
Махаббат үшбұрышы: оның шырмауынан шығу мен ұтыста қалудың жолы
Егер махаббат драмасына «батып» бара жатқаныңызды сезінсеңіз, бәлкім, сіз махаббат үшбұрышының шырмауына тап болған шығарсыз. Лайқос мұнымен не істеуге болатыны мен оған қайта түсіп қалмаудың жолын психотерапевт Әсел Дұрбаевамен бірге талдап береді.
Махаббат үшбұрышы дегеніміз не?
Бұл бір адамның бір уақытта басқа екеуімен қарым-қатынаста болуы – бұл ғашықтық, іңкәрлік, не болмаса екі адаммен де жақындық болуы бек мүмкін. Мұндай жағдай әдетте көптеген алаңдаушылықтарды тудырады: әлдебіреу мазасыздық пен кінәні сезінсе, басқасы ашушаңдық пен жан ауруын бастан кешеді. Гештальт-терапияда осының артында ішкі шиеленістің бар екендігін алға тартады: адам өз сезімдері мен қалаулары арасында шатасып қалады.
Мұндай үшбұрыштар әртүрлі болады:
- Жанр классикасы: бір адам басқа біреуге ғашық болады, алайда үшіншісімен қарым-қатынаста қала береді.
- Ашық қарым-қатынастар: барлығы бәрін де біледі және кешіріп отырады, дегенмен бұл сезімдерді жеңілдетпейді.
- Пассивті-тұйық: бір адам екіншісін жақсы көреді, бірақ ол туралы тіс жармайды.
- Эгоцентрикалық: адам тек өзін ғана ойлайды және басқаларды өз пайдасына немесе ләззатқа бөлену мақсатында пайдаланады.
- Махаббаттағы достық: бәрі «біз жай ғана доспыз» дегеннен басталғанымен, кенет олай емес болып шығады.
Неліктен біз мұндай жағдайға түсеміз?
Спойлер: кездейсоқтықтар болмайды. Махаббат үшбұрыштары негізінен кенет болған құштарлықтың нәтижесі емес, мұның себебі адамның ішінде шешілмеген бір түйткілдер немесе қатты уайымдардың болуында жатыр.
Әрбір адам – саналы немесе санасыз түрде – қарым-қатынастарды өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін орнатады, соның ішінде: махаббат, жақындық, мойындау, қауіпсіздік немесе мәртебе тұрғысынан. Егер сіз үшбұрышқа түссеңіз, онда сіздің ішіңізде «қалаймын» және «борыштымын» арасындағы шешілмеген бір шиеленіс бар деген сөз.
Сонымен бірге ескі әрі кеңінен танымал бір үлгі баршылық – «құрбан – тиран – құтқарушы». Бұл рөлдер ұдайы алмасып отырады:
- Күйеу мен көңілдесі – ол оны нашар некеден «құтқарып» отыр.
- Әйел – ерінің опасыздығынан азап шегіп жүрген «құрбан».
- Күйеу – бір уақытта жұбайы үшін «тиран» және көңілдесі үшін некенің «құрбаны».
Бұл үшбұрыш үнемі айналып тұрады, әрі оны тоқтату мүмкін емес.
Неге, тіпті, бәрі нашар болса да, шығып кету қиынның қиыны?
Үшбұрыштың барлық қатысушылары ұтылып отыр. Біреуі кінә мен үрейді сезінеді, екіншісі ашуланады және сатқындықты бастан кешіреді, үшіншісі өзін керексіз екенін және адасқандығын сезеді. Үшеуінің ойында да бір сұрақ: «Неліктен дәл мен осыған тап болдым? Менің қай жерім дұрыс емес?». Алайда адам жалпы өзінің құнды екенін түсінген бойдан ол осы бір шиеленіскен хикаядан шығып, әрі жаңа, салауатты қарым-қатынастарды бастай алады.
Егер адам үшбұрышта қалып қойса, сонымен бірге бұл жағдайдан өзі азап шексе, демек гәптің бәрі ортақ тәуелділікте жатыр. Бұл дегеніміз бізге бала кезімізде салауатты қарым-қатынастарды орнатуды үйретпегенді білдіреді: ата-анамыз тым «жабысқақ» болған, не болмаса олардың тарапынан эмоциялық тұрғыдан толық немқұрайлық танытылған еді. Міне, енді ересек адам біресе құтқарушы, біресе азап шегуші, біресе басымдық көрсетушіні сомдайтын сценарийлерді қайта-қайта таңдап отырады.
Махаббат үшбұрышынан қалай шығу керек?
- Осы қарым-қатынастарда өзіңізді нашар сезінетініңізді мойындау. «Бірақ ол мені сүйеді», «алайда мен онсыз өмір сүре алмаймын», «біздің балаларымыз бар ғой» деген секілді сылтауларға жол бермеу.
- Сіздің қажеттіліктеріңіз қанағаттандырылмай жатқанын – әрі бұл форматта қанағаттандырылмайтынын түйсіну.
- Көмекке жүгіну. Психолог неліктен сіз осындай жағдайға тап болғаныңызды анықтауға ғана емес, сонымен бірге өзге, анағұрлым шыншыл байланыстарды орнатуды үйренуге көмектеседі. Аяғына дейін шыдап жүрудің керегі жоқ. «Бұл жерде бір гәп бар…» деген ой пайда болған сәттен бастап психологқа жүгінген абзал.
- Өзіңіздің құнды екеніңізді білу дағдысын дамыту. Бұл ұзақ жол, дегенмен одан өтуге болатыны хақ.
Үшбұрышқа қайта түсіп қалмаудың жолы қандай?
Адам таныс нәрселерге тартылады. Сондықтан егер бала кезіңізден «мені ешкім таңдамайды» деген секілді сценарийге үйренсеңіз, онда үшбұрышқа бейсаналылық тұрғыдан қайта түсіп кетесіз. Егер, тіпті, сізге «бұл ер адам өзгеше» деп көрінсе де – жоқ. Ол да дәл сондай, тек сақал жібергені болмаса.
Шығу жолы – өзіңіздің ішкі сценарийіңізді қайта жазып шығыңыз: күйзеліс жағдаяттары туындағанда бұрынғы қателіктерге оралмау үшін ойлаудың жаңа әдеттерін қалыптастыру қажет.
Қорытынды
Басқа біреудің драмасының кейіпкері болуды тоқтату мақсатында өз өміріңіздің басты кейіпкеріне айналуыңыз керек. Бұл өзіңізді таңдау дегенді білдіреді. Не қалайтыныңызды, жаныңыз неден ауыратыны мен басқаға лайық екеніңізді түсінуді үйрену.