
Темекі тарту есту қабілетін бұзатыны рас па?
Темекі тартудың зияны жайында сөз етілгенде көбінесе өкпе, жүрек, қан тамырлары есімізге түседі. Көзге-көрекі емес дерек: темекі түтіні есту қабілетіне де ықпал етуі әбден мүмкін. Әрі бұл жалғыз ғана түйткіл емес, дегенмен аурудан айығып кетуге бола ма? Темекі түтінінің құлағымызға қалайша жететінін түсінуге отоларинголог Гүлия Аманғалиева көмектесті.
Ғалымдар не дейді?
Манчестер университетінің зерттеушілері анықтағандай: темекі тартпайтын адамдармен салыстырғанда шылымқұмарлардың есту қабілетіне нұқсан келтіру қаупі 15% жоғары. Айта кетсек, егер сіз шылым шекпесеңіз де, дегенмен темекі тартатын адамдардың қасында жиі болсаңыз, босаңсымаңыз: пассивті темекі тарту есту қабілетінен айырылу тәуекелін 28% арттырады екен.
Әзірге ғалымдар шылым шегудің есту қабілетіне қалайша ықпал ететінін аяғына дейін ұғынбаған, дегенмен екі болжам баршылық. Біріншісі – темекі токсиндері есту мүшелеріне тікелей әсер етеді. Екіншісі – шылым шегуден болатын қан тамырларға байланысты мәселелер салдарынан құлақтың қанмен қамтамасыз етілу үдерісі нашарлайды.
Есту қабілетіне деген қамқорлық қарапайым қадамдардан басталады – құлақты қатты дыбыстардан қорғау және темекі шегуден бас тарту. Егер соңғысы бірден қолыңыздан келмесе, бұл қалыпты нәрсе. Адамдардың небәрі 4-7% ғана темекіні бірінші реттен тастап кете алады. Бұл тұста тоқтамау әрі қол астындағы құралдарды пайдалана білген маңызды:
- никотинді алмастыратын терапия (НАТ) – жабыстырғыштар, спрейлер, сағыз, осының барлығы темекі тартуға деген ұмтылысты төмендетеді және никотинсіз өмірге жұмсақ ауысуға көмектеседі;
- балама нұсқалар, мәселен, хиттерлер, олар жану үдерісіне әрі темекі түтінінің түзілуіне жол бермейді, классикалық темекімен салыстырғанда зиянды 95% дейін төмендетеді.
Кез келген жағдайда ағза үшін ең дұрыс шешім – бұл никотинді тұтынудың кез келген тәсілдерінен бас тарту.
Есту қабілеті қалай жұмыс істейді
Адамның есту аппараты үш бөліктен тұрады:
- Сыртқы құлақ дыбыс толқынын ұстайды және ішке қарай бағыттайды.
- Ортаңғы құлақ дыбысты күшейтеді және құлақ жарғағы мен дыбыс сүйекшелері арқылы әрі қарай беріледі.
- Ішкі құлақ: түкшелі жасушалар орналасқан ұлулы денеден тұратын лабиринт. Дәл осы жасушалар дыбыс толқындарын электр сигналдарына айналдырып, ақпаратты миға жеткізеді. Мұндағы басты түйткіл жасушалардың аса сезімтал екендігінде жатыр. Зақымдап алдың – есту мүкістігіне тап болдың.
Темекі тарту және есту: байланыс қайда?
Түкшелі жасушаларды токсиндермен зақымдап алу оп-оңай, соның ішінде темекі түтінінен болатын уыттармен. Темекі түтінінде түзілетін никотин мен тұншықтырғыш газ қан айналымын нашарлатады да, біздің «аудиожүйеміз» оттегінің жетіспеушілігінен нашар жұмыс істеп бастайды – тура батареясы отырып қалған ескі магнитофон секілді.
Шылымқұмарларда:
- Жоғары жиілікті есту мүкістігінің қаупі 60% жоғары – естуіңіз нашарлайды, әсіресе, шулы жағдайда немесе әйелдер және балалармен сөйлескен кезде;
- Төмен жиілікті есту қабілетін жоғалту қаупі 20% жоғары – ер адамдардың төмен дауыстарын ажырату қиын;
- Түйткілдер ертерек басталады, шамамен 30-40 жаста;
- Қысымның күрт өзгеруі мен тамырлар жұмысындағы бұзылыстар кенет есту қабілетінің нашарлауын тудыруы мүмкін.
Пассивті темекі тарту ше?
Басқалардың темекі тартуынан келетін түтінмен дем алу да онша жақсы емес: пассивті темекі тарту есту қабілетінің үштен бір бөлігін жоғалтып алу қаупін арттырады. Әсіресе, балалар, жасөспірімдер мен созылмалы аурулары бар адамдар арасында. Күйеуіңіз, әріптесіңіз немесе көршіңіз шылым шексе, сіздің есту қабілетіңізге зақым келтірілуі ықтимал.
Есту түйткілдерінің бар екенін қалай түсінуге болады?
