
Лайықты психолог пен психотерапия әдісін таңдаудың жолы
Өз маманыңызды тауып алу аса маңызды: дәл сізге лайық болатын психолог өмірдегі күрделі жағдайларда көмекке келіп, өзіңізді анағұрлым жақсырақ түсіну мен ауыртпалықтарды көтеруді үйретеді. Соңғы сауалнамаға сәйкес, қиыншылыққа тап болған жағдайда адамдардың небәрі 4,8% ғана кәсіби көмекке жүгінетін еді. Психолог, гештальт-терапевт Юлия Антонова Лайқосқа қандай психотерапия әдістерінің бар екендігін, қай маман нақты сізге жарамды екенін түсінудің жолы мен психологты таңдаған кезде не нәрсеге назар аудару керектігін айтып берді.
Психолог, психиатр немесе психотерапевт?
Психолог – дәрігер емес. Ол уайымдарыңызды анықтауға көмектеседі, алайда диагноздарды қоймайды және дәрілерді тағайындамайды. Егер психикалық бұзылыстардың белгілерін байқаса, онда психиатрға жіберуі мүмкін.
Психиатр – дәрігер, ол диагноздарды қояды және психикалық бұзылыстарды емдейді, соның ішінде дәрі-дәрмектердің көмегіне жүгінеді. Қажет болған жағдайда психологпен бірге жұмыс істейді.
Психотерапевт – бұл маманның мәртебесі елімізде айқын емес. Ол келесідей болуы мүмкін:
- Психиатр, әрі дәрі-дәрмектерді де, әрі әңгімелесу терапиясын да қолданады.
- Психолог терең психотерапиядан дайындығы бар маман (дегенмен оның дәрілік препараттарды тағайындау құқығы жоқ).
Кімге жүгіну керек?
- Егер қауіп тудыратын белгілер бар болса (ұзаққа созылған депрессия, көңіл-күйдің аяқ астынан құбылуы, жабысқақ ойлар, галлюцинациялар), демек психиатрға бару қажет.
- Егер өмірдегі қандай да бір қиын жағдайда көмек керек болса, демек психологқа жүгінген абзал.
Психологты қалай таңдау керек және психологты таңдағанда не нәрсеге мән берген жөн
Кәсібилік: маманның бейінді бағыттағы жоғары білімі мен мамандануын растайтын сертификаттарының бар екеніне көз жеткізіңіз. Сонымен бірге оның жеке терапия мен супервизиялардан өтіп отыратынын нақтылаңыз – бұл «соқыр аймақтардан» аулақ жүру мен маманның объективті болуына көмектеседі.
Сенім және жайлылық: егер маман сеніміңізді тудырып, сізді әңгімеге тарта білсе, демек бұл табысты қарым-қатынастың жақсы негізі. Сіз өзіңізді байсалды сезінуіңіз тиіс, ал психолог «дереу ажырасыңыз» немесе «бұл туралы әшейін ойланбағаныңыз абзал» деген секілді қатаң кеңестерді бермеуі керек.
Этика. Маман мынадай қатаң ережелерді сақтауға міндетті:
- Құпиялық.
- Психолог өмірдің басқа салаларында сізбен қиылыспауы керек – яғни, сіздің көрсетіп отырған қызметтеріңізді пайдаланбауы, бартер ұсынбауы тиіс. Терапиядан тыс кездесулерге тіптен жол берілмеуі қажет.
- Достармен, туған-туыстармен психологиялық жұмыс жүргізуге тыйым салынады.
- Айып тағу, кеңес беруге болмайды. Психолог сіздің кез келген уайымдарыңызға құрметпен қарауы тиіс.
Қаржы: терапия тұрақтылықты талап етеді. Сондықтан артық стрестен аулақ болу үшін қызмет көрсетуінің бағасы қалтаңыз көтеретіндей психологты таңдағаныңыз дұрыс.
Терапия тәсілі. Терапияның әрбір әдісі өздігінше жұмыс істейді: кейбіреулері денемен жұмыс істеу арқылы көмектессе, басқалары эмоциялар немесе логикалық талдама арқылы септеседі. Дәл сізге сәйкес келетін тәсілді таңдаңыз.
Психотерапия түрлері
Когнитивті мінез-құлық терапиясы (КМТ)
КМТ – бұл психотерапияның ең кеңінен таралған тәсілдерінің бірі, бұл әсіресе, мазасыздық, күйзеліс және фобиялармен жұмыс істеуде қолданылады. Бұл тұста ойлар (когнициялар) мен мінез-құлыққа баса назар аударылады.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Көбіне-көп жағымсыз эмоцияларымыз шынайылыққа мүлдем сәйкес келе бермейтін қалыптасқан автоматты ойларымызбен байланысты болып келеді. Мәселен, егер адам: «Менің ешқашан ешнәрсеге де шамам келмейді» деп ойласа, бұл оның мазасыздық пен дәрменсіздік сезімін тудыруы мүмкін. КМТ барысында маман осындай ойларды жете түсіну, олардың шындыққа сәйкестігін тексеру мен анағұрлым сау ойлардың пайда болуына көмектеседі.
Сеанс қалай өтеді?
- Сеанстар нақты құрылымдалған, әрі өткенді ұзақ талқылауды керек етпейді.
- Мазасыздықты не нәрсе тудыратынын жақсырақ түсіну үшін сізге ойлар мен эмоцияларыңыздың күнделігін жүргізу ұсынылуы мүмкін.
- Үй тапсырмалары да болуы әбден ықтимал, мысалы, нақты өмірде қолдануға келетін жаңа мінез-құлық үлгілерін байқап көру.
