Думскроллингтің зияны: жаңалықтар таспасына үңілуді тоқтатудың жолы қандай?
Көлік апатында 10 адам зардап шеккен, жаңа босанған әйел өзінің нәрестесін даладағы қоғамдық дәретханаға тастап кетті, Алматы әуежайының жаңа терминалы ашылғаннан кейін бір айдан соң су астында қалды. Әрі осы жаңалықтардың барлығын да сіз әлеуметтік желілердің таспасын кезекті рет парақтай отырып, екі минуттың ішінде дерлік біліп алдыңыз.
Қазіргі заманғы әлемде ақпаратқа деген қолжетімділік айтқысыз кең және жылдам бола түскен. Дегенмен бұл әрдайым жақсылықтың нышаны ма? Күллі әлем бойынша миллиардтаған адамдар әлеуметтік желілердегі жағымсыз жаңалықтардың тұтқынында қалып, тіпті, осыған байланысты «думскроллинг» деген жаңа терминді де ойлап тапқан. Лайқос мұндай құбылыстың өмірімізге қалай әсер ететіні және XXI ғасырдың тәуелділігімен күресудің жолы турасында айтып береді.
COVID-19 салдары
Бұл термин алғаш рет 2020 жылдың басында ағылшын тілді бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болған, ол кезде COVID-19 пандемиясы ауруды жұқтырғандар саны туралы ұдайы жаңартылып отырған деректердің тұтынылуын айтарлықтай ұлғайтты. Адамдар шексіз-шетсіз жаңалықтар таспасын айналдыра отырып, уақыттың басым бөлігін ғаламторда өткізе бастайды.
2020 жылдың көктемінде Германияда 6 мың адамның қатысуымен өткен зерттеу жүргізілген. Сол зерттеу көрсеткендей, COVID-19 туралы жаңалықтар мазасыздық сезімін тек арттырып, депрессияның дамуына септігін тигізген. Әсіресе бұл осыған дейін де аталмыш бұзылыстардан зардап шеккендерге қатысты болған: осы адамдарда думскроллинг симптомдарды одан бетер нашарлата түскен.
Неліктен біз жаман жаңалықтарды «ұнатамыз»?
Психология тұрғысынан қарайтын болсақ, думскроллинг ақпаратты, әсіресе, қауіп төндіруі мүмкін ақпаратты алуға деген туа біткен ұмтылысымызбен байланысты болып келеді. Адамның миы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ықтимал қауіптерге әдейі назар аударады.
Бұдан басқа біз жаңа ақпаратты алған сайын миымыз дофаминді бөле отырып, қанағаттанушылық сезімін тудырады. Алайда негативті жаңалықтарды тұрақты түрде оқып отыру күйзеліс пен мазасыздыққа әкеліп соқтырады да, нағыз шырғалаң шеңберге түсіреді.
Айналамызда жақсы ешнәрсе жоқ…
Әлеуметтік желілер мен жаңалықтар порталдары бұл тәуелділікті тек күшейтіп отырады. Осы платформалардың алгоритмдері пайдаланушыларды барынша ұстап қалуға бағытталған, сондықтан олар күшті эмоцияларды тудыратын контентті жиі тықпалайды. Нәтижесінде біз көбінесе мазасыздық пен депрессивті күйді күшейтетін негативке тап боламыз. Есіңізде болсын, Instagram желісіндегі таспаңыз – бұл тура сіздің кескініңіз, әрі сіз сүйкімді мысықтардың суреттеріне неғұрлым көп лайк бассаңыз, қорқынышты жаңалықтарды соғұрлым сирек көретін боласыз.
Бұл өмірімізге қалай нұқсан келтіреді?
Психикалық денсаулық
Тұрақты фондық мазасыздықтың дамуы, эмоционалдық шаршау және депрессияның даму қаупінен бөлек, ұдайы жаман жаңалықтардың эпицентрінде болу катастрофизацияны күйшейтеді екен. Бұл когнитивті қателік, әрі ол ойларымызды ең бір қайғылы және қайтарымсыз нәтижелерге дейін жеткізуге мәжбүрлейді де, әлемді қабылдауымызды бұрмалайды. Мәселен, қандай да бір жерде ұшақ апатқа ұшыраған делік, сол сәттен бастап сіз көліктің бұл түрімен журуге қорқатын болдыңыз, алайда бүгінгі таңда ұшақ ең қауіпсіз көлік түрі ретінде мойындалып отыр.
Физикалық денсаулық
Үнемі болатын созылмалы шаршағандық, ұйқысыздық, жиі болатын түнгі қорқынышты түстер, бастың қатты ауырсынуы – әрі бұл мәселенің тек беткі қабаты ғана. Жаңалықтарды тұрақты түрде оқудан пайда болатын мазасыздық сезімі картизол деңгейін арттыра түседі – бұл күйзелістің гормоны, ал оның ұзақ уақыт әсер етуі гипертония, дене салмағының жоғарылауы, жүрек-қан тамырларының аурулары мен, тіпті, асқазан-ішек жолына байланысты түйткілдерге әкеліп соқтыруы ықтимал: күйзеліс асқорыту жүйесіне ықпал етіп, асқазанның ауырсынуын, іш қату немесе диареяны тудырады. Ас қорытуға қатысты ұзақмерзімді түйткілдер ушыққан ішек синдромы немесе ойық жара ауруы секілді ауыр дерттерге әкелуі мүмкін.
Жеке хикаялар
Думскроллингпен қалай күресуге болады?
Экранның уақытын шектеңіз
Егер жаңалықтарды оқудан толықтай бас тарту әзірге мүмкін болмаса, кез келген жолмен экранның уақытын азайтыңыз: оятқышты қойыңыз, телефоныңызға белгілі бір уақыттан кейін қосымшаларды шектейтін ата-ана бақылауын орнатыңыз, не болмаса жақын адамыңыздан осы мәселені қадағалап отыруын сұраңыз.
Оқу үшін 2-3 ресурсты таңдаңыз
БАҚ мен пабликтердің барлығы да тек негативке ғана ден қоймайды. Олардың көбі мемдер форматындағы жаңалықтарды шығарады немесе тек қана жағымды нәрселерді жариялайды: жаңа технологиялық әзірлемелер, қаладағы жақсартулар, спортшылардың жетістіктері және т.с.с. Әрине, мүлдем жаман жаңалықтарды жарияламайтын ресурсты тауып алу мүмкін емес, дегенмен жарияланымдарын келесідей бөлетін арнаны таңдауға тырысып көріңіз: 80% жақсы жаңалықтар және 20% қапалы жаңалықтар.
Жаңалықтарды саналы тұтынудың маңызы туралы және өз денсаулығыңызға қамқорлық таныту жайында ұмытпағаныңыз абзал. Егер сіз негативті жаңалықтардың өміріңізде үстемдік ете бастағаны мен хал-күйіңізге ықпалын тигізетінін байқасаңыз, психологтың көмегіне жүгінуден жасқанбаңыз.