Жаңа жылды қалай қарсы алу керек: мереке, сыйлықтар, безендіру және сәнді киімге арналған идеялар

Естен кетпес Жаңа жылға қалай дайындалу керек: кеңестер мен идеялар

Жаңа жыл — бұл әшейін ғана мейрам емес, бұл отбасы, достар және, әлбетте, сыйлықтарға арналатын уақыт. Мерекенің керемет өтуі үшін Лайқос мінсіз Жаңа жылға арналған толық нұсқаулықты жинады.

Жаңа жылды қайда мерекелеуге болады?

Үйдің жайлылығы

Жаңа жылды үйде атап өту — нағыз классика, әрі бұл жайлылық пен отбасылық жылулықты сыйлайтыны сөзсіз. Адамдардың көбі үшін Жаңа жыл және үйдегі жайлылық сияқты екі ұғымның бір-бірімен тығыз байланысты болғаны сонша, олар, тіпті, осындай сиқырға толы түнде қандай да бір басқа жерге барудың қажеттілігін шынымен түсінбейді.

Артықшылықтары:

  • Аз шығынды қажет ететін нұсқалардың бірі
  • Кештің бағдарламасы мен мәзірді қалауыңызша құру мүмкіндігі
  • Кішкентай балалары немесе егде жастағы туысқандары бар отбасылар үшін бұл ең қолайлы нұсқа
  • Үйде сіз қалағаныңызша тойлап, асықпай және әбігерлікке салынбай таңды да қарсы алсаңыз болады

Идеялар:

  • Әрбір қонақ қандай да бір түсті немесе елді таңдап, әрі өз қалауынша тағамдар, сусындар мен тәттілерді әкелсін. Осылайша олар алуан түрлі және қызықты мерекелік дастарханға үлесін қосады!
  • Тақырыптық Жаңа жылды таңдаңыз, мәселен, Шрек стилінде болсын: қонақтар киім мен реквизиттерді таңдап алып, аталмыш мультфильмдегі кейіпкерлерге айналады. Мұндай мереке «Голубой огонек» бағдарламасын тамашалаудан әлдеқайда көңілдірек болары айқын!

Мейрамханалар мен кафелер

Сізді үйдегі Жаңа жыл жалықтырып жіберді ме? Бітпейтін салаттарды турау мен бірқалыпты мерекелерден шаршадыңыз ба? Егер ерекше және ұмытылмас мерекелеуді қаласаңыз, онда мейрамхана немесе караокедегі мейрам – тамаша шешімге айналмақ.

Артықшылықтары:

  • Дайын мәзір және мерекелік бағдарлама
  • Үйді жиыстыру бойынша уайымның жоқтығы
  • Ұйымдастыруға кететін уақытты үнемдеу

Кеңестер:

Мейрамхананы қазан-қараша айларында таңдап алған абзал. Бұл ұсыныстарды салыстыруға, әрі өз бюджетіңізді ескеру мен мерекелік бағдарламаны таңдауға мүмкіндік береді. Ал мереке неғұрлым жақындаған сайын, қолайлы, соның ішінде бағасы бойынша оңтайлы нұсқаны тауып алу соғұрлым қиынға соғатыны шүбәсіз. Ең жақсы орындарды өте жылдам әкетеді.

Саяхаттар мен қала сыртындағы демалыс

Егер мерекені үйде атап өту шаршатып жіберсе, ал мейрамхана мен шоу-бағдарламалар сізді таңқалдырмайтын болса, онда саяхатқа шығыңыз.

Танымал бағыттар:

  • Қазақстанда: Ақтау, Бурабай, Алматының маңындағы тау-шаңғы курорттары
  • Шетелде. Мәселен, Таиландта Жаңа жылда мыңдаған шамдар аспанға көтеріледі, осынау керемет көріністі әрбір адам өз көзімен тамашалуы тиіс. Ал Жаңа жылды тойлау жағажаймен мүлдем байланыспайтын жандар үшін Еуропадағы рождестволық жәрмеңкелерді, әсіресе, Прага мен Вена қалаларына баруға кеңес береміз.
Естен кетпес Жаңа жылға қалай дайындалу керек: кеңестер мен идеялар

Фото: pexels

Кеңестер:

Тым жоғары бағалардан аулақ болу үшін тұратын жер мен билеттерді алдын ала брондап алғаныңыз жөн. Ең дұрысы, жарты жыл бұрын жоспарлай бастау керек. Тәуекел әуесқойлары үшін суыт саяхаттар маусымын күтуге кеңес берер едік – әдетте ол қарашаның соңында басталады да, желтоқсанның аяғына дейін жалғасады. Үлкен отбасылар үшін мұндай нұсқа мүлдем қолайсыз болып келеді, ал жұптарға қарастыруға болатын әбден жақсы нұсқа.

Табиғат аясында

Сонымен бірге біз таза ауада белсенді демалыс түрлерін жақсы көретін адамдар үшін де қызықты нәрселерді әзірлеп қойдық.

Идеялар:

  • Бұл тұста жеке үй иелерінің жолы болып отыр. Мұндай жерлерде алау жағуға да, кәуап жасауға да, және тіпті, жеке фазендасынан отшашуды ұйымдастыруға да болады.
  • Балалармен бірге шанамен сырғанақ тебуге қалай қарайсыз? Тоңып қалмау үшін өзіңізбен бірге глинтвейн, ал балаларға – термос ішіндегі шайды ала салғаныңыз абзал.

