Аптап ыстықтағы спорт: ыстық қалада қауіпсіз жаттығудың жолы - Лайқос

Аптап ыстықтағы спорт: өзіңізге зиян келтірмей далада қалай жаттығуға болады

Жаз – бұл тек ашық жасыл шөп пен нәзік күн ғана емес, сондай-ақ бұл күнделікті +35…+40°C деген сөз. Қимылдағың келеді, белсенді болуды қалайсың, алайда аптап ыстықтың салдарынан әдеттегі екпіннен айырыласың. Күн райы осындай болғанда жалпы таза ауада спортпен шұғылдануға бола ма? Болады – бірақ бәрін де ақылға салып жасағаныңыз абзал. Лайқос қызып кетпеудің, өзіңізге зиян келтірмеудің және жаттығулардан ләззат алудың жолын айтып береді.

Белсенділік үшін үздік уақыт

Ыстық кезіндегі басты ереже – салқын кезде жаттығу.

Таңертеңгі сағат 8:00 дейін – ең жағымды нұсқа: таза ауа, шаң аз, шыжыған күн жоқ, көлік саны да азырақ.

Кешкі сағат 20:00 кейін – бұл да жарамды уақыт, әсіресе, самал соғып тұрса.

Күндізгі сағаттарда далада жаттықпағаныңыз абзал: қызып кету мен сусыздану қаупі өте жоғары. Егер, тіпті, өзіңізді тамаша сезініп жүрсеңіз де, тәуекелге бармағаныңыз дұрыс.

Спорттың қандай түрлерін таңдау керек

Қатты ыстық кезінде жайбарақат және жұмсақ белсенділік қолайлы:

  • таңертең: жүгіру, күштік жаттығу, созылу жаттығулары, құзға шығу (көлеңкеде)
  • кешкісін: йога, скандинавиялық жүріс, велосеруендер, жүзу
  • табиғат аясында немесе судың жанында – салқындау мүмкіндігі бар болса, бұл ерекше жағымды болмақ

Ал қарқынды жүктемелерді аптап ыстық кезінде (кроссфит, спринт, функционалдық шеңберлер) кондиционері бар залға ауыстырған жөн.

Аптап ыстықта қауіпсіз жаттығудың 5 ережесі

  1. Су ішіңіз – жаттығудан бұрын, оның барысында және одан кейін. Тіпті, қаламасаңыз да, су ішкеніңіз абзал.
  2. Жеңіл киініңіз – ақшыл түсті, кең, «тыныс алатын» киім мен міндетті түрде бас киім болуы керек.
  3. Артық тамақ ішпеңіз – жаттығу алдында бұған жол бермеңіз, әрі майлы және ауыр тағамдардан бас тартыңыз.
  4. Күннен қорғайтын иісмайды қолданыңыз, бұл 30 кем түспейтін SPF құралы болуы тиіс, тіпті, көлеңкелі жерде жаттықсаңыз да.
  5. Өзіңізді тыңдай біліңіз. Әлсіздік, бас айналу немесе жүрек айнуды сезіндіңіз бе? Бірден тоқтап, көлеңкелі жерге отырып, су ішіңіз.

Таза ауадағы жаттығулардан кімдер бас тартқаны абзал

Спорт – бұл өзіңізге жасалатын зорлық-зомбылық жайында емес. Әсіресе, аптап ыстық кезінде. Келесі жайттар болса, жаттығуды кейінге қалдырыңыз:

  • сізде гипертония, жүрекке, қалқанша безге байланысты түйткілдер болса,
  • нашар ұйықтасаңыз немесе шаршағандықты сезінсеңіз,
  • далада мүлдем көлеңкелі жерлер болмаса, әрі қызған ауамен демалып тұрғаныңызды сезінсеңіз.

Балалар, жүкті әйелдер мен егде жастағы адамдар күннің астында спортпен тіптен шұғылданбағаны абзал.

Қорытынды

Қалада таза ауадағы жазғы жаттығулар қуаныш сыйлай алады – алайда бұл денеңізге деген қамқорлыққа мән бере отырып, спортпен шұғылданған жағдайда ғана мүмкін. Үзілістерді жасаңыз, дұрыс уақытты таңдай біліңіз және мына бір жайтты қаперіңізден шығармаңыз: демалыс – бұл да жаттығудың бір бөлігі.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.