар жақсы біледі. Бұл мәселені сұйық тальк арқылы шешуге болады (нақ осы сұйық тальктің көмегімен ғана, өйткені құрғағы жылдам сулануы ықтимал және осы тұста ол өз функцияларын орындауды тоқтатады), не болмаса стик-антиперспирант арқылы (ол ұзаққа дейін сақталады және терінің қанағанша дейін қажалуына жол бермейді), не болмаса бандалеткалар арқылы – бұл көйлек ішіндегі мықынды құтқаратын силикон негізіндегі кең ленталар.

Төсемелі жолмен жалаң аяқ жүру?

Резеңке-шәркей, крокстар, жалпы кез келген ашық жазғы аяқ киім теріні қажап тастауы мүмкін. Жаяу жүруді ұнататын адамдар үшін және күніне 10 мыңнан астам қадам жасайтын жандар үшін де мынадай бір айырықша шешімді падалануға кеңес береміз: шұлық киіңіз – бүгінде оны жазғы ашық аяқ киіммен үйлестіру қайтадан сәнге айналып отыр.

Қолымнан келеді

Киімнің қалталарын ауырлатпау мақсатында адамдардың көбі беліне кішкентай сөмкелерді тағып алады, не болмаса әртүрлі өлшемдегі арқақоржындар мен шоперлерді иығында ұстайды. Дененің ашық жерлерінде осылардың барлығы да теріге байланысты түйткілдерге әкеліп соқтыруы мүмкін. Сөмкелер мен арқақоржындардың иықбауы мен матасының өзі әдетте онша жұмсақ болмайды, нәтижесінде сүйелдер, сырылған жерлер оңай пайда болуы ықтимал, өйткені олар теріні қажайды. Жарақаттардың алдын алу үшін кез келген иықбауларды киімнің үстіне орналастырған абзал, не болмаса оларды стильді бір орамал, бандана, арафаткамен орап тастауға болады.

Бұдан басқа

Фитнес-білезіктердің өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны қашан. Олар жасаған қадамдарымызды санайды, ұйқымызды қадағалайды, тамырдың соғуы және қанның құрамындағы оттегінің деңгейін өлшейді, сонымен бірге олар білектегі терінің тітіркенуінің себебі де бола алады. Осы гаджеттердің кеңінен таралғандығы көптеген маркетплейстерде соларға арналған сан алуан жарқын және ерекше ауыстырмалы баулардың пайда болуына әкелді. Өзіндік стильді қалыптастыруға тырысқандардың көбі осындай баулардың материалдары сапасыз келуі мүмкін, сондай-ақ қызару мен қышуды тудыруы ықтимал екенін ұмытып жатады. Теріңізді қажап алмау үшін репликалардың орнына түпнұсқаларды таңдағаныңыз дұрыс, ал жаз мезгіліне силиконнан жасалған бауды матадан немесе металдан жасалғанына алмастырғаныңыз абзал, сонда теріңіз көбірек дем алатын болады.

Қазір жаздың нағыз қызған кезі. Киім және аяқ-киімнің материалдарын мұқият таңдап, SPF қолданып, өзіңізге және теріңізге күтім жасаңыз.

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 5]