Пассивті темекі тарту: неліктен ол да өкпе обырын қоздырады және осыған жол бермеудің амалы қандай
Егер сіз темекі тартпасаңыз, бұл қауіпсіздікте екеніңізді білдірмейді. Пассивті темекі тарту кәдімгі шылым шегу секілді денсаулық үшін қауіпті болып келеді. 1 санаттағы дәрігер-пульмонолог және торакалды хирург Бекдәулет Әкімниязова Лайқос жобасына пассивті шылым шегудің не екендігі мен одан болатын жанама әсерлер туралы айтып берді. Сонымен бірге маман барлық жағымсыз салдардан аулақ болудың жолы жайында кеңестерімен бөлісті.
Пассивті темекі тарту, немесе екіншілік темекі тарту, – бұл адамдардың шылым шеккен адамның қасында тұрып, ауамен бірге темекі түтінін деммен жұтуы. Сонымен қатар «үшіншілік темекі тарту» деген де түсінік баршылық – бұл темекі түтініндегі зиянды заттектердің жиһаздың бетіне, киім немесе бөлме қабырғаларына шөгіп қалуы мен сол жерде бірнеше сағатқа дейін сақталуы. Осындай беттерге жанасқан кезде адам осы заттектерді теріге тасымалдауы мүмкін, ал содан кейін олар ағзаға түседі, мәселен, көз немесе ауыз арқылы, әрі бұл денсулыққа байланысты түйткілдерді туғызуы әбден ықтимал. Осының барлығы біртүрлі естілгенімен, алайда ғылыми зерттеулер мұндай қауіптің бар екенін растап отыр.
Пассивті шылым шегуден болатын залал темекі тартатын адамның өзіне келтірілетін зияннан кем түспейді. Темекі түтінінің қауіпсіз мөлшері болмайды – онымен кез келген байланыс зиянды болып саналады. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың жалғыз жолы – темекі шегуден біржолата бас тарту.
Адам темекі тартқан кезде темекі түтінінің шамамен жартысы дерлік ауада қалып қояды, осылайша айналадағы адамдар үшін қауіп-қатер пайда болады. Пассивті шылымқұмарлар да тура темекі тартатын адам секілді сол уытты заттектердің ықпалына ұшырайды. Бір ғана темекінің түтінінде 4000 бастап 7000 асып түсетін химиялық заттектер бар, соның ішінде 69 белгілі канцероген мен 250 уытты компонент кездеседі. Айта кетсек, екіншілік түтін бұдан да қауіпті болып келеді: мұндағы зиянды заттардың концентрациясы бірнеше есе жоғары, ал ұсақ бөлшектер адам ағзасына әлдеқайда жеңілірек енеді екен.
Сонымен бірге көбіне-көп шылымқұмар үшін зиянды әдеттен бас тарту қиынға соғып жатады. Бұл жерде темекіні қыздыруға арналған жүйелер (ТҚЖ) көмекке келе алады: олар кәдімгі темекімен салыстырғанда зиян келтіретін түтінді түзбейді. ТҚЖ аэрозоліндегі уытты заттектердің деңгейі темекі түтініне қарағанда 95%-ға төменірек болады. Бұл дегеніміз олар шылымқұмарлардың өз денсаулығына да, айналадағылардың денсаулығына да тигізетін залалды азайтуға көмектеседі.
Пассивті темекі тарту өкпе обыры мен басқа ауруларды қалайша қоздырады
Екіншілік түтінді деммен бірге жұтқан кезде өкпенің қатерлі ісігінің даму механизмдері тура шылымқұмарлардың өзінде болатын механизмдерге ұқсас келеді. Пассивті темекі тартуға душар болған адамдардың зәрінде шылымқұмарларда табылған канцерогендер метаболиттерінің бар екендігі анықталған. Темекі түтінінің ең бір зиянды компоненті – бұл диметилнитрозамин, әрі ол күшті канцероген болып саналады. Бензопирен – түтіннің құрамында кездесетін тағы бір заттек, ол қатерлі ісіктердің дамуына септігін тигізеді. Оның екіншілік түтіндегі концентрациясы негізгісіне қарағанда 50-100 есе жоғары.
