Сүт безінің қатерлі ісігі жайында сұрақтар мен жауаптар: белгілері, кезеңдері және емделуі - Лайқос

Кеуде обыры туралы жиі қойылатын сұрақтар

Сүт безінің обыры басқа қатерлі ісіктер түрлерінің арасында бірінші орынды иеленіп келеді. Екінші орында – өкпенің қатерлі ісігі (10%), үшінші орында – колоректальды қатерлі ісік (9,3%) орналасқан. 2022 жылы 2,3 млн әйелге кеуде обыры диагнозы қойылған және дәл осы дерт күллі әлем бойынша 670 мың өлімге әкеліп соқтырған. Қазақстандағы жағдай да тура осындай. Онколог-маммолог Анастасия Стригунова  Лайқос үшін кеуде обырына қатысты қандай кеңінен таралған сұрақтардың бар екенін әңгімелеп берді.

Сүт безінің қатерлі ісігі туралы ақпарат өте көп, дегенмен скринингтен өтетін әрбір әйел әрдайым сол баяғы сұрақтарды қойып жатады. Бұл мақалада мен көптеген адамдарды тыныштандырғым келеді және кеуде обыры туралы дақпырттарды жоққа шығаруды жөн көріп отырмын.

№1. Сүт безінің қатерлі ісігі дегеніміз не?

Сүт безінің қатерлі ісігі – бұл қатерлі жаңа түзілім, осы тұста жасушаларда мутацияның салдарынан ісік жасушаларының бақылаусыз бөлінуі, өсуі және айналадағы тіндерге таралуы жүріп жатады.

№2. Кеуде обыры кімде дамуы мүмкін?

Бұл ауру барлық әйелдерде дамуы мүмкін. Дегенмен сүт безінің қатерлі ісігінің даму себептері әлі де зерттеліп жатқанымен, дерттің ықтималдығын арттыра алатын факторлар бар.

  • Жас. Науқастардың шамамен 75% етеккір үзілісінен кейінгі кезеңдегі әйелдер құрайды. Алайда қазір мамандар аурудың кез келген жас шамасында кездесуі мүмкін екенін айтып ексертуде – сүт безінің қатерлі ісігінің жасаруы байқалып келеді.
  • Алғашқы етеккірдің ерте келуі. Жыныстық жетілу 12 жасқа дейін басталған кездегі жағдайлар.
  • Еттекір үзілісінің анағұрлым кеш басталуы. Етеккір үзілісі 55 жастан кейін болған жағдайлар.
  • Ешқашан бала тумаған немесе тұңғыш баласын 30 жастан кейін босанған әйелдер. Бұл жердегі қауіп факторы – бұл емізудің болмауы.
  • Егер осыған дейін кеуде обыры немесе қатерлі ісікке жатпайтын қандай да бір кеуде аурулары болған жағдайда.
  • Жақын туыстың (әжесі, анасы, апасы), әсіресе ерте жасында кеуде обырына шалдыққан жағдайда. Сүт безінің қатерлі ісігіне қатысты жеке немесе отбасылық сыртартқыға ие әйелдер өздерінің қауіп-қатерге ұшырау ықтималдығының қаншалықты жоғары екенін білу мақсатында генетикалық кеңес ала алады.
  • BRCA 1 немесе BRCA 2 секілді гендердің белгілі бір мутацияларының болуы.
  • Гормоналды фактор. Көп жағдайда сүт безінің қатерлі ісігі – бұл гормондарға тәуелді ісік болып келеді. Оның пайда болу қаупі эстрогендердің жоғары концентрациясының ықпал етуі жағдайында арта түседі.
  • Артық салмақ немесе семіздік.
  • Алкогольді тұтыну.
  • Темекі тарту. Шылым шегетін әйелдерде диагноз қойылғаннан кейін асқынулар әлдеқайда жиі кездесіп отырады. Мәселен, тромбоздардың пайда болуы. Егер сіз темекі шегуден бас тарта алмасаңыз, онда әуелі темекіні қыздыруға арналған жүйелер немесе шайналатын темекі секілді шылым тартудың балама нұсқаларының көмегімен зиянды төмендетіп көруге, ал содан кейін темекіні біжолата тастауға да әбден болады.
  • Физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігі.
  • Иондаушы сәулеленудің жоғары деңгейлерінің әсері.
  • Гормоналды толықтырушы емді ұзақ уақыт қабылдау. Бұл жайтты терапияны тағайындаған емдеуші дәрігермен бірге талқылаған абзал.
  • Ер адамдарда да кеуде обыры кездеседі. Бұл өте сирек болады, дегенмен ерлер де бұл дертке шалдығуы әбден мүмкін.
  • Айта кетерлік бір жайт, егер әйелде жоғарыда көрсетілген факторлардың біреуі немесе, тіпті, бірнешеуі болса да, бұл оның міндетті түрде кеуде обырына тап болатынын білдірмейтіні хақ. Сонымен қатар сүт безінің қатерлі ісігі бар көптеген әйелдерде аталмыш қауіп факторларының ешқайсысы да жоқ. Сондықтан скрининг барлық әйелдер үшін маңызды болып саналады.
Темекі тарту сүт безі қатерлі ісігінің дамуына қалай әсер етеді?
Маммолог Анастасия Стригуновамен сұхбат Біз ауруды қоздыратын факторлар туралы, айқын және айқын емес жаман әдеттер,…
https://laikos.kz/kz/densaulyq-bojynsha-kz/temeki-zhane-sut-beziniz/

№3. Кеуде обырының белгілері қандай?

