Алматының көрікті жерлері: қонақтарды қайда апаруға болады
Көрші қалалардан немесе, тіпті, көрші елдерден достарыңыз тағы да қонаққа келіп қалды, ал сіз оларды қайда апаруға болатыны туралы бас қатырып отырсыз ба? Уйымдамаңыз! Laikos.kz сіздер үшін әрбір турист міндетті түрде баруға тиіс Алматының ең танымал көрікті жерлерінің тізімін жасады.
Алматыға келіп тұрып Медеу мен Шымбұлаққа соқпай кету – нағыз қылмыс. Бұл көрнекті орындар Алматының визит карточкасы болып келеді және әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристерді әрқашан тартып тұрады. Жылдың кез келген маусымында баруға кеңес береміз, алайда әсіресе қыста барғаныңыз абзал: аспалы жолдан ашылатын керемет көрініс, сырғы, шаңғы және сноуборд тебу мүмкіндігі.
Әрі қарай қайда баруға болады? Биік таудағы Көктөбе саябағы. Сол жерден Алматыға ерекше әдемі панорама ашылады. Мұнда жергілікті тағамдарды ұсынатын мейрамхана, аттракциондар паркі, шағын хайуанаттар бағына барып, телемұнараны тамашалауға болады. Атмосфераға толықтай шому үшін аспалы жолмен көтерілуге кеңес берер едік.
Егер сіз оңтүстік астанада бір аптадай уақытқа қалуға шешім қабылдасаңыз, бір-екі күніңізді міндетті түрде Көлсай және Қайыңды көлдеріне арнағаныңыз жөн. Қайыңды көлі өзінің айырықша табиғат көрінісімен тамсандырады: ежелгі орманды су басып, әрі судан көтеріліп тұрған ағаш діңдері су асты әлемін көзге елестететін нағыз мистикалық атмосфераны сезіндіреді. Көлдерге апаратын жол бойында тағы бір керемет жердің жанынан өтесіз – бұл Шарын шатқалы, Гранд-каньонның інісі десек те болады.
Тамғалы тас кешеніне баруға да кеңес береміз. Бірегей тарихи ескерткіш Іле өзенінің жағасында, Алматы қаласынан солтүстікке қарай бағыт алсақ, шамамен 120 км қашықтықта орналасқан. Археологиялық кешен VI-XIV ғасырларға жататын жартастарға салынған ежелгі суреттер мен буддалық жазуларымен белгілі.
Көлдерге де, Тамғалы тас кешеніне де сапарды ұйымдастыруға кез келген дерлік туристтік фирма көмектесе алады. Ең танымал және тексерілген фирмаларға жүгінгеніңіз абзал, олардың барлығын Instagram желісінен іздеп табуға болады, әрі сол жерден пікірлерді де оқып шыға аласыз.
Қазақстанның оңтүстік астанасы – бұл шопинг пен гастрономия әуесқойлары үшін нағыз жұмақ. Алматыдағы Көк базар – бас сұқпай кетуге болмайтын туристтер арасында кеңінен танымал орындардың бірі. Бұл жерде барлығын да, жаңа піскен жемістер мен көкөністерден бастап экзотикалық дәмдеуіштер, әрі қазақтың дәстүрлі таңдаулы тағамдары мен кәдесыйларға дейін таба аласыз. Сонымен бірге мына бір жайтты тілге тиек етпей кету орынсыз – мұнда бәрінен де дәм татуға рұқсат.
Ауыр люкс әуесқойларына Esentai Mall — Орталық Азиядағы люкс санатына жатқызылатын жалғыз сауда орталығы ұнайтыны шүбәсіз. Бұл жерде күллі әлемге әйгілі брендтер, бірегей мейрамханалар топтастырылған, әрі кинотеатрлар да бар. Жаңа жыл қарсаңында молдың жанында мұз айдыны жасалып, көз тартарлық шырша құрылады, ал жаз мезгілінде сауда орталығының қасында орналасқан саябақта серуендеуге болады.
Серуендеуді жақсы көретін жандар үшін Арбат көшесі, Ботаникалық бақ, Республика алаңы мен Тәуелсіздік монументін зерттеуге кеңес береміз. Алаңның айналасында әкімшілік ғимараттар орналасқан, сонымен бірге еліміздің ең ірі мұражайларының бірі Орталық мемлекеттік музей бар. Арбаттың бойында суретшілер мен музыканттар жанды инсталляцияларды жасап, көшенің қақ ортасында шағын көрмелерді ұйымдастырады.
Алматыда жыл он екі ай бойына мәдени бағдарлама қарастырылған: театрлар мен мұражайларға баруға болады. Сонымен қатар қонақтарыңызды Ne prosto orchestra симфониялық оркестрінің концертін тамашалауға апара аласыз: оркестрдің репертуарында «Хәрри Поттер», дорамалар және түрік сериалдарының желісіне негізделген бағдарламалар баршылық.
Алматы — бұл әрбір саяхатшыға ерекше бір дүниені ұсынуға дайын қала. Естеріңізге сала кетсек, сондай-ақ бұл еліміздің гастрономиялық астанасы болып келеді: қалада әлемнің барлық тағамдары ұсынылатын кафелер мен мейрамханалар бар. Ешбір турист аш қалмайтыны анық!