Қыста қандай дәрумендерді ішу керек: иммунитетті сақтауға арналған кеңестер

Қыста сергек жүру үшін: дәрумендер мен денсаулықты нығайту турасында

Жарық күннің қысқаруы, төмен температуралар мен мерекелік тағамдардың молшылығы дәрумендердің жетіспеушілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Нәтижесі қандай болмақ? Әлсіздік, суық тию және жабырқаңқы көңіл-күй. Алайда абыржудың қажеті жоқ: тапшылықтың орнын толтыру және жігерлікті қайтару үшін тамақтану үлесі мен өмір салтына кейбір өзгерістерді енгізудің өзі жеткілікті. Лайқос қыста қандай дәрумендер ерекше маңызды екенін және оларды дұрыс қабылдаудың жолы туралы біліп алды.

Неліктен қыста дәрумендерді қабылдау маңызды

  1. Күн сәулесінің аз түсуі – демек, D дәрумені де азырақ болады, ал ол иммунитет пен көңіл-күйді сақтауда негізгі рөлді атқарады.
  2. Тамақ рационының жұтаңдауы – қыс мезгілінде көптеген адамдардың ас үлесі жаңа піскен көкөністер мен жемістер жағынан анағұрлым жұтаңдай түседі. Иә, картоп пен макарондар жанымызды жылытқанымен, ағзамызды дәрумендер мен минералдардың қажетті мөлшерімен қамтамасыз етуі екіталай.
  3. Стресс және жүктеме – ұйқының үнемі қанбауы, жарық күннің қысқаруы мен стрестік жағдайлардың артуы салдарынан дене өз ресурстарын айтарлықтай тез тауысады. Күйзеліске төтеп беруде В тобының дәрумендері мен магнийдің маңызы аса зор.
  4. Иммунитеттің әлсіреуі – қыста салқын тигеннен болатын аурулар бізді әр жерде аңдып жүреді. Дәрумендер мөлшерінің деңгейі жеткіліксіз болған жағдайда ағзаның инфекцияларға қарсы тұруы қиындай түседі.

Қыста иммунитет үшін қандай дәрумендер қажет

Дәрумендерді қалай таңдау және ішу керек

  1. Дәрігермен кеңесіңіз. Кейде өз-өзімізге диагноз қойып отыратынымыз келеңсіз жағдаяттарға тап болғызады. Қоспаларды сатып алмас бұрын ағзаңызға нақты қандай дәрумендердің жетіспей тұрғанын білу мақсатында анализдерді тапсырғаныңыз жөн.
  2. Сапалы қоспаларды таңдаңыз. Басқа «пайдаланушылардың» жақсы пікірлеріне ие тексерілген брендтерді таңдағаныңыз абзал және әрдайым препараттың құрамын мұқият оқыңыз: қоспаларда артық бояғыш заттар, консерванттар болмауы тиіс. Қолдан жасалған өнімдерден сақ болыңыз.
  3. Мөлшерлемені сақтаңыз. Көбірек – анағұрлым жақсырақ дегенді білдірмейді. Дәрумендердің шамадан тыс тұтынылуы зиян келтіруі әбден мүмкін. Мәселен, D дәруменінің артылуы тіндерде кальцийдің жиналуына әкеліп соқтыруы ықтимал, ал бұл жүрек пен бүйрек үшін қауіпті.
  4. Дұрыс тамақтаныңыз. Дәрумендер – бұл қосымша ғана, әрі олар толыққанды тамақтанудың орнын баса алмайды.
  5. Дәрумендердің бірбірімен қалай әрекеттесетінін ескеріңіз. Кейбір дәрумендер мен минералдар бірге қабылданса, әлдеқайда жақсырақ сіңеді. Мәселен, D дәрумені ағзаға кальцийді анағұрлым жақсы сіңіруге септігін тигізеді. Ал басқалары, керісінше, бір-бірімен бәсекеге түседі. Мысалы, кальций темірдің сіңірілуіне кедергі келтіруі мүмкін.
  6. Дәрумендерді дұрыс уақытта қабылдаңыз. Майда еритін дәрумендер (A, D, E, K) құрамында майы бар тағамдармен әлдеқайда жақсырақ сіңеді. Ұйқыға байланысты түйткілдерге жол бермеу үшін В тобының дәрумендері мен С дәруменін таңертең ішкен абзал.

Дәрумендер туралы дақпырттар

1 дақпырт: бір мультидәрумен барлық мәселелерді шешіп береді

Мультидәрумендер – бұл ыңғайлы, дегенмен қандай да бір заттың тапшылығын толтырудың әмбебап тәсілі емес. Олардың құрамындағы стандартты мөлшерлемелер барлық адамдарға бірдей жарамды бола бермейді. Мәселен, егер сізге D дәрумені жетіспесе, бұл жерде минималды мөлшерлемеге ие мультидәрумен түйткілді шешуге көмектесе алмайды.

2 дақпырт: дәрумендер неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы

Дәрумендерді мөлшерлеуден артық қабылдау – бұл нағыз қауіп-қатер. Майда еритін дәрумендер (A, D, E, K) ағзада жинақталады, ал олардың шамадан тыс артылуы күрделі түйткілдерге әкеліп соқтыруы мүмкін, соның ішінде бауырдың зақымдалуынан бастап жүрек мәселелеріне дейін. Суда еритін дәрумендердің (мысалы, С дәрумені және В тобы) артық мөлшерлеуі сирек кездеседі, дегенмен бұл оларды қандай да бір шектеусіз қабылдай беруге болады дегенді білдірмейді.

3 дақпырт: егер дәрумендер бірден көмектеспесе, олардың пайдасы болмайды

Дәрумендер ұзақ мерзімді келешекке жұмыс істейді. Мысалы, темір тапшылығының орнын толтыру баяу жүріп жатады, әрі деңгейінің түзелуіне бет алуы тек бірнеше аптадан кейін ғана көрініс табуы мүмкін.

Қорытынды

Қыс – бұл денсаулықтың қамын ойлау бірінші орынға шығатын уақыт. Иммунитетіңізді көтеруге тырысыңыз, дәрумендер тапшылығының орнын толтырыңыз және дұрыс тамақтанып жүріңіз. Қарапайым нәрселерден бастаған абзал: ас үлесіңізге көкөністерді көбірек қосыңыз, мүмкіндігінше күннің астында жүріңіз және қоспалардың қажеттілігі бойынша дәрігеріңізбен кеңесіңіз. Сонда ағзаңыздың сізге алғыс айтатыны шүбәсіз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]