Гештальт-терапия
Гештальт-терапия – бұл сөйлесу терапиясы, әрі мұнда эмоцияларыңызды ұғыну мен өзіңіз және айналадағы ортамен жаңаша түрде өзара әрекеттесуді үйренген маңызды.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Гештальт-терапияның негізгі қағидаты – өткенді талдамай, дәл қазір басыңыздан кешіп отырған уайымдарыңызбен жұмыс істеу. Маман клиентке жайлы өмір сүруіне кедергі ете алатын эмоциялары мен мінез-құлық үлгілерін әлдеқайда жақсырақ түсінуге көмектеседі. Мәселен, егер адам әрдайым дау-жанжалдардан аулақ болуға тырысып жүрсе, терапевт мұның себебін анықтауға, сонымен бірге өз ойын анық білдіруді үйренуге көмектесе алады.
Сессиялар қалай өтеді?
- Әңгіме «осында және қазір» қағидасына негізделеді: терапевт «сіз не туралы ойланып отырсыз?» дегеннен басқа, «дәл қазір қандай сезімдесіз?» секілді сұрақтарды да қоюы мүмкін.
- Жұмыс барысында шығармашылық эксперименттер де (ойынға негізделген диалогтар, дене техникалары, метафоралармен жұмыс) қолданылуы ықтимал.
- Үй тапсырмалары берілмейді, дегенмен терапевт кездесулер арасында болған жайттар турасында ойлануды ұсынуы мүмкін.
Психикалық талдау
Психикалық талдау – бұл психотерапияның ең ескі әдістерінің бірі, оны Зигмунд Фрейд ойлап тапқан болатын. Қазіргі заманғы психикалық талдау өзінің классикалық түрінен айтарлықтай ерекшеленеді, алайда оның негізгі идеясы өзгеріссіз қалып отыр: көбінесе біздің мінез-құлқымыз бейсана үдерістер мен ерте балалық шақтағы тәжірибе арқылы анықталады.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Маман ішкі шиеленістердің жасырын себептерін айқындау, бала кездегі уайымдар мен олардың бүгінгі өмірге деген әсерін зерттеуге көмектеседі. Мысалы, егер адам үшін сенімге негізделген қарым-қатынастарды орнату қиынға соқса, бұл балалық шақтағы құштарлық тәжірибесіне байланысты болуы мүмкін.
Сессиялар қалай өтеді?
- Бұл ұзақмерзімді терапия (кейде бірнеше жылға созылады).
- Сессиялар аптасына бірнеше рет, әрі белгілі бір мезгілде ғана өткізіледі.
- Клиент ойға келген нәрселердің барлығы турасында әңгімелеп отырады, ал терапевт осының өткен тәжірибеге қалайша байланысты екенін талдайды.
Жүйелі терапия
Жүйелі терапия жақын адамдар (отбасы, әріптестер, жұп) арасындағы өзара қарым-қатынастардың эмоциялық күйге қалай әсер ететінін түсінуге көмектеседі.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Көбінесе адамның тап болған түйткілі оның өзіне ғана байланысты емес, сондай-ақ мұның себебі айналадағылармен қалайша әрекеттесетінінде жатыр. Мысалы, егер отбасыда қандай да бір жанжал бар болса, жүйелік терапевт аталмыш мәселені демейтін өзара рөлдер мен мінез-құлық үлгілерін ұғынуға көмектеседі.
Сессиялар қалай өтеді?
- Терапия жекеше, сол секілді отбасының қатысуымен де өткізілуі мүмкін.
- Маман отбасы мүшелері арасындағы әрекеттесуін талдау мен қатынасудың жаңа әдістерін табуға септігін тигізеді.
- Фокус өткенге емес, ағымдағы жағдайдың өзгеруіне бағытталады.
Денеге бағытталған терапия: денеге икемделген жұмыс
Бұл әдіс денеміздің эмоциялар, қорқыныштар және стресті «есте сақтайтынына» негізделген. Адам ұзақ уақыт бойы қандай да бір мазасыздықты сезінсе, немесе жабырқаңқы көңіл-күйде болса, бұл бұлшықеттің қысылуы, созылмалы шаршағандық немесе, тіпті, ауырсыну түрінде көрініс табуы мүмкін.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Терапевт қозғалыс, тыныс алу жаттығулары мен дене техникалары арқылы босаңсуға көмектеседі. Мәселен, адам саналы қимыл-қозғалыстар немесе тыныс алумен жұмыс істеу арқылы стресті босатуды үйрене алады.
Сессиялар қалай өтеді?
- Сөйлесу терапиясы физикалық жаттығулармен бірігеді.
- Жұмыс тыныс алу техникаларын, уқалау және бұлшықеттің босаңсуын қамти алады.
- Көбінесе дене сезімдерін санадан өткізуге бағытталған жаттығулар қолданылады (мәселен, «Мазасыздықты сезінген кезде денеңіздің реакциясы қандай болады?»).
Лайықты әдісті қалай таңдауға болады?
Қорытынды
Психологпен жұмыс – бұл жеке өсу және өмір сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам. Сондықтан осы жұмыстағы мотивацияның да айқын болуы ерекше мәнге ие. Жақын адамдардың қысым көрсету себебінен немесе трендте болу ниетіңізден психологпен жұмыс істеуге келісуге болмайды. Егер жұмыстың бір орында тұрғанын байқасаңыз, маманды ауыстырудан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы, сізге жайлылықты сезінуге, әрі шын мәнісінде алға қарай жылжуға көмектесетін психологты тауып алу.