Холестерин: бұл не және оның деңгейін неліктен қадағалау маңызды
Холестерин жақсы және жаман деп бөлінеді, оның деңгейі жоғары болуы әрі жүрек-қан тамырлары жүйесіне қауіп төндіруі мүмкін. Алайда бұл элемент адам ағзасы үшін өте қажет. Лайқос жобасына мәселенің егжей-тегжейіне жетуге кардиолог-нутрициолог Екатерина Пушилина көмектесті: біз холестериннің не екенін, неліктен оның деңгейін қадағалап отыру маңызды және оны қалыпты нормада ұстаудың жолын анықтадық.
Холестерин дегеніміз не
Холестерин – бұл май тәрізді зат. Ол бауырда өндіріледі және ағзаға тамақпен бірге ішінара түседі. Денеміздің әрбір жасушасында бола тұра, холестерин өмір үшін маңызды үдерістер – гормондардың синтезі, D дәруменінің өндірісі, ас қорыту және жасуша мембраналарының түзілуін сақтауда негізгі рөлді атқарады.
Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біздің ағзамызға тамақ түскен кезде өттің құрамындағы холестерин оны ұсақ бөлшектерге бөлуге, барлық майда еритін дәрумендердің (A, D, E, K) сіңуіне көмектесуге, барлық жасушаларға пайдалы заттарды беру мен артық мөлшерін шығаруға тиіс.
Неліктен қандағы холестерин деңгейін білу маңызды
Холестериннің шамадан тыс болуы тура шәйнектегі қақ секілді тамырлардың қабырғаларына шөгіп қалады, әрі бұл олардың зақымдалуы – атеросклерозға, ал осыдан кейін толық бітелуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Бұл дегеніміз инфаркт, инсульт және ишемияның қаупін білдіреді. ДДСҰ мәліметтеріне сүйенсек, дәл осы холестерин деңгейінің жоғары келуі жүректің ишемиялық ауруының барлық жағдайларының үштен бір бөлігінің себебіне айналған.
Холестериннің түрлері және олар несімен ерекшеленеді
Холестериннің молекуласы өзінің химиялық құрылымы жағынан айтарлықтай күрделі болып келеді және көптеген құрамдас бөліктерден тұрады, алайда біз тек екі негізгісіне тоқталып өтеміз:
- «Жаман» холестерин, немесе ТТЛП – тығыздығы төмен липопротеиндер. Олардың артық болуы холестериннің тамырлар қабырғаларында жиналуына апарады және тамырлардың атеросклерозбен зақымдалуына әкеліп соқтырады. Оның деңгейін мұқият қадағалап отыру аса маңызды.
- «Жақсы» холестерин, немесе ЖТЛП – тығыздығы жоғары липопротеиндер. Олар тамырлардан холестериннің артық мөлшерін алып тастауға көмектеседі.
Холестериннің осы түрлерінің арасындағы тепе-теңдік денсаулық үшін өте маңызды болып саналады.
Холестериннің жоғарылағанын қалай түсінуге болады
Ерте кезеңдерде холестериннің жоғары деңгейі симптомсыз болуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе мынадай белгілер пайда болуы ықтимал:
Холестерин артуының себептері
- Дұрыс тамқтанбау: қаныққан майлар мен трансмайларды көп мөлшерде тұтыну.
- Артық салмақ және аз қозғалысты өмір салты: артық салмақ «жақсы» холестериннің деңгейін төмендетеді және «жаман» холестеринді арттырады.
- Тұқым қуалаушылық: генетика липидтік алмасу үдерісінің бұзылуында маңызды рөлді атқаруы мүмкін.
- Темекі тарту, алкоголь, күйзеліс: бұл факторлар «жақсы» және «жаман» холестериннің арасындағы тепе-теңдікті бұзады.
- Қант диабеті немесе гипертония.
