
2025 жылы ең көп күтілетін қазақстандық киножобалар
Осыдан бес жыл бұрын қазақстандық фильмдердің кинопрокаттағы үлесі күндердің күнінде 50% белгісіне жақындайтынын болжау мүмкін емес еді, ал осыдан екі жыл бұрын қазақстандық фильмдердің ең көп күтілетін тізімін жасау, тіпті, ешкімнің ойына да келмеген. Пәлі, осыны бірінші жасайтын мен-ақ болайын. Сонымен, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі Кәрім Қадырбаевтің прокатқа шығуын жеке өзі күтіп отырған фильмдер тізімі.
Рэкетир. Жаңа кезең
Прокатқа шығуы: 13 ақпаннан бастап
Ашығын айтатын болсақ, соңғы онжылдықтар бойы Ақан Сатаев біресе хандар, біресе президенттер кезектесіп мадақталатын сан миллиардтаған эпостар түріндегі рабайсыз мемлекеттік жобалар мен сәтті деп атауға өте қиын жанрлық эксперименттер арасында сергелдеңге түскені рас. Әрі көрермендер де оған жайлап, дегенмен табандылықпен «біз сені кезінде осы үшін жақсы көріп қалған жоқпыз, бізге мықты жігіттер туралы фильмнің тағы біреуін бер» деген секілді белгі беріп отыр. Бұл тура ойыншықтар шығаратын кеңестік зауыт іспетті: қандай дизайн және қандай бөлшектер ойлап табылса да, бәрібір танк шығатыны шүбәсіз.
Міне, гэнгста-мувиден аға режиссеріміз алдыңғы атылған оғынан кейін он жыл өткен соң трилогияның аяқталуын ұсынып отыр, айта кетсек, кезінде дәл осы фильмнен Қазақстандағы коммерциялық кино басталған болатын.
Шынымды айтсам, мен «Рэкетир» франшизасының аса үлкен жанкүйері емеспін, алайда шолуымды нақ осы триквелден бастауды жөн көріп отырмын, өйткені, біріншіден, Асылхан Төлеповтың (басты антогонистің рөлін сомдаушы) өзінің актерлік кәсібінде бәрін айта қоймағанына әлі де сенемін, ал екіншіден, режиссер Диас Бертіс кең аудиторияға паш еткен Рауан Ахмедов есімді жас дарынға ерекше сенемін.
Саянға келер болсақ, бұл тұста мен, шыны керек, Қазақстанда соңғы 18 жыл тіптен болмаған деген секілді теорияны ұсынғым келіп-ақ отыр, ал біз болсақ, Саянның қайтыс болғаннан кейінгі сандырағында жүрміз. Айнала суып барады. Анамды аяймын. Демек, тостағаным лық толған болар. Әрине, осының бәрі есіңізде… Айтпақшы, фильм прокатқа шығып қойған.
Малай
Прокатқа шығуы: 13 наурыздан бастап
Жоқ, біз бұрын да өзгелердің сюжеттерін өңдеуден өткізіп түсіргенбіз. Дегенмен өткен онжылдықта қазақстандық кинематографшылар «Ой, олар қайдан біліп қояды дерсің?» деген секілді қағидатты ұстанып, корей дорамаларының сюжеттерін ұрлағаны рас, алайда отандық индустрия ақырын ғана өркениетке қарай қозғалып келеді, сондықтан енді біз ресми ремейктерді шығарып отырмыз.
Сонымен, «Малай», тура оның ізашары – «Холоп» атты ресейлік суперхит сияқты, байдың баласы туралы әңгімелейді, әрі мажор олигарх әкесінің мазасын алғаны сонша, ол таныс демиургтың жетекшілігімен тұтас бір команданы құрады да, олар баласының алдында өткен күндерге әкететін нағыз қойылымды бастайды.
