
Демалысқа мүмкіндігінше арзанға барып қайту мен бар ақшаны жұмсамаудың жолы
Арманыңыздың бағасы қандай? Егер сіз бес таңбалы сома туралы ойланып қалсаңыз, сізді қуантуға асықпыз: демалыс тамаша және қымбат емес болуы әбден мүмкін, әсіресе, оны ақылға салып, кішкене қулық қосып, әрі сауатты сараңдықпен жоспарлай алсаңыз. Лайқос арманыңыздағы саяхат сізді аса қатты шығынға ұшыратпауы үшін travel-лайфхактарды құрастырды. Ал кеттік!
Үй алмасу – тура кинодағыдай (тек Кэмерон Диаз жоқ)
Иә, бұл дақпырт емес. Сен шынымен де Парижге саяхат жасай аласың, ал әлдекім Алматыға сенің бір бөлмелі пәтеріңе келіп тұрады. Үй алмасу сайттары күллі әлем бойынша жұмыс істейді: сен тұрғын үйді таңдайсың, сол үйдің иесімен келісесің, әрі жергілікті тұрғын секілді тегін тұрасың. Шынайы өмір сезімі, қонақ үйге жұмсалатын шығынның жоқтығы және нағыз жайлылық болары сөзсіз.
Қайда іздеу керек:
- HomeExchange.com – ең танымал, әрі верификация мен адамдардың пікірлері бар сайт. Егер өзара алмасу болмаса, ұпайлар жинау опциясы қарастырылған.
- LoveHomeSwap.com – британдық платформа, мұнда да ұпайлар жүйесі бар.
- PeopleLikeUs.world – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған «үй айырбастаушыларының» жолдастық қауымдастығы.
Кеңес: егер әлдебіреуді үйіңе кіргізуден қорықсаң, бастапқы кезде бір бағытты алмасуды байқап көр – яғни, тек ұпай үшін, үйіңе қонақ кіргізбейсің.
Жануарларға күтім жасау
Ал бұл опция жануарларды жақсы көретіндерге арналады. Сен басқа біреудің үйінде жануарлар немесе өсімдіктерді бағып күтесің де, тегін тұра бересің. Бұл интроверттер мен жаны тыныштық, жайлылық пен айнала жайқалған жап-жасыл бақшаның болғанын қалайтындар үшін нағыз олжа.
Қайда іздеу керек:
- TrustedHousesitters.com – ең танымал платформа. Тіркелу ақылы, дегенмен есесі жылдам қайтарылады.
- MindMyHouse.com – елдердің кең таңдауы бар арзандау аналог.
- Nomador.com – сенімге екпін түсірілген өте атмосфералық платформа.
Маңызды жайт: пікірдерді оқисың, верификациядан өтесің – міне, дайын: Париж, Лиссабон немесе Шотландиядағы ферма сенің уақытша үйіңе айнала алады.
«Ыстық» билеттер
Демалысқа барып қайтудың ең бір бюджеттік тәсілі – ұшудан бір-екі күн бұрын билеттерді «қағып алу». Авиакомпаниялар мен агенттіктер рейстің жүктемесін толтыру мақсатында бағаларды түсіреді.
Қалай іздеу керек:
- Aviasales.ru – нағыз классика, арнайы «Ыстық билеттер» тарауы бар.
- Skyscanner – «Кез келген нүктеге» және «Алдағы демалыс күндері» батырмаларын таңдаңыз.
- Level.Travel – алдағы 1-3 күнде ұшуға арналған турлар.
Кеңес: жолжүгіңіз бен үмітіңіз неғұрлым аз болса, арзан ұшып кету мен кенет болған демалыстан ләззатқа бөлену мүмкіндігіңіз де соғұрлым жоғары болмақ.
Хостелдер, каучсерфинг пен кемпингтер
Егер сен әлемге ашық болсаң, тіпті, ақшасыз (дерлік) өмір сүруге де болады:
- Couchsurfing.com – бұл халықаралық қауымастықта саяхатшылар бірін-бірі іздейді: біреулер дивандағы орынды ұсынады, басқалары қонақ болып, хикаяларымен бөліседі. Егер елдің шынайы рухын сезініп, жергілікті адамдардың өмірін өз көзіңізбен көріп, сонымен бірге қаражатыңызды үнемдеуді қаласаңыз, осы нұсқаны байқап көріңіз.
- Хостелдер – тек студенттерге арналмаған. Бүгінде олардың көбі асүйлері мен демалу аймақтары бар стильді мини-қонақ үйлерге ұқсас келеді.
- Кемпингтер мен шатырлар – АҚШ пен Еуропа елдерінде шатыр орнатуға болатын немесе арзан тұратын шағын үйлерді жалға алу мүмкіндігі бар ресми аймақтар көптеп кездеседі.
