Темекі шегуден бас тарту – бұл не, қалай және неге
Осыған дейін темекі шегіп көрген кез келген адам бір рет болса да, шылымнан бас тартуға тырысқан. Бас тарту кезеңінде әрбір шылымқұмар, саналы түрде немесе санасыз болсын, дегенмен никотиндік тәуелділіктен арылғаннан кейінгі өмірінде ие болатын басымдылықтары мен пайдасын іздеу және оларды есіне түсіруге талпынады. Лайқос жобасы дәрігер-терапевт Алмагүл Ержекеновамен бірге темекі шегуден бас тарту барысы мен осы әдеттен құтылғаннан кейін ағзада болатын жақсы өзгерістердің дәлелдерін жинастырды.
Біз неге темекі тартамыз
Фармакология тұрғысынан қарайтын болсақ, никотин – бұл психикалық белсенді зат, яғни, ол көңіл-күй мен хал-жайға ықпал ету қасиетіне ие болып келеді. Темекі тарту ләззатқа бөлейді және қанағат сезімін береді, эмоционалдық сергектікті тудырады, зейінді арттырады, аштық сезімін басады және жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын белсендіре түседі.
Кейбір психологтардың пайымдауынша, темекі тарту ана мен бала арасындағы жақындықты еске түсіріп, қауіпсіздік сезімін, сонымен бірге басқа шылымқұмарлармен араласу арқылы әлеуметтік тұрғыдан қабылдау сезімін береді. Психосоматика жақтаушыларының айтуынша, шылым шегу байлық, табысқа жету, тұрақтылық пен махаббатқа деген қажеттілікті қанағаттандырудың бұрмаланған тәсілі болып келеді, әрі бұл өз өмірі үшін жалған бақылау сезімін тудырады. Сонымен қатар олар белсенді түрде дем тарту мен дем шығару үдерісін адамның кез келген қарым-қатынастарының негізінде жататын алу және беру сияқты табиғи қажеттіліктерімен байланыстырады. Кейбір шылымқұмарлар үшін темекі тарту жорасы – бұл ерекше бір сылтаусыз-ақ өзіне демалуға уақыт бөлу немесе қазіргі түйткілдерден құтылудың тәсілі болып отыр.
Дегенмен осы кезде психологиялық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ физиологиялық компонентпен де шартталған темекі тәуелділігінің қалыптасатынын қаперіңізден шығармаған абзал. Сондықтан кенет, бір сәтте темекі шегуден бас тарту қиынға соғып жатады. Осы тұста көмектесе алатын шара ретінде темекіні қыздыруға арналған жүйелерді қолдануға болады. Бұл ағза үшін зиянды төмендетуге мүмкіндік береді: кәдімгі темекі 1000°C дейін қыздырылады да, құрамында көптеген уытты заттектері мен канцерогендері бар түтін шығарылады. Әдетте шылым шегумен байланыстырылатын көптеген аурулар, соның ішінде қатерлі ісік, инсульт, инфаркт – никотиннен емес, дәл осы түтіннің салдарынан пайда болады. Түтін шығармайтын құрылғылар уытты әсерден аулақ болуға жағдай туғызады: мұндағы темекі небәрі 350°C дейін ғана қыздырылады, әрі түтіннің орнына аэрозоль бөлінеді. Соңғы зерттеулердің мәліметтеріне сүйенсек, қарапайым темекінің түтінімен салыстырғанда аэрозольдің құрамындағы зиянды заттектер 95% азырақ.
Никотин ағзаға қалай әсер етеді
Өкпе альвеолаларының айналасындағы ұсақ тамырлар арқылы никотин қанға сіңіп кеткен соң – ол небәрі 7-10 секунд өткеннен кейін миға дейін жетеді. Ол мидың ішінде жүйке жасушаларының никотиндік рецепторларымен байланысқа түседі. Осы тұста никотин жүйке белгілерінің таратқышы ретінде жұмыс істейді, әрі рецепторларды қуаныш гормондары, не болмаса табиғи стимуляторлар: дофамин, серотонин, глутамат, гамма-амин май қышқылын бөліп шығаруға мәжбүрлейді. Дәл осы мезетте норадреналин мен кортизол – күйзеліс гормондарының шығарылуы артады, сондықтан никотин – күйзеліске қарсы күрестің нашар құралы болып саналады.
Сонымен қатар темекінің никотинмен бірге адам ағзасына көптеген уландырғыш заттарды әкелетінін есте сақтаған жөн – темекінің түтінінде олардың саны 7 мыңнан асып түседі. Темекіні қыздыруға арналған жүйелерді қолданған кезде ағзаға зиянды заттектердің саны анағұрлым аз мөлшерде түседі, бәлкім, әлдебіреу үшін никотинді алудың балама тәсілдері ағзаның қалпына келуі мен темекі шегуден біржолата бас тарту жолындағы алғашқы қадам болуы да әбден мүмкін.