Сау әдеттер денсаулықты нығайтуға қалай көмектеседі
- Темекі шегуден бас тарту. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, темекі түтіні ағзаға енгенде холестериннің жалпы деңгейін 3% және «жаман» холестериннің деңгейін 1,7% арттырады, ал бұл атеросклероздың дамуына септігін тигізеді. Сонымен бірге темекі тарту «жақсы» холестеринді 5,7% төмендетеді де, осылайша ағзаны оның қорғаныш функциясынан айырады. Көптеген адамдар хиттерлерге ауысып жатыр, бұл жану өнімдерінің (канцерогендер, иісті газ, шайыр) жоқтығы арқасында холестерин деңгейіне деген теріс әсерді төмендету үшін жасалады, дегенмен анағұрлым жақсы нәтижеге қол жеткізу мақсатында шылым шегуден біржолата бас тартқан абзал.
- Алкогольді тұтынудағы ұстамдылық. Кейбір зерттеулер алкогольді ішімдіктерді бірқалыпты тұтыну «жақсы» холестериннің деңгейін арттырады (мәселен, кешкі ас кезінде бір бокал қызыл шарап ішу) дегенді көрсеткенімен, ішімдікке салыну кері нәтижені беруі мүмкін, осылайша жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі артады.
- Күйзелісті бақылау. Созылмалы күйзеліс холестерин деңгейіне теріс әсер етеді, әрі жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады. Босаңсу практикалары, соның ішінде йога мен медитация тамырлар денсаулығын нығайтуға көмектеседі.
Диагноз қою
Холестерин деңгейін анықтаудың жалғыз сенімді әдісі – бұл қан талдауын тапсыру (липидограмма). Қауіп факторлары жоқ адамдарға липидограмманы 30-40 жаста тапсырған жөн. Ал қауіп факторлары бар жандарға жылына бір рет немесе дәрігердің ұсынысы бойынша тапсырып отырған абзал.
Липидграмманың нәтижесі бойынша кардиолог маманы жүрек-қан тамырлар қаупін, холестерин фракцияларын қосымша тапсыру мен тексерулер қажеттілігін анықтайды. Керек болған жағдайда, әрі өмір салтын өзгерту бойынша кеңестерден бөлек, дәрігер қан құрамындағы «жаман» холестериннің деңгейін төмендететін дәрі-дәрмектерді тағайындауы мүмкін.
Холестеринді төмендетудің жолы
Диета
- Жасұнық мөлшерін ұлғайтыңыз (көкөністер, жемістер, бұршақ тұқымдастар).
- Омега-3 май қышқылдарына бай азық-түліктерді қосыңыз (арқан балық, грек жаңғағы, зығыр майы).
- Қаныққан майларды (семіз ет, сары май) шектеңіз және трансмайларды алып тастаңыз: маргарин, жартылай дайын өнімдер, өндірістік пісірмелер мен тазартылған өнімдер, фастфуд тамағы мен т.б.
Физикалық белсенділік
- Тұрақты орындалатын бірқалыпты жаттығулар: жаяу жүру, жүзу, жүгіру, би, йога, велосипедпен жүру «жаман» холестериннің деңгейін төмендетеді.
- Аптасына кем дегенде 150 минут спортпен шұғылдануға кеңес беріледі.
Дәрі-дәрмекпен емдеу
Егер диеталар мен физикалық белсенділік жеткіліксіз болса, дәрігер «жаман» холестериннің деңгейін төмендетуге арналған дәріні тағайындауы мүмкін.
Қорытынды
Холестерин деңгейін қадағалау – бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың маңызды бөлігі. Дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, жаман әдеттерден бас тарту және медициналық тексерулерден тұрақты түрде өтіп отыру жүрек пен қан тамырларының денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Есіңізде болсын: отбасылық ауруларды зерттеу, сиптомдарды айырып тану, холестерин деңгейін уақтылы бақылау және кардиологтың қабылдауына бару жүрек-қан тамырларына байланысты қауіптерді мүмкіндігінше азайтуға көмектеседі! Холестеринді бақылауда ұстау үшін дәрігерден тұрақты түрде кеңес алуды және анализдерді тапсыруды ұмытпаңыз.