Қазақ үйлену тойы: қазақтардың үйлену рәсімдері және қонақтарға арналған мінез-құлық ережелері - Лайқос

Сізді тойға шақырды: нені білу керек, не кию керек және не сыйлаған дұрыс?

Той – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алатын салт-дәстүр. Қазақтар үшін той ұлттың бірлігі мен берекесін сақтайтын, жақындары мен туыстары бас қосатын үлкен оқиға. Ол тек мереке ғана емес, қоғамдағы өзара байланысты нығайту, ортақ құндылықтарды сақтау мен ұрпақтан ұрпаққа жеткізу құралы ретінде де үлкен рөл атқарады. Бұл мақалада тойдың маңызы мен мәні, дәстүрлердің орындалу реті, құндылығы туралы сөз қозғаймыз.

Әрбір қонақ тойға барып, той иелерін қолдап, олардың қуанышына ортақтасады. Той өткізу – байлық пен мәртебенің көрсеткіші ғана емес, ата-аналардың балаларын өсіріп, елдің ақ батасын алуы, дәстүрлі құндылықтардың сақталуының нышаны. Әрбір той рәсімі ғасырлар бойы қалыптасып, халықтың тұрмыс-салтынан ерекше орын алған. Құда түсу, сырға салу, қыз ұзату, беташар сияқты дәстүрлердің әрқайсысының өзіндік мәні бар. Қазақтың негізгі той дәстүрлері мен олардың ерекшеліктері туралы жеке-жеке тоқталып өтейік.

Құда түсу

Екі жас отау құрмас бұрын жігіт жақ қыз жаққа құда түседі. Құда түсу – болашақ құдалардың туыстық қарым-қатынас орнатуға деген алғашқы қадамы. Бұл рәсімде жігіттің туыстары қыздың ата-анасына барып, құда болуға ұсыныс жасайды. Ең әуелі жігіт жақ қыздың отбасы туралы толық мәлімет жинайды. Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспайтындықтан, бұл мәселе айырықша қаралады. Қыздың әкесі жігіт жақтың ұсынысын қабылдаса, екі жақ келісім жасап, ресми түрде құда болып танылады. Құда түсу кезінде арнайы сыйлықтар беріледі, оның ішінде қалың малдың мөлшері де белгіленеді.

Сырға салу

Сырға салу – болашақ келінге сырға тағу арқылы оның қалыңдық екенін жариялау рәсімі. Осы дәстүр қыздың тағдырын ресми түрде жігітпен байланыстырудың белгісі ретінде атқарылады. Жігіттің жеңгесі қалыңдыққа сырға тағып, енді бұл оның бір үйдің келіні екенін білдіреді. Сырға салу рәсімінен кейін қыздың отбасында арнайы дастарқан жайылып, екі жақтың туыстары бір-бірімен жақынырақ танысады.

Ана сүті

Ана сүті деп қызды тәрбиелеген ата-анаға ризашылық ретінде жігіт жақтың арнайы тарту-таралғы жасауын айтады. Қыздың ата-анасына, әсіресе анасына алғыс білдіру мақсатында сый-сияпат (көбінесе мал, киім-кешек, ақшалай тарту) жасалады. Ана сүті қыздың тәрбиесіне жұмсалған еңбекті бағалаудың көрінісі, ата-ананың еңбегін құрметтеп, абыройын асқақтату дәстүрі. Бұл келіннің жаңа отбасына дұрыс қадаммен кіруінің маңызды белгісі.

Қалың мал

Қалың мал – қазақ халқының салт-дәстүрінде маңызды орын алатын, қалыңдықтың отбасына күйеу жігіт жақтан берілетін материалдық сый-сияпат. Мұны екі жақтың құдаласуын және болашақ қарым-қатынастың берік болуын білдіретін символ деп қарастыруға болады. Қалың мал есебінде төрт түлік мал (түйе, жылқы, ірі қара, қой) беретін болған. Оның нақты мөлшері әр өңірде әртүрлі болған және әлеуметтік жағдайға, отбасының мәртебесіне, қалыңдықтың жасына және оның отбасындағы рөліне байланысты өзгеріп отырған. Әдетте, 40-100 қой, 7-10 жылқы, 1 түйе немесе 10-15 ірі қара мал берілген. Сонымен бірге бай немесе беделді әулеттің қызына берілетін қалың мал әлдеқайда жоғары болған екен. Бүгінде қалың малдың мөлшері ақшалай белгіленеді. Орташа есеппен ол 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін, бірақ бұл сома аймақтық және отбасылық келісімдерге байланысты. Қазіргі уақытта бұл дәстүр заман талабына сай өзгергенімен, оның тәрбиелік және рухани мәні сақталып отыр.

