
Медитация – қолыңыздан келмесе, оны шын үйренудің жолы қандай
Соңғы уақытта медитацияны кез келген жағдайда көмекке келетін әмбебап рецепт ретінде ұсынады: мейлі бұл стресс болсын, мейлі шаршағандық, мейлі шамадан тыс жүктеме болсын. Дегенмен бұл байқап көруге тұрарлық дүние – айта кетсек, тыныштықта отыру мен «әшейін дем алу» оңай емес екен. Басыңызда сан ойлар пайда болады, біресе аздап қасынғыңыз келеді, нәтижеге қол жеткізу мүмкін еместей көрінеді. Адамдардың көбі медитациялауды бастауды қалайды, алайда қолдарынан келмейді. Осы тұста не істеуге болады? Лайқос дұрыс медитациялаудың жолын анықтады.
Шын мәнінде медитация дегеніміз не
Медитация – бұл «ешнәрсе туралы ойламау» жайында емес. Бұл баяулаудың тәсілі, өзіңізге анағұрлым қамқор бола білу мен дәл қазір әрі осы жерде болуды үйренудің әдісі. Бұл келесі жайттарды ұғыну жайында: сен тірісің, сен осындасың, әрі сен жай ғана бола аласың.
Көбінесе медитация қандай да бір күрделі, эзотерикалық нәрсе болып көрінуі мүмкін, дегенмен, шыны керек, бұл қарапайым практика болуы ықтимал: қалай дем алатыныңды байқау, аяқтың еденге тиіп тұрғанын сезіну. Не болмаса ішіңізде не болып жатқанын әшейін ғана бақылап отыру – әрі бағалауға жол бермеу.
Неге көптеген адамдарға медитацияны бастау қиын
Мұндағы бар гәп біздің медитациядан тым көп нәрсе және оларды бірден күтетінімізде жатыр. Мінсіз практика туралы дақпырттар: «мен сағаттап отыруым керек», «маған ақыл-ойды толықтай тазарту қажет», «егер көңілім басқа жаққа ауып кетсе, демек, ешнәрсе шықпады». Шын мәнісінде барлығы да керісінше екен: егер сіз басқа жайтқа алаңдағаныңызды байқасаңыз, бұл нағыз медитацияның өзі. Яғни, сіз дәл осы сәттен «ұшып түскеніңізді» ұғына алдыңыз. Демек, оған қайта оралдыңыз деген сөз.
Медитация – бұл дағды. Тура гитара тарту, спорт, әлде көлік айдау секілді. Бастапқыда үйреншікті емес болып көрінеді, кейде тіпті ыңғайсыз болады, алайда тәжірибемен бірге ол табиғи бола түседі.
Медитацияның артықшылықтары
Түйінді зерттеулер растап отырғандай, тұрақты түрде орындалатын практика күйзеліс деңгейін төмендетеді, ұйқы сапасын жақсартады, зейін қою мен күрделі жағдайларда анағұрлым сабырлы болуға көмектеседі.
Медитация – бұл эмоцияларыңыз шарпымай тұрғанда, оларды түйсінудің тәсілі. Шаршағаныңыз, алаңдайтыныңыз, ашуланатыныңызды түсіну – әрі ол үшін өзіңізді кінәлаудың орнына жайлап қолдау таныту керек.
Уақыт өте келе медитация ішкі тірекке айналуы мүмкін. Сіз енді әлемді басқаша сезінесіз: автоматты түрде емес, саналы түрде. Ынта мен реакция арасында кеңістік пайда болады. Әрі бұл кеңістік – еркіндік.
Медитация әдісін қалай таңдау керек: ерекше және іске асатын нұсқалары
Медитация – «көзіңізді жұмып отыру» ғана емес. Назарларыңызға шынымен жұмыс істейтін бірнеше оқыс әдіс-тәсілді ұсынамыз:
- Телефонсыз серуендеу. Жай ғана жүру және бақылау: ағаштар, адамдар, дыбыстар. Тіпті, қаланың ішінде де медитация жасауға әбден болады.
- 2 минут бойы тыныс алу. Көзіңізді жұмып, тек қана дем алу мен дем шығаруға зейін қойыңыз. Тіпті, осындай қысқа сеанстың өзі де күйіңізді өзгертеді.
- Музыкалық медитация. Терең ambient немесе табиғат дыбыстарын қосыңыз да, бұл өміріңіздегі ең алғаш естіген дыбыстар секілді музыкаға шомып көріңіз.
- Саналы тәртіп. Ыдыс жуу, тоқу, үй жинау – кез келген үйреншікті әрекет медитацияға айналауы мүмкін, егер сіз оны асықпай және бар назарыңызды аударып істесеңіз.
- Нысанға қарап медитациялау. Майшамның жалынына қарап отыру, сағаттың сыртылдауын тыңдау, қолыңызда ұсақ тас немесе қандай да бір затты ұстау – әрі фокусты тек қана соған қарату. Бұл назар аудару мен тыныштық күйге енуге көмектеседі.
Міндетті түрде классикадан бастаудың керегі жоқ – бұл тұста нақ сізге септесетін нұсқаны таңдаған әлдеқайда маңыздырақ.
Тастамаудың жолы
Қарапайым құпия: шағын нәрседен бастаңыз. Бірден 20 минут бойы медитациялаудың қажеті шамалы – екі минуттан бастасаңыз абзал. Мұны таңертең таңғы ас алдында немесе кешкісін ұйықтардан бұрын жасап көріңіз. Ұмытпас үшін ескертуді іліп қойыңыз.
Өзіңізге «мінсіз» болмауға рұқсат беріңіз, өзіңізді сөкпеңіз. Медитацияда сәтсіздіктер болмайды – назарыңызды әр қайтарған сайын сіз оны жаттықтырасыз.
Қорытынды
Тұрақты түрде жасалатын медитация барынша зерделілікті, тыныштықты, әрі ой анықтығын сыйлайды. Бар болғаны дәл сол мезетті таңдау – және бастау ғана қалады.