
Араластырмау: неліктен алкоголь және антибиотиктер – қауіпті үйлесім
Бәлкім, бұл классикалық сұрақ шығар: «Егер антибиотиктерді қабылдап жүрсем, бір бокал шарап ішуге бола ма?». Интернетте түрлі кеңестер қаптап жүр, дегенмен бұл жайлы медицина не дейді? Алкоголь мен антибиотиктерді қиыстыру сауығып кету үдерісін баяулатуы, жанама әсерлерді күшейтуі және, тіпті, бауырға зиян келтіруі әбден мүмкін. Лайқос неліктен алкоголь + антибиотиктер миксі қауіпті екендігін анықтады.
Антибиотиктер қалай жұмыс істейді
Антибиотиктер – бұл бактериялармен күресетін дәрілер. Олар әртүрлі болады: біреулері бактерияларды тікелей өлтіреді, екіншілері олардың өсуін тежейді. Дегенмен дертке шалдыққан кезде ағзаның әлсірейтінін ұмытпаған абзал: иммунитет инфекциямен арпалысып жатады, бауыр мен бүйрек өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп тұрады, ал асқазан мен ішек аса сезімтал бола түседі.
Алкоголь және антибиотиктер: ағзаға не болып жатады?
- Емделудің тиімділігі төмендейді. Алкоголь ағзаға анитиботиктерді дұрыс сіңіруге кедергі етуі ықтимал. Зерттеулерге сүйенсек, емделу барысында ішімдіктерді, тіпті, бірқалыпты мөлшерлемеде тұтыну аурудың курсын бірнеше күнге ұзартып жіберуі бек мүмкін.
- Бауырға түсетін салмақ артады. Алкоголь де, антибиотиктер де бауыр арқылы өңделеді. Екеуін бір уақытта қабылдау осы мүшеге түсетін жүктемені арттырады, әрі бұл уытты реакцияны тудыруы ықтимал: бауыр заттектерді залалсыздандырып үлгермеуі мүмкін, ал бұл мүшенің жұмысына нұқсан келтіріп, қабынуға, ферменттердің жоғарылауына және жалпы хал-жағдайдың нашарлауына әкеліп соқтырады.
- Жанама әсерлер күшейеді. Жүрек айну, лоқсу, бастың ауырсынуы, іштің өтуі – антибиотиктердің қарапайым жанама әсерлері. Алкоголь оларды тек қана күшейте түседі.
- Ерекше жағдайлар: қауіпті реакциялар. Кейбір антибиотиктер (мәселен, метронидазол, тинидазол, кейбір цефалоспориндер) алкогольмен үйлестірілгенде аса күшті реакцияны береді – қатты құсу, терінің қызаруы, жүрек соғысының жиілеуі, қысымның төмендеуі ықтимал.
«Кішігірім бокал» туралы дақпырт
Адамдардың көбі «аздаған шараптың» зияны жоқ деп санайды. Ал шын мәнісінде тәуекел антибиотиктің түріне, мөлшерлемесі мен ағзаның хал-күйіне байланысты болып келеді. Нұсқаулықты мұқият тексеріңіз: егер «алкогольмен өзара әрекеттесуі» бөлімінде «тұтынбау» деген жазу бар болса, демек бұл қалжың емес. Кей кездері, тіпті, кішігірім мөлшерлеменің өзі жанама әсерлерді күшейтіп жіберуі немесе сауығуды баялатуы әбден мүмкін.
Алкогольдің орнына не істеуге болады
- Су мен шөп шайларын көбірек ішу;
- Демалу және ағзаға инфекцияға қарсы күресуге күш беру;
- Антибиотиктерді қабылдау бойынша дәрігердің нұсқаулығын ұстану;
- Иммунитетті дәрумендермен, дұрыс тамақтану және жеңіл физикалық белсенділікпен нығайту;
- Егер бір бокалды қатты қалап тұрсаңыз, дәрігеріңізбен курс аяқталғаннан кейінгі қауіпсіз мерзімдерді талқылаңыз.
Қорытынды
Тезірек сауығып кетудің ең жақсы тәсілі – антибиотиктер курсын қабылдау барысында алкогольді мүлдем тұтынбау және ағзаға артық салмақ түсірмей инфекцияны жеңуге мүмкіндік беру.