Ернар Нұрғалиевтің фильмі Клим Шипенконың картинасынан (сонымен бірге оның француз және түрік ремейктерінен) несімен ерекшеленеді? Мұндағы гәп Ресей, Франция және Түркияда да басты рөлдерге романтикалық типажға жататын актерлерді (Милош Бикович және Керем Бюрсин нағыз мачизмнің бейнелері болған) алғанында жатыр, ал біздің фильмде болса, олигархтың ұлы шынымен олигархтың ұлына ұқсас келеді, өйткені оны танымал блогер Жека Fatbelly сомдайды.
Жеке басым блогерлерден жақсы актер шығатынына күмәнмен қарайтыным бар, дегенмен Жеңіс Омаровтың әртістік қабілеттерге ие екенін мойындамау ақымақтық болар еді. Дәл осы себептен «Малай» ең көп күтілетін жобалар тізіміне еніп отырғаны хақ.
Жаза
Прокатқа шығуы: күні белгіленбеген
Болашағы зор қазақстандық режиссерлердің бірі Дархан Төлегенов «Ағайындылар» драмасымен отандық киноиндустрияға баса көктеп кіріп, бірден Қазақстан киносыншылар қауымдастығының марапатына ие болған. Содан кейін отандық прокатта 800 млн теңгеге жуық қаражат жинаған «Sheker. Соңғы мүмкіндік» кассалық хитті түсірген еді.
«Жаза» экшн-драмасының 15 минуты сонау 2013 жылы Eurasia film market форумында алғаш рет көрсетілген болатын және киноиндустрияның кәсіпқойларына ерекше әсер қалдырған екен. Қазақстандық кино үшін шектен тыс динамика, әрі әлеуетті құрылымдардағы жемқорлық және зорлық-зомбылық секілді өткір мәселелермен астарласа отырып, сондай-ақ бәрінен бұрын қазақстандық киноның корифейлері Ержан Түсіпов пен Ғани Құлжановтың таңғалдырарлық ойынын атап өткен жөн.
Ауру

Screenshot
Прокатқа шығуы: күні белгіленбеген
Қазақстандық киноиндустрияның ландшафтын өзгертіп жатқан жас кинематорграфшылар қатарындағы тағы да бір режиссер.
Айтөре Жолдасқалидің «Шу-ла-ма» атты дебюттік картинасы күткендей болып шықпағанына қарамастан, «Ауру» триллерінің тизері айтарлықтай қызықты көрінгені рас. Фильмнің желісі алаяқтық арқасында пайда табуға бел буған ерлі-зайыптылар хикаясына негізделеді. Мұндағы схема қарапайым және таныс: онкологиялық ауруға шалдыққан әйелінің еміне қаражат жинауды жариялау.
Айта кетерлік бір жайт, бұл картина Қазақстанда қайырымдылық арқылы пайда тапқысы келген алаяқтарды әшкерелеу мен түрмеге отырғызудан әлдеқайда бұрын түсірілген екен, сондықтан картина өзінің көрсетіліміне қарай бұдан да өзекті бола түсетіні сөзсіз.
Дәстүр 2
Прокатқа шығуы: 2025 ж. көктемінде
Сонымен, тағы да, пандемияға дейінгі уақытта «қазақстандық хоррор» сөз тіркесінің өзі екі реакцияны тудыратын: бірі – кекесінді күлкі (көрмегендер арасында) болса, екіншісі – ішек-сілесі қатып күлу (тамашалау бақытсыздығына тап болғандар арасында). Алайда 2023 жылдың соңында шыққан Қуаныш Бейсектің «Дәстүр» фильмі бір жарым миллиард теңгеден астам қаражат жинап, ойын ережесін төңкеріп тастағаны хақ.
Екінші бөлім сюжет тұрғысынан біріншісімен мүлдем байланыссыз болып келеді, дегенмен дәстүр тақырыбын әрі қарай деконструкциялауды жалғастырады. Мұнда Дана есімді кішкентай қыз туралы сөз етіледі, ол алыс туысқанының ауылына келіп, бұл жерде өздерін біртүрлі ұстайтын қарттардан басқа ешкім жоқ екенін байқайды. Дананың туысқаны оның ауылдағы ескі дәстүрдің біріне қатысатынын хабарлайды.