Қыз ұзату

Қыз ұзату – қазақ халқының ең көне әрі маңызды салт-дәстүрлерінің бірі. Бұл рәсім қызды туған үйінен шығарып, қалыңдық ретінде күйеуінің отбасына аттандыруды білдіреді. Қыздың ата-анасы жақын туыстарын, ауыл-аймағын шақырып, қоштасу тойын өткізеді. Отбасы мен ел-жұрты ақ жол тілеп, жаңа өмірде сәттілік тілейді. Қыз ұзату арқылы екі отбасы құдандалық қарым-қатынас орнатады.

Жасау

Қыз ұзату рәсімінде қыздың жасауын күйеуінің үйіне жіберу дәстүрі де орындалады. Жасау – қалыңдықтың жаңа өмірде қолданатын тұрмыстық заттары мен киімдері. Соның ішінде төсек-орын: көрпе-жастық, төсек жабдықтары; ас үй жабдықтары: қазан, табақ, ыдыс-аяқ; киім-кешек: қыздың күнделікті және мерекелік киімдері. Сонымен бірге жиһаз да бар: сандық, кілем, төсек-орын гарнитуры. Бұл дәстүр қыздың анасы мен туыстарының оның жаңа өміріне дайындығы мен қолдауын білдіреді. Жасауды дайындау – ата-ананың қызына деген қамқорлығы мен махаббатының белгісі.

Жар-жар айту

Жар-жар – қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-салт жырларының бірі, той кезінде айтылатын ерекше өлең-жыр. Осы дәстүр көбінесе қыз ұзату тойында орындалады. Бұл – ән арқылы келіннің туған үйімен қоштасуы және жаңа өмірге қадам басуын бейнелейді. Әдетте қыздар мен жігіттер екі жақ болып айтысады. Қыздың құрбылары қызға өзінің туған жерін, жақындарын еске салып, өлең жолдарын айтады. Жігіт жақтың өкілдері қызға жаңа үйде оны үлкен қуаныш күтіп тұрғанын жеткізіп, жауап қайырады. Жар-жар айту қыздың туған елінен кетуін жеңілдетіп, жаңа ортаға бейімделуіне рухани қолдау көрсетеді. Оның арқасында қалыңдық жаңа өмірге сенімді қадам жасап, өткенмен қоштасып, болашаққа үмітпен қарайды.

Келін түсіру және беташар

Келін түсіру деп қалыңдықты жаңа отбасына қабылдау рәсімін айтамыз. Оның ең маңызды бөлігі – беташар. Жігіт жақ келінді құрметпен қарсы алып, арнайы дастарқан жаяды. Келіннің бетін ашу арқылы оны жаңа туыстарымен таныстырады. Ән мен өлең арқылы туыстардың есімдері аталып, келінге оларға қалай құрмет көрсету керектігі айтылады. Беташар мен келін түсіру дәстүрі отбасының берекесін сақтауға, жаңа туыстармен қарым-қатынас орнатуға бағытталған.

Тойға қандай киім кию керек?

Киім тойдың сәнін келтіретін элементтердің бірі болғандықтан, қазақтар тойға ерекше дайындалады. Заманауи тойларда көбінесе классикалық киім үлгілері таңдалады, алайда ұлттық нақыштағы киімдер де ерекше мәнге ие. Әйелдер үшін сәнді көйлектердің бірнеше түрі ұсынылады: ұзын және орташа ұзындықтағы кешкі көйлектер, қазақы нақыштағы камзолдар немесе әдемі оюлармен өрнектелген көйлектер де жарайды. Ерлер көбіне классикалық үлгіде киінеді. Тойға киетін киімнің түсі ашық болғаны дұрыс, бірақ ақ көйлек қалыңдыққа арналғандықтан, қонақтар ақ түсті көп кимеуге тырысады.

Не сыйлау керек?

Тойға сыйлық таңдау кезінде екі негізгі нұсқа бар: ақшалай немесе арнайы зат түріндегі сыйлық. Қазір көп жерде адамдар ақшалай сыйлық бергенді құп көреді. Себебі бұл қалыңдық пен күйеу жігіттің той шығындарын жабуға немесе болашақ өмірлеріне қажетті қаражат жинауға көмектеседі. Әдетте, қонақтар ақшалай сыйлықты конвертке салып табыстайды. Ал кейбіреулер, мысалы, тұрмыстық техника, әшекейлер немесе үйге қажетті заттарды тарту етеді. Егер той иесі жақын туысыңыз, не досыңыз болса, оған ерекше әрі символикалық мағынасы бар сыйлық беруге болады. Сыйлық таңдауда ең бастысы – оның мән-мағынасын ескеру. Сонымен бірге той иесінің қалауын, отбасылық жағдайын және қажеттіліктерін ескерген жөн.

P.S. Әрбір салт-дәстүрдің түпкі мәні отбасының беріктігін, туыстық байланыстарды нығайтуды және ұрпаққа өнеге көрсетуді көздейді. Құда түсу, қыз ұзату, жар-жар айту сияқты ғұрыптар ұлтымыздың бай тарихы мен ұлттық болмысын айшықтап, жаңа өмірге қадам басқан жастарға жол көрсетеді.

Как вы оцените статью?
[Total: 1 Average: 5]