Румбокс дегеніміз не: қораптағы кішкентай әлем
Жаңа ермек істі іздеп табу – әркез оңай бола бермейді: көбінесе хоббидің талай түрін әлдеқашан байқап көрдіңіз, ал үйде аяқталмаған суреттер, алмазды мозаикалар мен ұшақтар үлгілеріне толы қораптар үйіліп тұр. Лайқос өзіне румбоксты ашты – әрі бұл жаңалығымен сіздермен бөлісуге асық.
Румбокс дегеніміз не
Румбокс (room box ағылш. тілінен аударғанда қораптағы бөлме) – бұл бөлме немесе қандай да бір басқа интерьердің шағын үлгісі. Қарапайым сөзбен айтқанда, шынайы үйден қиып алынған, әрі он есе кішірейтілген кеңістіктің бір бөлігі.
Ең таралған масштабтары – 1:12 немесе 1:24, яғни, румбокстағы әрбір сантиметр шын мәніндегі 12 немесе 24 см сәйкес келеді.
Ол неден құралған
Кәдімгі бөлмедегідей, румбокста да қабырғалар, жиһаз, жарық пен ұсақ-түйек нәрселер бар. Миниатюралық дивандар, сәнсуәле шамдары, кітаптар, сағат, тіпті, керуеттің жанындағы шәркеге дейін – барлығы да шынайы, дегенмен өте кішкентай болып келеді. Ұсақ-түйек нәрселерді өз қолмен жасауға немесе дайын жиынтықтарды қолдануға болады, мұнда қажеттінің бәрі де – нұсқаулықтан бастап дивандағы соңғы жастығына дейін бар.
Румбокстар не үшін керек
Көптеген адамдар үшін бұл босаңсу мен шығармашылыққа шомудың тәсілі. Миниатюралармен жұмыс істеу күнделікті қайталанып жасалатын істерден көңіл сергітуге көмектеседі, ұсақ моторика, шыдамдылық пен қиялды дамытады. Біреулер румбокстарды жақындарына арналған сыйлық ретінде жасайды, басқалары осы хоббимен сөрелерді безендіру мақсатында айналысады. Ал енді біреулер үшін бұл нағыз өнер және өзін-өзі танытудың тәсілі болып отыр: өз арманыңыздың үлгісін жасай аласыз – мейлі бұл жайлы шеберхана болсын, мейлі Париждегі кафе немесе әжеңіздің үйі болсын.
Румбокс кім үшін жарамды
Румбокстарды барлық адамдар құрастыра алады: ересектер, жасөспірімдер, үлкен кісілер. Әрі бұл тұста сурет салып білу немесе сәулет пен дизайнды үйренудің қажеті жоқ. Ықыластану мен кішкене уақыттың өзі жеткілікті. Жаңадан бастағандарға дайын жиынтықтар қолайлы болар: бөлшектер қиып алынған, оларды тек жабыстыру, бояу мен жинастыру ғана қалады. Ал анағұрлым тәжірибелі шеберлер бірегей композицияларды басынан аяғына дейін өздері жасайды.
Неден бастаған жөн
Ең қарапайым нұсқа – старттық жиынтықты сатып алу. Оның ішінде бәрі де бар: материалдар, желім, егжей-тегжейлі қадамдық нұсқаулық. Мұндай румбоксты бар болғаны бірнеше кештің ішінде-ақ құрастыруға әбден болады.
Егер жаныңыз шығармашылық еркіндікті қаласа, барлығын да өз қолыңызбен жасасаңыз болады: ол үшін картон, ағаш, мата, полимерлі сазды қолданасыз. Идеяларды фильмдерден, кітаптардан немесе жай ғана қиялыңыздан аласыз – бәлкім, сіз үстеліңізде АҚШ президентінің кішкентай кабинетінің тұрғанын немесе ескі саяжайыңыздың көшірмесін жасауды қалайтын шығарсыз.
Кішкентай әлем – зор эмоциялар
Румбокс – бұл өзіңіздің жайлы әлеміңізді құрудың әдісі, әрі ол жерде бәрі де дәл сіз қалағандай болады. Бұл шеберлікті, қиялды және ұсақ нәрселерге деген сүйіспеншілікті біріктіретін әуестік. Сіз де осы ермек істі байқап көріңіз, сонда бір күні бөлмеңізде өз қолыңызбен жасалған кіп-кішкентай кітапхана, кафе немесе шеберхана пайда болатын шығар.