Тоңазытқышта, мұздатқышта сақталатын ДТ-дайындамаларын жасаймыз

Бір аптаға жетерлік мұздатылатын дайындамаларды жасаудың жолы: қарапайым кеңестер мен рецепттер

Тамақтануды жоспарлау уақыт, күш, ақшаны үнемдеуге көмектеседі. Аптасына бір рет қана тамақ әзірлеумен айналысу өте ыңғайлы, ал содан кейін барлығын мұздатқышқа сақтап қоясыз. Лайқос егжей-тегжейлі нұсқаулықты құрастырды.

Бір аптаға жетерлік мұздатылатын дайындамаларды жасаудың негізгі ережелері

Дайындамаларыңыз дәмді және пайдалы болуы үшін басты нәрселер жайында ұмытпаңыз:

  1. Бірден порциялармен әзірлеңіз, бұл артық тамақ жеуге жол бермейді.
  2. Барлық өнімдер бірдей қатырып қоюға жарамды бола бермейді. Жармалардан істелген дайын гарнирлер, көкөністен жасалған рагу мен езбе, ет пен балықтан әзірленген тағамдар, көжелер, тұздығы қосылмаған салаттар мұздатуды жақсы көтереді. Жапырақты салаттар, ақ ірімшік көп қосылған тағамдар, жаңа піскен қияр, қызанақ пен шалғамды қатырудың керегі жоқ.
  3. Дұрыс қаптаманы қолданыңыз – герметикалық контейнерлер немесе зип-пакеттер. Олар тамақтың балғындығын сақтайды, бөгде иісті өткізбейді және мұздатқыштағы орынды үнемдейді. Әрбір тамақ дайындамасында жазба қалдыру мен дайындалған күнін көрсетуді ұмытпаңыз.

Мәзір үлгісі: бір аптаға жетерлік мұздатылатын тамақ дайындамалары – рецепттер мен идеялар

Әртүрлі және дұрыс тамақтану үшін бір-бірімен біріктіруге болатын 5-6 тағам түрін дайындап қойсаңыз жеткілікті. Міне, бір аптаға арналған мәзір үлгісі мен рецепттерді ұсынамыз:

Таңғы астар

Жидектер қосылған сұлы ботқасы: ботқаны дайындаймыз, бал мен жидектерді қосамыз, контейнерлерге құйып шығамыз. Қолданар алдында жылытып алған жеткілікті.

Көкөніс қосылған жұмыртқадан жасалған маффиндер: жұмыртқаны туралған бұрыш, асжапырақ, көк пиязбен араластырыңыз. Кішкентай қалыптарға құйып шығыңыз да, тұмшапеште пісіріңіз, ал суығаннан кейін мұздатып қойыңыз.

Түскі астар

Тауық етінен істелген тефтели және қарақұмық пен көкөніс бұқтырмасы: тефтелиді қыздырып пісіріңіз немесе бұқтырып алыңыз, қарақұмықты пісіріңіз, бұқтырманы дайындаңыз. Бәрін контейнерлерге салып шығыңыз: ет, гарнир, көкөніс – мұздатқышқа салып қойыңыз.

Балық сүбесі және картоп пен брокколи: балықты тұмшапеште пісіріңіз, картопты қайнатыңыз, брокколиді булап алыңыз да, порцияларға бөліп салыңыз.

Кешкі астар

Жасымық қосылған көкөніс көжесі: пияз бен сәбізді қуырыңыз, қызанақ, дәмдеуіштер, жасымық пен суды қосыңыз. Дайын болған кезде суытып алыңыз да, контейнерлерге құйып шығып, мұздатқышқа сақтап қойыңыз.

Күркетауық етінен істелген котлеттер мен асқабақ езбесі: асқабақты пісіріп алыңыз, одан езбе жасаңыз. Котлеттер – буға немесе тұмшапеште пісіріңіз. Порцияларға бөліңіз және мұздатқышта қатырыңыз.

Сақтауды ұйымдастыру бойынша кеңестер мен балама нұсқа – тоңазытқыш

Егер мұздатқышта орын болмаса, тоңазытқышты да пайдалануға болады. Мәселен, тамақ дайындамаларын тоңазытылған түрде 2-3 күн бойы сақтай аласыз. Бастысы, сақтау мерзімінен аспау:

  • пісірілген жармалар, ет, бұқтырылған көкөніс – 3 тәулікке дейін;
  • тұздық қосылмаған салаттар – 2 тәулікке дейін;
  • көжелер – 3-4 тәулікке дейін.

Бонус:

  • Тамақты қашан дайындағаныңызды ұмытып қалмас үшін телефоныңыздағы таймер немесе күндері жазылған жабыстырмаларды қолданыңыз.

  • Контейнерлердің ішінде кішкене бос орын қалдырыңыз – мұздатылған кезде тамақтың көлемі ұлғаяды.

  • Май, кант және тұздың мөлшерін азайта отырып, пайдалы рецепттерді таңдауға тырысқаныңыз абзал.

Егер балаларыңыз бар болса, әлде жұмыс кестеңіз тым тығыз болса, бір аптаға жетерлік мұздатқышта сақталатын тамақ дайындамалары – нағыз құтқарушыға айналары анық. Сіз уақытыңызды ғана емес, сонымен бірге ресурстарыңызды да үнемдейсіз: азық-түлікті қоқысқа азырақ тастайсыз, ас үлесін жақсырақ жоспарлайсыз, саналы түрде тамақтанасыз.

Қорытынды

ДТ-дайындамалары – бұл ыңғайлы, жылдам әрі дәмді. Мұздату тағамдардың пайдалы қасиеттерін сақтауға көмектеседі, ал үдерісті дұрыс ұйымдастыру күн сайын тамақ дайындамай-ақ, апталар бойы үйлестірілген түрдегі тамақтануға септеседі. Сүйікті рецепттерді таңдаңыз, тағамдарды құрамдастырыңыз, эксперименттерге жол беріңіз – сонда жақын арада тамақ дайындамалары ас үйіңіздің үйреншікті бөлігіне айналады.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.