Ең кеңінен таралған белгі – тіннің қалыңдап қатаюы. Ең маңыздысы, кез келген жаңа өзгерісті немесе кеуде тұсындағы тіннің қалыңдап қатайғанын дәрігер тексеруі керек, өйткені кеуде обыры көбінесе ауыртпай өтеді, тек қана кейінгі кезеңдерінде ауырсыну пайда болады.

Дәрігердің тексеруін қажет ететін сүт безі қатерлі ісігінің басқа ықтимал белгілері:

  • Омыраудың немесе оның қандай да бір бөлігінің ісінуі (егер, тіпті, тіннің қалыңдап қатайғаны сезілмесе де)
  • Кеуде терісіндегі өзгерістер немесе кішкене шұңқырлар
  • Омыраудың немесе емшек ұшының ауырсынуы
  • Емшек ұшының ішке қарай тартылуы (яғни, емшек ұшының ішке қарай бұрмалануы)
  • Омырау немесе емшек ұшы терісінің қызаруы, қабыршақтануы немесе қалыңдауы
  • Төстен белгісіз сұйықтықтың бөлінуі (емшек сүтінен басқа)

Кейде қатерлі ісік қолтық астындағы лимфалық түйіндерге таралуы және сол жерде тіннің қалыңдап қатаюы немесе ісінуіне әкеліп соқтыруы да мүмкін, тіпті, омырау тініндегі ісік сезінетіндей, демек айтарлықтай үлкен болуы ықтимал. Сіз дәрігеріңізге лимфалық түйіндердегі кез келген ісіктер жайында хабарлауыңыз керек.

№4. Кеуде обырына шалдығу мүмкіндігін қалай төмендетуге болады?

Сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу тәсілдері бойынша зерттеулер жүргізіліп келеді. Кеуде обырының толықтай алдын алудың белгілі тәсілі болмаса да, қауіпті төмендетудің әдістері баршылық. Оларға келесілер жатады:

  • Алкогольді азырақ мөлшерде тұтыну
  • Темекі шегуден бас тарту (бұл туралы мына жерден оқи аласыз)
  • Физикалық жаттығуларды тұрақты түрде жасау
  • Сау салмақты сақтап отыру
  • Емізу (сәби өмірінің алғашқы жарты жылында тек қана емшек сүтімен емізу және оның 12 айға толуына және бұдан да ұзағырақ уақытқа дейін емізуді жалғастыру)

Тексерулер және скрининг сынамаларынан тұрақты түрде өту сүт безінің қатерлі ісігін ерте кезеңінде анықтай алады, сонда ем шаралары анағұрлым жасқы нәтиже береді. Әйелдің қолынан келетін нәрселерінің ең маңыздысы – бұл жоспарлы кеуде скринингтерінен өтіп отыру және өзін-өзі диагностикалауды ұмытпау.

№5. Қатерлі ісік екінші омырауға таралуы мүмкін бе?

Бұл сүт безінің қатерлі ісігін жеңген емделушілердің жиі қоятын сұрақтарының бірі. Көбінесе рецидив болып жатады, ал кейде қатерлі ісіктің мүлдем жаңа түрі болуы да мүмкін. Қазіргі уақытта нақты айта алмаймыз, зерттеулер әлі де жүргізіліп келеді, бұл мәселе әлі де зерттелуде.

Бүгінде мастэктомия және қатерлі ісікті емдеудің басқа да хирургиялық әдістерден кейін омырауды қалпына келтіру саласында қолжеткізілген көптеген жетістіктер белгілі. Барған сайын әйелдер омырауын сақтап қалуға жағдай туғызатын оталарды жасау мүмкіндігіне ие болуда. Мастэктомиядан шынымен өтуге тиіс әйелдер үшін біз ота жасаудың көбірек нұсқаларын ұсынып отырмыз. Кейбір емделушілерге мастэктомия барысында емшек ұшы мен ареола кешенін сақтап қалу мүмкіншілігі бар, сондықтан олардың қалпына келтірілген омырауы қалыпты тері мен өзінің қалыпты емшек ұшы мен ареола кешеніне ие.

Қорытындылай келе мынадай бір жайтты айтқым келеді: аталмыш ауру мен осы диагноздан қорқудың еш керегі жоқ, тұрақты түрде маманның қабылдауына барған және салауатты өмір салтын ұстанған жағдайда сүт безінің қатерлі ісігінің пайда болу қаупі төмен болып келеді. Тексерулерден ұдайы өтіп отыру, әрі скринингтік бағдарламалар бұл дертті ең ерте кезеңдерінде анықтауға септігін тигізеді және дерттен толықтай айығып кетіп, қалпына келудің жоғары пайызын беретін кешенді емдеуді жүргізуге жағдай туғызады.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]