- Айткан сөзді қайталауды жиі сұрайсыз
- Шуыл бар жерде біреудің сөйлегенін түсіну қиын
- Құлақтағы зыңыл мен гуіл
- Құлақтың бітеліп қалуын сезіну
- Қатты дыбыстар ашуды туғызады, әңгіме мен теледидардан шаршайсыз
- Араласудан қашқалақтайсыз – өйткені ыңғайсыздықты сезінесіз
Егер осы тізімдегі пункттің біреуін байқасаңыз, лорға барғаныңыз абзал.
Есту қабілетіне тағы не нұқсан келтіруі мүмкін?
Темекі тарту – естудің жалғыз дұшпаны емес. Басқалары да баршылық:
- Құлаққаптағы қатты музыка
- Вирустық инфекциялар (тұмау, менингит)
- Тамырлар аурулары (гипертония, диабет)
- Жарақаттар мен стресс
- Жас шамасы
Алайда дәл осы темекі шегу осының барлығын айтарлықтай қауіпті ете түседі. Әсіресе, басқа қауіп факторларымен бірлескен жағдайда.
Естуді қалпына келтіруге бола ма?
Өкінішке қарай, егер түкшелі жасушалар зақымдалған болса, кері жол жоқтың қасы. Сондықтан адам шылым шегуді неғұрлым ертерек тастаса, барын сақтап қалу мүмкіншлілігі соғұрлым көбірек. Бүгінде ғалымдар түкшелі жасушаларды жандандыру тәсілдерін іздеу үстінде, алайда әзірге бұл болашақтың ісі болып қалып отыр.
Есту қабілетін қалай қорғаймыз?
Темекіні тастаңыз
Темекі тартпайтын адамдарға қарағанда шылымқұмарларда құлақ шалғыштығының төмендеу қаупі 15% жоғары. Сонымен бірге күніне небәрі бірнеше темекі талын шегетін адамдардың өзінде тәуекел арта түседі. Темекіден неғұрлым ертерек бас тартсаңыз, құлақтың естігіштігін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болмақ.
Пассивті темекі шегуден аулақ болыңыз
Сонымен қатар пассивті шылым тарту да, әсіресе, балалар, егде жастағы әрі созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Ауасы темекі түтініне толы бөлмелерден аулақ болыңыз.
Құлаққаптағы дыбыс деңгейін қадағалаңыз
Құлаққаптағы музыка деңгейі максималды деңгейдің 60% аспауы керек, ал музыканы тыңдау ұзақтығы – қатарынан бір сағаттан аспағаны жөн. Тым жоғары деңгей ішкі құлақтың түкшелі жасушаларын зақымдайды, ал олар қалпына келтірілмейтіні белгілі.
Қарапайым тест: егер адам жаныңызда отырып, музыканы естісе, демек бұл тым қатты қойылған музыка.
Бұл тұста шуылды басатын құлаққаптарды таңдағаныңыз дұрыс – олар, тіпті, дыбыстың төмен деңгейінде де өзіңізді жайлы сезінуге мүмкіндік береді.
Тамырлар мен жүйке жүйесінің денсаулығын нығайтыңыз
Көбінесе есту тамырлардың жай-күйіне байланысты болып келеді: егер қанайналым бұзылса, есту жүйкесі де зардап шегеді. Оны жоғары қысым, қант диабеті, атеросклероз және, тіпті, XXI ғасырдың соры – созылмалы стресс те зақымдауы мүмкін. Есту қабілетін қорғау үшін жалпы ағзаңызға күтім жасағаныңыз абзал: тұрақты түрде қозғалу, толыққанды тамақтану, қысым мен қандағы қант деңгейін бақылауда ұстау, шаршағандыққа жол бермеу. B тобының дәрумендері, омега-3 және магнийді жеткілікті мөлшерде алып отырғаныңызды қадағалаңыз. Жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйелері неғұрлым жақсы жұмыс істесе, жақсы есту қабілеті де соғұрлым ұзағырақ сақталады.
Алғашқы симптомдар байқалғанда дәрігерге жүгініңіз
Құлақтың шулауы пайда болды ма? Құлақтың біреуі бітеле бере ме? Шулы жағдайда біреудің сөзін қабылдау қиынға соға бастады ма? Уақытты созбаңыз. Түйткіл неғұрлым ертерек анықталса, есту қабілетін сақтап қалу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары. Кей кездері күрделі салдарға жол бермеу үшін қабынуды емдеу немесе өмір салтын өзгерту жеткілікті.
Қорытынды
Есту – әлемді қабылдаудың маңызды арналарының бірі. Біз ол туралы сирек, тек нағыз мәселеге айналған кезде ғана ойланамыз. Дегенмен есту қабілеті – бұл өмір сапасы, қауіпсіздік пен жақын адамдарыңызбен байланыс дегенді білдіреді.
Жақсы жаңалық: көп нәрсенің алдын алуға болады. Маманға тұрақты түрде барып тұру өзгерістерді дер кезінде байқау мен есту қабілетін сақтап қалуға көмектеседі. Бұл денсаулық пен белсенді өмірге деген қарапайым, алайда маңызды инвестиция екені сөзсіз.