Груминг пен сталкинг: қауіпті уақтылы қалай айырып тануға болады - Лайқос

Груминг, сталкинг, кибербуллинг: қауіп дабылдарын айырып тану мен қорғанудың жолы

Сіз бүгінгі таңда басқалардың назарына, соның ішінде – беймаза, үрей тудыратын әрі жағымсыз назарға оп-оңай түсуге болатынын байқаған шығарсыз? Әсіресе, интернет кеңістігінде, өйткені бұл жерде жеке шекаралар мүлдем жойылатын тәрізді. Біреулер тым қатты әзілдейді, басқалары күн сайын жекеңізге жазып жатады, ал енді біреулері алғашында сүйкімді көрінеді де, кейіннен манипуляция жасай бастайды. Лайқос естеріңізге салады: бұл әшейін «жайсыз қарым-қатынас» қана емес, бұл нағыз зорлық-зомбылық болуы бек мүмкін. Бәрін рет-ретімен талдайық.

Жалпы бұл нені білдіреді

  • Груминг – бұл біреудің кейіннен пайдаланып қалу мақсатында сізбен сенімді қарым-қатынасты орнатуы. Көбінесе мұндай жағдайға жасөспірімдер ұшырайды: әуел баста – комплименттер, көңіл бөлу, қамқорлық таныту, кейін – фотосуреттер, әрі құпиялармен бөлісу, кездесу туралы өтініштер.
  • Сталкинг – адамның қыр соңынан қалмай ізіне түсу. Біреулер сізді әлеуметтік желілерде аңдып, фейк-аккаунттардан хабарлама жазып, жаныңыздан офлайн пайда болуы мүмкін. Бұл қорқыныш сезімін тудырады, әрі бұл орынды: сталкинг көбінесе нақты қатерге айналады.
  • Кибербуллинг – интернет арқылы қудалау. Бұл намысқа тиетін комментарийлер, кемсітетін жазбалар, мемдер, тікелей қорлау. Бұл жаппай шабуыл жасау немесе бір адамның әрекеттері болуы ықтимал, дегенмен әсері бәрібір қиратқыш болып келеді.

Снайпинг пен тұлғалық шабуылдар – нүктелі соққы жасалғанда

Қысым көрсетудің бұдан да қу формалары бар.

Снайпинг – біреу сізді әдейі онлайн-кеңістікте күтіп отырады: ренжіту, кемсіту немесе үдерісті болдырмай тастау мақсатында эфирге, ойынға немесе комментарийге кіреді. Мәселен, әлдебіреу әрдайым стрим өткізуіңізге кедергі етеді немесе тұрақты түрде комментарийде хабарламаларды жазып отырады.

Тұлғалық шабуылдар – бұл дегеніміз сіздің осал жерлеріңізге соққы жасалатын кездер: адамның сыртқы келбеті, шығу тегі, денсаулығы, диагноздары, тілдесу стилі. Көбіне-көп бұл жайттар «шын пікір» немесе «қалжың» ретінде ұсынылады. Дегенмен егер бұл сізге ауыр тисе, бұл – тіптен қалжың емес екені шүбәсіз.

Қай уақытта дабыл қағу керек

Көңіл аударуды қажет ететін белгілерді келтірейік:

  • Әлдебіреу, сіз оған жауап бермесеңіз де, күнделікті жазып отырады.
  • Сіз өзіңізді жайсыз, беймаза сезінесіз, әрі хабарламаларды ашудан да қорқасыз.
  • Сізді бопсаласа: «айтпасаң, баршаға жайып саламын» немесе «өшіріп таста, әйтпесе…»
  • Сізден интимді, «басқалардан жасырын» бірнәрсені істеуге сұраған жағдайда.
  • Сіз күмәнданып бастағаныңызда: «Ал егер мен өзім кінәлі болсам ше?» – бұл құрбандар арасында жиі туындайтын ой.

Бұл сізге қатысты болғанда не істеу керек

  • Үндемей қалмаңыз. Туғандарыңызға, достарыңызға, маманға айтып беріңіз.
  • Дәлелдерді жинаңыз. Скриншоттар, хабарламалар, профильдер.
  • Бұғаттап тастаңыз және шағымданыңыз. Бүгінде барлық әлеуметтік желілерде осындай мүмкіндік қарастырылған.
  • Көмек сұраңыз. Полицияға, психологқа, жедел желінің көмегіне жүгініңіз.
  • Шекараңызды бұзуға ешкімнің құқысы жоқ – өмірде де, онлайн түрде де.

Қорытынды

Дөрекі әзілдер, біртүрлі хабарлама алысу, жалықтыратын байланыстар – осының бәрі де жай ғана жағымсыз емес, сонымен бірге қауіпті болуы да бек мүмкін. Сіздің үрейіңіз – әлсіздік емес. Бұл өзіңізді қорғау керектігін білдіретін белгі. Есіңізде болсын: егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, онда тоқтап, ойланып, әрі қажет болған жағдайда көмекке жүгінгеніңіз абзал. Сіз төзуге міндетті емессіз.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.