Никотин метаболизмді қалай өзгертеді
Орталық жүйке жүйесінде никотиннің әсерінен оның мөлшеріне деген бейімделу үдерісі жүріп жатады. Бұл үдеріс ми тарапынан бақыланбайтындықтан, уақыт өте келе рецепторлар никотинге қатысты өз сезімталдығын жоғалтады. Осының нәтижесінде кезекті темекіні тартуға деген ұмтылыс айтарлықтай күшейе түседі – рецепторлар өзінің тұрақтылығынан айырылады. Осылайша физикалық тәуелділік қалыптасады. Сол алғашқы әсерді қайталау үшін шылымқұмарға никотиннің мөлшерін ұлғайтуға тура келеді. Бұл жерде ләззат алу туралы тіптен сөз қозғалып отырған жоқ – адам өзін қалыпты сезінуі үшін ғана никотиннің бастапқы дозасын қажет етеді. Никотин алмасу аз мөлшердегі энергияны талап етеді – бір темекіге небәрі 20 калория қажет, алайда сонымен бірге бұл ағзаның қоректік заттарды сіңіру қабілетін нашарлатады екен.
Шылым шегуден бас тарту – темекіні тастасаңыз, не болмақ
Ми, жүрек және жалпы ағза тіндерінің гипоксиясының тұрақты жалғасуы оттегіні қажетсінетін жасушаларды «тонайды». Шылым шегуден бас тарту оң нәтижелерге айтарлықтай жылдам әкеледі.
Темекіні тастаған соң шамамен 8 сағаттан кейін қан құрамындағы тұншықтырғыш газдың концентрациясы екі есе азаяды, сондықтан тыныс алу әлдеқайда жеңілірек бола түседі. Тұншықтырғыш газ 24 сағаттан кейін ағзадан толығымен шығады, жасушалар мен бүкіл ағзаның жұмыс істеуі оңайырақ болады. Ұйқы жақсарады, ал өнімділік артады, басыңыз тезірек жұмыс істей бастайды.
48 сағаттан кейін никотин адам ағзасынан толығымен шығарылады – бұл дәм мен иіс сезудің жақсаруын сыйлайды. 2-4 аптадан кейін бірте-бірте никотинге деген тәуелділік төмендей түседі, жалпы хал-жағдай, қуат деңгейі мен көңіл-күй айтарлықтай жақсарады.
3 айдан кейін тіндер мен жүректің өзіндегі қан айналым анағұрлым тиімді бола түседі, өйткені күйзеліс гормондары қан тамырларына «шабуыл» жасамайды және олар жанатын темекінің зиянды заттектерінен болатын жалпы уланудан кейін қалпына келеді.
4-6 ай өткен соң тыныс алу жүйесі толықтай қалпына келтіріледі, ал өкпенің атқарымдық резервтері 30% артады. Ғалымдар сендіріп отырғандай, бір жылдан бастап бес жылға дейінгі аралықтан кейін миокард инфарктісінің даму қаупі екі есе төмендейді.
Қайтару нышанаты
Никотиннен бас тарту қайтару нышанатымен (тартыным нышанатымен) бірге жүруі мүмкін. Көбіне-көп дәл осы себептен темекіні тастағысы келетін адамдар шылым шегуге қайта оралады. Клиникалық мамандар шылымқұмардың темекіден бас тартқан кезінде тап болатын жайттарының бірқатары туралы жазуд: бұл никотинге деген аса қатты ұмтылыс, мазасыздық, жабырқаңқы көңіл, зейін қоя алмау түйткілі, ашуланшақтық, тынышсыздық, ұйқысыздық, аштық сезімі, жөтел, бастың ауырсынуы, асқазан-ішек жолы жұмысы мен ұйқының бұзылуы. Дегенмен 2-4 апта өткен соң адамдардың көбінде бұл белгілердің кейін шегіне бастайтыны қуантады. 3-5 кг секілді кішкене артық салмақ қосу көптеген шылымқұмарларды қорқытады, алайда шын мәнісінде бұл адам денсаулығының қалпына келтіріле басталғанының жай ғана көрсеткіші болып келеді.
Темекі тарту және никотин адамның физиологиясында және, тіпті, оның жеке тұлғасында түзелмейтін өзгерістерге әкеліп соқтырады. Сондықтан әрбір шылымқұмар шыдамдылық танытып, сары уайымға салынбай, барлық қолжетімді тәсілдерді қолданып көруі керек. Ақпарат беру – осындай тәсілдердің бірі, әрі осы тұста біздің сайтымыз көмекке келеді. Темекіні тастау – оңай шаруа емес, дегенмен үдерістің қалай өтіп жататыны сізге белгілі болса, мұны істеу әлдеқайда жеңіл болмақ.