Қазақстандық мәдениеттегі дастархан басындағы этикет
Қазақстанда дастархан басындағы дәстүрлі әдеп нормалары уақыт өте келе қатаң сақталмайтын болғанымен де, мынадай бір жайт өзгеріссіз қалуда – бұл қазақ халқының қонақжайлылығы. Осы бір асыл қасиет әрбір кездесудің негізі болған және солай қала бермек. Қазақстанда дастархан басындағы мінез-құлық ережелерінің қыр-сыры туралы не білеміз және қазіргі заманғы әлемде осы әдет-ғұрыптарды қаншалықты мұқият сақтап жүрміз? Бұл туралы Лайқос айтып береді.
Қазақтың дастархан дәстүрі
Қазақ халқы үшін ас қабылдау – бұл қарапайым физикалық қажеттілікті қанағаттандыру ғана емес, бұл береке мен бірлікті нығайтатын және ата-бабаларымызға, келген қонағымызға және ғасырлар бойғы дәстүрімізге деген құрметімізді көрсететін маңызды әлеуметтік жосын-жоралғы. Қонақ келгенде үй иесі жылы жүзбен қарсы алып, есікті өзі ашып, үйге кіргізеді. Әрбір қонақпен бірге шаңыраққа құт, ырыс келеді деп саналады, тіпті, «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз де бар.
Қонақтар салтанатты дастарханның басына шақырылады, бұл өте маңызды жайт: осы тұста үйдің иесі тамақтан дәм татуды ғана ұсынбайды, сонымен бірге өзінің құрметін көрсетіп, асты келген қонағымен бөлісіп, бас қосып отырып, бірге ішуге деген ниетін білдіреді. Қонақтарды дастарханның төріне отырғызады, бұл кіреберіске қарама-қарсы бөлменің жоғарғы жақ бөлігінің дәл ортасындағы орын. Дәстүрлі киіз үйде де «төр» деп аталатын орын үйдің ең құрметті әрі сыйлы орны, ол есікке қарама-қарсы бетте орналасқан.
Мейманға ас-дәм беру қонақжайлылықтың негізгі белгісі. Отбасы ауқатты болмаса да, қонақ келгенде, оған деген ілтипаттың белгісі ретінде берекелі дастархан жайылып, табақ тартылып, алдына тәтті-дәмдінің барлығы қойылады, соның ішінде, әсіресе, шаруаға пысық әйелдің қамырмен жұмыс істей алуының арқасында дастарханда әрдайым молшылық болады.
Тағамдарды ұсыну
Қазақ халқының дастархан дәстүріндегі тағамдарды ұсыну реттілігі ерекше мәнге ие. Ас берер алдында жасы кіші адамның бірі құман мен леген алып, қонақтың қолына су құяды. Дастарханға ең әуелі қарапайым тағамдар, ал кейіннен бірте-бірте таңдаулы астар қойылады. Дәстүрлі түрде бірінші сүт қосылған шай беріледі, бұл сыйластық пен қонақ күтудің бір белгісі болып саналады. Содан кейін мейманның алдына әртүрлі тіскебасарлар қойылады, соның ішінде қазақ халқының бұрынғы көшпелі өмір салтын бейнелейтін бауырсақ, құрт және басқа да дәмтатымдар ұсынылады.
Әрбір қазақтың сүйікті және басты тағамы – қазақша ет – ол кез келген дастарханның сәні болып саналған. Әдетте ет бөлінбей, үлкен кесегімен тартылады. Дәстүр бойынша үй иесі ең қадірлі қонағына бас табақты тартады, ерекше әдіспен әзірленген қойдың басын табаққа салып әкеліп тарту қонаққа жасаған құрметтің белгісі. Малдың басын сыбағалы, сыйлы мүше ретінде тарту ежелгі наным-сенімдерге байланысты жасы үлкен, сыйлы қонаққа немесе мәртебесі жоғары адамға көрсетілген ілтипат болып келеді. Үй иелері нақ осы адамға қойдың басын тартуы дастархан басындағы отырыстың «шарықтау шегі» десек те болады.
Бас тартылған адам оны өзі ғана жемейді, бастың оң жақ езуі құйқасынан бастап кесіп алдымен өзі ауыз тиіп, қасында отырған табақтастарына құйқадан жағалай ауыз тигізеді. Бұл жора келесі ғұрыптарды қатаң сақтаумен бірге жүреді:
- Әдетте үлкендердің сөзін тыңда деп құлағын сол үйдің баласына береді.
- «Көреген болсын, əділ болсын» деген ниетпен бастың екі көзін жас адамға жегізеді. Екі көзді бір адамға ғана береді, өйткені екі көзді екі адамға берсе, алакөз болады деп саналған.
- Тілді сөзге шебер болсын деген баланың алақанына ұрып береді.
- Жақты даналықты бағалайтын әрі ісі мен сөзі сәйкес келетін адамдарға береді.
Осылайша ежелден келе жатқан бас тарту рәсімінің мағынасы тереңде жатыр, әрі бұл дастархан басында ерекше мән берілетін, елді бірлікке ұйытатын рәсім.
Қазақтың дастархан басындағы дәстүрі мен әдет-ғұрпы
Дастарханға отырған кезде қонаққа келген ақсақал немесе үй иесі міндетті түрде асқа бата береді – мұның мағынасы алғыс айту, дастархан басындағыларға ақ ниет, тілек білдіру болып келеді. Бата берілген соң ас қабылдауды бастауға болады, бұл заманауи тамақ қабылдауды қазақ халқының рухани және дәстүрлі дүниелерімен байланыстырып отырады.
Тағы бір маңызды әдет-ғұрып ретінде шайдан бұрын қонаққа сусын, соның ішінде қымыз беріледі. Қымыз – бұл биенің сүтінен дайындалатын денсаулық үшін пайдасы зор сусын. Қымыз ұлттық қадірлі сусын ретінде бағаланады, әрі ағарғанның мол болуы молшылық пен тоқшылықтың белгісі саналады.
Дастархан басында нені істеуге болмайды
Басты тыйымдардың бірі – тамақты үлкен кісілерден бұрын бастау, сол секілді дастарханнан тұрып кету: бұл надандықтың, жасы үлкен, жолы үлкендерге деген қадірлемеушіліктің белгісі. Сонымен бірге ұсынылған тағамдардан бас тарту дастархан әдебін сақтамаған болып саналады, яғни, бұл қонақ күтіп, жанын салған үй иесін ренжітуі мүмкін.
Бір таңқаларлығы – қазақтардың той-томалаққа кешігіп келуі туралы әзіл-қалжыңдарға қарамастан, осыдан бірнеше ғасыр бұрын қонаққа себепсіз кешігіп келу өрескел қылық болып есептелген. Бәлкім, кейбір дәстүрлерімізге қайта оралғанымыз жақсы шығар.
Қазақ халқының бай мәдени мұрасын сақтап қалу және кейінгі ұрпаққа табыстау үшін осы дәстүрлерді құрметтеп, күнделікті өмірде қолданғанымыз абзал.