
Бір тамшы никотин өлтіреді – өтірік пе, әлде шындық па?
«Бір тамшы никотин жылқыны өлтіреді» деген сөйлем баршамызға балалық шақтан таныс. Бұл сөздер қорқынышты естіледі, лездік реакцияны тудырады және ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін болса керек. Алайда бұл шындыққа жанаса ма? Лайқос осы тұжырымның ғылыми деректерге қаншалықты сәйкес келетінін анықтады.
Бұл қайдан шыққан сөз?
Бұл сөз орамы – XX ғасырдағы үгіт-насихаттың өнімі. Темекі тартуға қарсы күресте барынша айқын және састыратын тұжырымдамалар қолданылған. Олар ақпарат беруден гөрі, қорқытуға бағытталған еді. Ғылыми тұрғыдан қарайтын болсақ, мұндай ұрандар өзектілігін әлдеқашан жоғалтып алғаны рас.
Никотин дегеніміз не?
Никотин – бұл темекі жапырақтарының құрамында кездесетін табиғи алколоид. Ол шынымен де адам ағзасына әсер етеді: жүйке жүйесін ынталандырады, тамыр соғуын арттырады, әдеттенуді тудыруы әбден ықтимал. Алайда никотиннің өзі темекі тартуға байланысты пайда болатын аурулардың негізгі себебі болып саналмайды.
Ең басты зиян – никотиннен емес, түтіннің салдарынан болады. Темекі түтінінің құрамында 7000 астам зиянды заттектер бар, соның ішінде канцерогендер, тұншықтырғыш газ, шайыр мен уытты заттар кездеседі. Дәл осы заттектер қатерлі ісік, жүрек пен өкпе ауруларын қоздыратыны хақ. Никотин – бұл жүйенің бір бөлігі ғана, әрі ең қауіптісі емес.
Ғылым не дейді?
Адам үшін никотиннің өлтіретін дозасы ретінде ұзақ уақыт бойы өте төмен, яғни, 30 мг бастап 60 мг дейінгі мөлшер деп саналған. Алайда 2013 жылы неміс ғалымы Бернд Майер Archives of Toxicology журналында өзінің мақаласын жариялаған, әрі ол жерде келесі жайтты дәлелдей алды: шынайы деректер аса қатты арттырылған.
Зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес, никотин өлімге әкеле алатындай дәрежеге жету үшін оның дозасы дене массасының бір килограмына шаққанда 6,5 мг бастап 13 мг дейін болуы керек. Яғни, салмағы 80 кг ересек адамға бір уақытта никотиннің 520 мг бастап 1040 мг дейінгі мөлшерін алу қажет. Бір темекінің құрамында сіңімді никотиннің шамамен 1-2 мг бар – демек, өлімге әкелуі мүмкін мөлшерді алу үшін адам бір ретте 280 темекіні шегуі тиіс. Ал бұл физиологиялық тұрғыдан мүмкін емес.
Мәселе мынада: никотин канцероген емес, ал алкогольге келер болсақ, ол нағыз канцероген және қатерлі ісік пен басқа да ауыр дерттерді қоздыруы ықтимал. Егер, тіпті, алкоголь азғантай мөлшерлерде тұтынылса да, не болмаса құрамындағы спирттің мөлшері төмен сусындар таңдалса да, қатерлі ісіктің даму қаупі жоғары болып қала береді. Әрі егер алкогольге қатысты сұрақта адам аталмыш қауіптерге жол бермеу үшін бұл жаман әдетінен біржолата бас тартуға тиісті болса, құрамында никотині бар өнімдер мәселесінде жану үдерісі мен ілеспе канцерогендерге жол берілмесе, зиянды төмендетуге болады. Дегенмен ең жақсы шешім залалды әдеттерден мүлдем бас тарту болары шүбәсіз.
Ақылға салынған көзқарас
Адам бір ретте күшті алкогольдің 10 литрін ішіп алғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл ауыр улануға әкеліп соқтырады, тіпті, өлімге де апаруы мүмкін. Дегенмен ешкімде осыдан «алкогольдің бір тамшысы адамды өлтіреді» деп ұран шығарып жатқан жоқ. Мәселенің бәрі мөлшер мен мәнмәтінде жатыр.
Сол секілді никотинге де қатысты осылай айтуға болады. Орынды мөлшерлерде ол кофеинмен салыстыруға болатындай стимуляторлық әсерге ие болып келеді. Негізгі зиянды никотиннің өзі емес, оның қалай және қандай пішінде тұтынылатыны келтіреді.
Қорытынды
Ескі насихаттық сөз тіркестер – қазіргі заманғы ғылым тарапынан расталмаған әшейін дақпырт қана. Никотинді зиянсыз деуге болмайды, алайда ол бұрын қабылданғандай дәл сол «жан алғыш» та емес. Бастысы, заттек пен оны тұтыну тәсілі арасындағы айырмашылықты түсіну. Саналы таңдау өткен күннен қалған қорқытатын әңгімелерге емес, деректерге негізделген кезде ғана жасалуы мүмкін.