Темекі түтіні қышқылдандыратын үдерісті тудырады, әрі бұл тыныс алу жолдарының зақымдалуына әкеліп соқтырады. Альдегидтер мен оттегінің белсенді пішіндері секілді химиялық заттектер өкпенің созылмалы қабынуын тудырады. Түтін белсенді және пассивті темекі тарту кезінде тыныс алу жолдарының беттеріне түседі де, желдету жүйелері оның әсерінен тиімді түрде қорғай алмайды. Оған қоса жылыту және желдету жүйелері түтіннің ұсақ бөлшектерін бүкіл ғимарат бойынша таратуы бек мүмкін. Адамдардың екіншілік түтінге душар болатын негізгі орындар – бұл үйлер, кеңселер, мейрамханалар, барлар мен, тіпті, көліктің іші.
Химиялық заттектерден басқа, темекі түтінінің жанама ағымының құрамында шылымқұмардың тыныс алу мүшелерінен шығатын биологиялық материалдар да кездеседі, соның ішінде ауруларды қоздыруы ықтимал микроағзалар да бар.
Пассивті темекі тарту: өзіңізді қалай қорғай аласыз
Жалғыз өлшемшарт – жеке шекараны айқын әрі анық түсіну және құру, әрі оны бұзуға болмайтынын білу. Бұл нені білдіреді?
- Өз үйіңізде темекі тартуға рұқсат бермеңіз.
- Кеңседе (үй-жайдың ішінде) темекі тартуға жол бермеңіз.
- Өз көлігіңізде темекі тартуға рұқсат бермеңіз.
- Балалардың қасында темекі тартуға тыйым салыңыз.
- Күн сайын бірнеше рет пәтер/кеңсенің ішін желдетіп отырыңыз.
- Қоғамдық немесе адамдар көп жиналатын жерлерде – шылым шегуге болмайтын залдарға барыңыз және темекі тартатын адамдарға жоламаңыз.
- Тұрмыстық жағдайда – мәжбүрлі желдетуді орнатып алыңыз: ауа сорғыштың шахтасы, терезе желдеткіші.
- Қажет болған жағдайда сапалы ауаға деген құқығыңызды сот арқылы қорғаңыз, бұл ҚР ӘҚБтК-ның 441 бабымен көзделген: тиісті емес жерде темекі тартқаны үшін – айыппұл 15 АЕК-ті құрайды, ал бір жыл ішінде осы бапты қайта бұзғаны үшін – 20 АЕК айыппұл қарастырылған.
Пассивті темекі тартудың тыныс алу жүйесіне әсерінің нәтижесі мұндай ықпалдан кейін бірнеше онжылдықтар өткеннен кейін де клиникалық тұрғыдан көрініс табуы әбден мүмкін, әрі осынау ұзақ уақыт аралығында оның ауқымын бағалау қиын. Дегенмен мынадай жайттар белгіленген:
- Пассивті темекі тарту өкпенің жиі және созылмалы инфекцияларын тудыратын муковисцидозға шалдыққан адамдардың жағдайын нашарлата алады.
- Егер адам жұмыста ұдайы түтіндетілген кеңістіктің ішінде отырса, онда оның созылмалы бронхитпен ауырып қалу қаупі үш есе артады.
- Пассивті шылымқұмарлар пневмококк инфекциясына 70%-ға жиірек ұшырайды.
- Екіншілік түтінді деммен бірге жұтатын адамдар өкпе мен бронх ауруларынан жиірек зардап шегеді. Темекі түтіні тыныс алу жолдарының шырышты қабатының белсенділігін төмендетіп, бронхтардың табиғи тазартылуын бұзады. Осының салдарынан демікпеге шалдығу қаупі 21%-ға арта түседі, ал демікпеге шалдыққандардың жағдайын одан бетер нашарлатып жіберуі ықтимал, өйткені олардың тыныс алу жолдары түтінді ерекше сезеді.
- Пассивті темекі тарту синуситтің пайда болу қаупінің жоғары келуімен байланысты болады.
- Пассивті шылым шегу мен туберкулез арасындағы байланыс туралы жүргізілген зерттеулер аз болғанымен, олар темекі тартатын адамдардың отбасы мүшелерінің туберкулезді жұқтырып алу тәуекелі жоғары келетінін көрсетіп отыр. Ата-анасы темекі тартатын отбасыдан шыққан балалардың туберкулезге шалдығу қаупі үш есе жоғары.
Естеріңізге сала кетсем: темекі түтінінің минималды мөлшері болмайды, сондықтан өзіңізді және жақын адамдарыңызды қорғаудың жалғыз тәсілі – темекі шегуден арылу.