Қазақстандағы хиджама: бұл дегеніміз не және несімен қауіпті болуы мүмкін - Лайқос

Хиджама: бұл дегеніміз не, кімге жарамды және қай уақытта қауіпті

Хиджама туралы хабарландыруларды көшедегі бағаналардан да, әрі Қазақстанның кез келген нүктесіндегі жарнамалық блоктардан да кездестіруге болады. Бұл өзі қандай процедура және оның елімізде қаншалықты заңды екендігін Лайқос анықтады.

Хиджама дегеніміз не

Хиджама – бұл банкаларды пайдалану мен теріге тілік жасау арқылы қан шығарудың дәстүрлі тәсілі. Құрғақ (тілік жасамай) және ылғалды (тілік жасау мен қан алу) түрлері бар. Бұл ислам тәжірибесіндегі сүннет амал. Барабар қолданылған жағдайда – қан жұмсақ түрде тазаланады, ал салғырттық танытылса, күрделі түйткілдердің пайда болу қаупі бар.

Процедура қалай жүргізіледі

  1. Денеге вакуумдық банкалар қойылады.
  2. Кішкентай тіліктер жасалады (кескіш немесе скальпельдің көмегімен).
  3. Банкалар арқылы қан тамшыларын алып тастайды.
  4. Теріні емдеп-тұмдайды және бинтпен таңады.

Дұрысы, барлығы стерильді түрде, әрі медициналық білімі бар маманмен орындалуы тиіс. Әйтпегенде инфекция жұқтырып алу мен қанды тым көп жоғалту қаупі жоғары.

Хиджаманың ықтимал пайдасы — жақтаушылары не дейді

Хиджама жақтаушылары процедураның келесі жайттарда көмектеседі деп санайды:

  • қанды «тоқтап қалу» мен уыттардан тазартады,
  • қан айналымы мен лимфа ағынын жақсартады,
  • бас ауруын, арқа, буындағы ауырсынуды азайтады,
  • шаршау мен стресті төмендетеді,
  • қысымды қалпына келтіреді,
  • терінің күйін жақсартады,
  • иммунитетті нығайтады.

Көбіне-көп оны созылмалы аурулар, шаршағандық, ЕАС, бас ауруы, белдегі ауырсыну кезінде жасатады.

Алайда хиджама тиімділігінің ғылыми дәлелдері шектеулі. Медицина мұны плацебо, босаңсу немесе өзін-өзі иландырудың әсері ретінде адамның хал-жайының қысқа мерзімге ғана жақсаратынын мойындап отыр.

Кім хиджаманы жиі пайдаланады

  • Халық медицинасының ізбасарлары.
  • Діни дәстүрді ұстанатын мұсылмандар.
  • Созылмалы бас ауруы, арқаның ауырсынуы, шаршағандыққа тап болған адамдар.

Кейбіреулер оны медициналық лицензиялары жоқ, әрі ресми емес кабинеттерде жасатады.

Қазақстанда хиджаманы жасау заңды ма?

Хиджама Қазақстандағы лицензияланатын процедуралар тізіміне кірмейді, демек тін немесе мүшелерге енуді қамтитын кез келген процедуралар тек қана медициналық қызметкерлер тарапынан жүргізілуі тиіс.

Егер процедураны біліктігі жоқ адам жасайтын болса, бұл заңсыз әрекет болып саналады және сол адам айыппұл төлеуі немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Төменде бірнеше мысал келтіріп өттік:

Атыраудағы нәресте

Нәрестенің бетінде ұстараның жүзімен тілік жасалған – бұл жағдай нағыз қоғамдық резонанс тудырған еді. Денсаулық сақтау министрлігі прцедураны заңсыз деп танып, тиісті тексеру өткізіп, медбикеге айыппұл салған және орталықты жауып тастаған.

Балаларға хиджама жасатуға қарсы петиция

Нәрестеге қатысты жағдайдан кейін Қазақстан тұрғындары балаларға арналған хиджама тәжірибесіне қарсы петицияға жаппай қол қоя бастады. Мұны 11 мыңнан астам адам қолдаған.

Алматы тұрғыны өлім аузынан қалды

Әйел процедураны бір аптаның ішінде үш рет жасатқан, нәтижесінде гемоглобин деңгейі 20 г/л (қалыпты жағдайда ≈120 г/л) дейін түсіп кеткен. Реанимация мен қан құю қажеттілігі туындаған. Дәрігер оның өлімнен аман қалғанын нағыз ғажап жағдай деп атады.

Атырау орталығындағы келеңсіздіктер

Санитарлық-эпидемиялық бақылау стерильдіктің жоқтығын, білімі жоқ медицина қызметкерлерінің жұмыс істегені мен бір реттік құралдардың қайта қолданылып жүргенін анықтаған.

Қорытынды

Хиджамаға тыйым салынбаған, дегенмен оны медициналық қызмет деп санауға болмайды – лицензияның жоқтығы процедураға күмән келтіреді. Егер сіз оны жасатуға бел бусаңыз, маманның біліктілігін, медициналық білімінің бар екенін, құрал-жабдықтардың зарарсыздандырылғанын тексеріңіз. Балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы және әлсіреген адамдармен ерекше сақтықты танытқан абзал. Естеріңізде болсын: жанама әсерлер пайда болған жағдайда дереу ауруханаға барған жөн.

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.