Бұл жолы бірегей фильмнің режиссері өзін продюсерлік функциялармен ғана шектеген (айта кетсем, ол «Ауру» фильмін де продюсерлеген), ал режиссер орнына қазақстандық киноиндустрияның анағұрлым тәжірибелі қоюшысы, әрі нағыз культтік «5:32» көп сериялы триллерді түсірген Әлішер Утев ие болған.
Sasyq
Прокатқа шығуы: күні белгіленбеген
Танымал актер және халық сүйіктісі Ерден Тілемісов толық метражды режиссерлік дебютке әйтеуір жетті.
Болашақ фантастикалық трагикомедиядағы әңгіме жұбайы о дүниелік болғаннан кейін өмірден түңіліп кеткен қарт адам туралы болады. Республикалық маңызы бар тас жолының жиегінде келе жатып, ол өмірімен қоштасуға бел буады, алайда осы тұста өміріне өзге ғаламшарлық баса-көктеп кіреді де, жол бойындағы дәретхананың түбіне қоныстанады.
Алғашқы фильмінде Тілемісов өзін нағыз кәсіпқой командамен қоршағаны рас. Бас продюсер ретінде Гүлнар Сәрсенова, ал қоюшы-оператор ретінде Азамат Дулатов шақырылса, басты рөлді қазақстандық киноның ардагері Бақытжан Әлпейісов сомдаған.
Бір қызығы, Тілемісовтың тұңғыш режиссерлік жобасы «Құдіретті» веб-сериалы болғаны белгілі, әрі ол жындар өмірі жайында баяндаған. Ал бұл не туралы айтып отыр? Кем дегенде, Ерден қалыпты троптарды ұстанбайтыны туралы.
37
Прокатқа шығуы: күні белгіленбеген
Атауы ештеңе айтып тұрмаған фильм өте қызықты басталады. Метро ішіндегі лаңкестік әрекеттен басталып, оның нәтижесінде Расул есімді басты кейіпкер қайтыс болады.
Алайда 15 жылдан кейін ол отбасына оралады да, әйелінің ағасына тұрмысқа шыққанын, олардың баласы бар екенін, әрі өзінің құрметіне Расул есімі берілгенін анықтайды. Әкесі отбасының шырқын бұзбауға тырысады, дегенмен өз күмәнін жасырып жүреді. Ауруға шалдыққан Әлия анасы үшін естеліктерінде әрдайым тірі болып қала берген ұлының бойынан бұрынғы кішкентай баланы табуға ұмтылады, әрі бұл оның әлсіз халін бұдан бетер нашарлатады.
Қайғы-қасіретті бастан өткеру турасындағы драманы Исмаил Иманның пьесасы негізінде Жандос Айбасов қойды. Фильмдегі басты рөлдерді Еркебұлан Дайыров және Асан Мәжіт ойнайды.
Патруль: соңғы бұйрық
Прокатқа шығуы: күні белгіленбеген
Басқа елдерге қарағанда Қазақстанда сәтті шыққан сериалдарды толық метражды форматта түсіруді жалғастыру дәстүрі ерекше сіңісіп кеткен. Мәселен, Salem Entertainment үшін бұл кіші экрандардан үлкен экранға көшкен үшінші жоба болып отыр.
Сонымен, «Патруль: соңғы бұйрық» фильмінде сериалға түскен сүйікті кейіпкерлер Семейге жол тартып, мұнда оларға басқа әріптестерге қарсы тұруда өздерін танытуға тура келеді.
Қалыптасқан актерлік құрамнан басқа, картинаға Роберт Кун, Ренат Мұхамбаев, Тамби Масаев, Шәріп Серік, Санжар Мәди, Гүлнар Сілбаева және қазақстандық киноның бірқатар жұлдыздары қатысқан.