Жергілікті тұрғын сияқты тамақтаныңыз
Мейрамханалардың орнына – жергілікті тұрғындар тамақтанатын базар, көше тағамдары, дәмханалар секілді жерлерде тамақтаныңыз. Мұнда әрі дәмді, әрі арзанырақ болары шүбәсіз. Азияда толыққанды түскі ас небәрі 2-3 долларды құрайды. Ал егер тамақты өзіңіз дайындасаңыз, онда асүйді кез келген дерлік хостелден оңай табуға болады.
Лайфхак: егер дәмхананың мәзірінде суреттер мен ағылшын тілі жоқ болса, сол жерге батыл кіре беріңіз. Демек бұл жерде жақсы тамақтың не екенін білетіндерді тамақтандырады деген сөз.
Бюджеттік бағыттарды таңдаңыз
Әлемде әсемдігі жағынан еш кем түспейтін, дегенмен әлдеқайда арзан әрі аса қызықты жерлер бола тұрғанда, мың долларлық Мальдив аралдары кімге керек дейсіз? Егер шабыт алғыңыз келсе, мына бағыттарға назар аударыңыз:
Грузия, Армения, Түркия
Грузия мен Армения – бұл таулар, шіркеулер, ең дәмді тағамдар мен өлшеуге келмейтін нағыз қонақжайлық. Түркия – бұл all inclusive қана емес. Ыстамбұл, Анкара, Каппадокия немесе Эгей теңізінің жағалауы қонақты онша көп шығынға ұшыратпай-ақ, әдемі әсерге бөлейді.
Сербия, Черногория, Албания
Бұл елдер – Хорватия секілді, алайда мұнда туристер топырлап жүрмейді және бағалар да анағұрлым төменірек келеді. Жерорта теңіздік табиғат, қамалдар, жайлы көшелер мен нағыз балкандық атмосфера – азғантай ақшаға тамаша демалыс болатын сияқты естіледі.
Вьетнам, Үндістан, Индонезия
Жағажйалар, тропиктер, хош иісті базарлар, нанғысыз арзан және дәмді тағамдар – әрі осының барлығына, тіпті, орташа бюджеттің өзі де жетерлік. Бұл жерде сапар нағыз шытырман оқиғаға айналады: әсерлі, жарқын және тегін дерлік саяхат.
Ойын-сауыққа шығынданбаңыз
Әрбір күнді жаңа эмоцияларға толтыру мақсатында міндетті түрде қымбат тұратын билеттерді алудың қажеті шамалы. Серуеннен бастаңыз: көптеген ірі қалаларда жергілікті гидтердің қызмет көрсетуімен өтетін тегін экскурсиялар баршылық – оларды Guruwalk немесе FreeTour секілді сайттардан іздегеніңіз абзал. Ал егер айдың бірінші жексенбісінде Парижге жолыңыз түссе, Лувр немесе Орсе мұражайларына бас сұғып көріңіз, бұл күні осы жерлерге кіру тегін. Финляндия немесе Нидерланды сияқты басқа елдерде кітапханалар мен мәдени орталықтар өз есіктерін айқара ашады: кітап алу, фильм қарау немесе дәріске қатысу мүмкіндігі бар – барлығы да тегін.
Маусым кезінде ұшпаңыз!
Үнемдеуді қаласаңыз, «ыстық» маусым кезіндегі демалыс туралы ұмытқаныңыз дұрыс. Жаз немесе жаңа жылдық мерекелер кезінде билеттер мен тұрғын үйлердің бағасы тура ұшақтың бір қанатының бағасынан кем түспейді. Skyscanner мәліметтеріне сүйенсек, маусымнан тыс уақытта ұшу бағасы 40-60% дейін төмен болуы бек мүмкін. Мәселен, қазан айындағы Италия анағұрлым тыныш әрі жайлы ғана емес, сонымен бірге бұл жақта демалу айтарлықтай арзанға түседі екен.
Кеңес: Hopper, Aviasales немесе Google Flights секілді қосымшалардың көмегімен бағаларды қадағалап отырыңыз. Олар билеттерді қашан алған жақсырақ екендігін айтады және түрлі науқандар жайында алдын ала ескертеді.
Қорытынды
Демалысыңызды алдын ала жоспарлаңыз, икемді болыңыз, балама нұсқаларды іздеңіз – сонда сіз саяхаттан алар әсерлеріңізге нұқсан келтірмей-ақ, шығынды оңай қысқартуға болатынына таңданасыз. Әлем өте үлкен, алуан түрлі және өзіңізді бақытты, әрі еркін сезіну мен шабытқа бөлену үшін қомақты ақшаны жаратуды керек етпейтін орындарға толы.