
Casual drinking: бұл не және неліктен әрқайсымыз маскүнембіз
«Жұмыстан кейін бір бокал шарап ішу», «босаңсу үшін сыраның бір-екі құтысы», «мен көп ішпеймін ғой» – бұл сөздер күнделікті норманың бір бөлшегіне айналғаны қашан. Алкоголь барған сайын демалыстың міндетті элементі, күйзелістен арылу мен ауыр күннен кейінгі көңіл сергітудің тәсілі ретінде жиі қабылданады. Алайда шын мәнісінде бұл маскүнемдікке апаратын тікелей жол. Лайқос неліктен біздің әрқайсымыз маскүнем екендігін түсіндіреді.
Сasual drinking дегеніміз не
Іс жүзінде casual drinking – бұл алкогольдік тәуелділіктің ерте кезеңіндегі, әрі әлеуметтік тұрғыдан құпталатын пішіні. Ол баяу қалыптасады: әр кеш сайын бір бокал шарап, «босаңсу үшін» сыра, «себебі солай қалыптасқан» деп коктейльдерді ішу, сондықтан бұл жылдар бойы байқалмауы мүмкін. Сasual drinking қаупі қалыпты нәрсеге бүркемеленетінінде жатыр. Адам тым көп ішпейді, жұмысына барады, міндеттерін атқарып жүреді, әрі сол себептен бәрі де бақылауда дегенге сенімді болып келеді.
Неге casual drinking – әркез зиянсыз бола бермейді
Адамдардың көбі «кішкене алкоголь ешкімге зиян келтіре қоймас» немесе «мен маскүнем емеспін, тек әшейін босаңсу үшін ішемін» деп сенеді. Алайда статистика мен зерттеулер мүлдем басқа көрініс беріп отыр:
- Қазақстандықтардың 90 000 астамы алкогольді ішімдіктерге байланысты психикалық ауытқуы бар деп есепке тіркелген – әрі бұл дәрігерге барған адамдар ғана.
- Дүниежүзілік статистикаға көрсетіп отырғандай, жыл сайын әлемде шамамен 3 млн адам, соның ішінде 15-29 жастағы жүз мыңдаған жастарды қоса алғанда ішімдікке салыну салдарынан қайтыс болады екен.
Тіпті, аз мөлшерде немесе «әлеуметтік» тұтынудың өзі медициналық қауіптерді арттыратыны хақ. ДДСҰ заманауи зерттеулеріне зер салсақ, онкологиялық аурулардың дамуы немесе жүрек-қан тамырлары жүйесінің зақымдалуы үшін алкогольдің қауіпсіз деңгейі болмайды.
Неліктен casual drinking тәуелділікке соқтыруы мүмкін
Алкоголь мидың жұмысын өзгертеді: ол рахаттану орталықтарын ынталандырады, өзін-өзі бақылауды төмендетеді, алаңдаушылықты басады – бұл уақыт өте келе әдетті күшейтеді. Адамдардың дені алкоголизм – бұл адамның күн сайын ішімдікке салынатын және бақылауды жоғалтатын кездегі тәуелділіктің ең соңғы кезеңі деп қате ойлайды. Ал шын мәнісінде алкоголизм әлдеқайда ертерек басталады және өзіне тән дабыл белгілерге ие болып келеді:
- Достарыңызбен немесе жұмыстан кейін босаңсу үшін әріптестеріңізбен тұрақты түрде отырыстарды ұйымдастыру.
- Алкогольді көңіл-күйге байланысты немесе күйзелістен арылу үшін тұтыну.
- Бір кездесуде немесе бір күнде тұтынылатын ішімдіктің мөлшерін біртіндеп арттыру.
- Алкогольді, мәселен, әлдену, темекі тарту немесе кеш ұйықтау секілді күйзелісті жеңудің басқа тәсілдерімен араластыру.
- Жалғыз ішу әдеті, сонымен бірге мұны қалыпты нәрсе немесе бақыланатын жайт деп есептеу.
- Алкоголь өзіңізді анағұрлым еркін, көңілді немесе өнімді сезінуге көмектеседі деп сендіру.
Қорытынды
Бұл әшейін кішкентай әдет емес, бұл зиянсыз және зиянды дегеннің арасындағы шекараны оңай жоғалтып алуға болатын мінез-құлықтың күрделі картинасының бір бөлігі. Егер тек бүгінгі көңіл-күй жайында ғана емес, сонымен бірге ертеңгі өмірдің сапасы туралы ойласаңыз, онда алкогольге саналы түрде қарау мен, мүмкіндігінше, оның тұтынылуын барынша азайтқан маңызды, өйткені алкогольдің қауіпсіз мөлшері болмайды.