Жаңа жылға не сыйлауға болады

Сыйлықтар бойынша трендтер

Жыл сайын сыйлықтарға байланысты су жаңа идеялар пайда болып жатады, әрі трендтерді (шайн мускат және дубайлық шоколадты сыйлаңыз деп кеңес бермейміз) қуалаймын деп әбігерге салынудың қажеті жоқ, сондықтан сіздерге арнап әмбебап шешімдерді дайындап қойдық.

Кеңінен таралған нұсқалар:

  • Пайдалы гаджеттер: ақылды сағаттар, құлаққаптар, электронды кітаптар, тасымалдауға болатын зарядтау құрылғылары, ойын консольдері.
  • Жайлы сыйлықтар: өз қолыңызбен жасалған хош иістендірілген майшамдар, сәнді тоқыма аксессуарлары, бокалдар, вазалар, кітаптар.
  • Жеке сыйлықтар: фотокітаптар, жазуы бар әшекейлер.

Барлығы барлар үшін

Жарамды сыйлықты табу қиынға соққан кезде әмбебап нәрселерді таңдағаныңыз абзал:

  • Спа-процедураларға, тіс тазалауға, қандай да бір курстар немесе дүкендердің сыйлық сертификаттары.
  • Эмоцияларды тарту ететін сыйлықтар: концерт, экскурсия немесе шеберлік сабағына арналған билеттер. Эмоция сыйлаудан артық не болуы мүмкін?

Жаңа жылға не киюге болады

Трендтер

Ағаш жылан жылында жасыл реңктерге басымдық берген дұрыс. Бұл түстер табиғат және күшпен байланыстырылады, әрі олар келер жылда ерекше қолайлы болмақ. Сонымен қатар тұрақтылық пен сенімділікті бейнелейтін қоңыр түстер де, әрі әлбетте, құштарлық пен өркендеуді білдіретін борлат түс те сәнді болады. Пайеткалар мен жапсырмалы моншақтармен әшекейленген сәнді киімдерге көңіл аударған маңызды — кербездік пен сән-салтанат қосатын күміс пен алтын өте орынды болары сөзсіз. Ер адамдарға байсалды, дегенмен бай реңктерді ұстанған жөн: қоңыр, батпақты, қара көк түстер жарамды.

Аксессуарлар

Осы жылы күміс түсті клатчтарға назар аударғаныңыз абзал. Олар тағы да сәнге айналып отыр, әрі жаңа жылдық бейнеңізге өзіндік ерекшелік сыйлай отырып, көңіл аудартатыны хақ.

Естен кетпес Жаңа жылға қалай дайындалу керек: кеңестер мен идеялар

Фото: pexels

Бейнеңізді ерекше өкшесі бар қайықша түріндегі талғампаз туфлимен толықтырыңыз. Эксперименттеуге жол беріңіз: аяқ киіміңіздің өкшесі мөлдір, металл іспетті немесе айрықша пішінге ие болуы мүмкін. Әрине, жыланның зүбаржатқа ерекше жақсы ниетпен қарайтыны рас.

Жаңа жылға қарай үйді қалай безендіру керек

Безендірудің дәстүрлі элементтері

Үйдің басты әшекейі — бұл жаңа жылдық шырша. Алайда биыл үйреншікті нұсқасынан сәл алшақтап, жаңашыл нәрсені байқап көруге ұсынамыз. Бұл шыршаның бүршіктерімен, ленталар және майшамдармен безендірілген шырша бұтақтарынан өрілген декоративті шеңбер болуы мүмкін. 2025 жылда минимализм мен табиғи элементтер сәнге айналмақ: ағаштан жасалған ойыншықтар, кептірілген апельсиндер, матадан құрастылырған гирляндалар, шырша бүршіктері және каштандар.

Дастарханды жабдықтау

Биыл минимализм ғана емес, сонымен бірге табиғилық та сәнге айналып отыр. Сондықтан сіздерге жеуге болатын декорға назар аударуды ұсынамыз! Мандариндер мен апельсиндерден құралған композициялар мерекелік дастарханның сәніне айналары шүбәсіз, әрі бұл көздің жауын алып қана қоймай, дәмімен де қуантатын болады.

Мұндай декордың артықшылығы оның тиімділігінде жатыр. Егер әдемілік пен тағамды біріктіру мүмкіндігі бар болса, жасанды безендірмелерді сатып алудың қажеті қанша? Небәрі қылқан жапырақтылардың бұтақшаларын, даршын немесе ерең жұлдызшаларын қосыңыз да, мінеки, кербез әрі хош иісті композиция дайын болды.

Естен кетпес Жаңа жылға қалай дайындалу керек: кеңестер мен идеялар

Фото: pexels

Ең тамаша Жаңа жыл — бұл өзіңіз таңдаған Жаңа жыл екенін қаперіңізден шығармаңыз. Мнсіз мерекенің бірыңғай рецептісі жоқ, дегенмен бұл тұста бір құпия баршылық: қасыңызда жақын адамдарыңыздың болуы.

Қай жерде болсаңыз да — үйіңіздің жайлы атмосферасында ма, әлде Жер шарының басқа бір шетінде ме — ең бастысы, бұл сәтті отбасыңыз және достарыңызбен бірге бөлісу мүмкіндігі. Сіздің мейрамыңыз күлкі мен ыстық құшаққа толы болып, жақындарыңызды қуанышқа кенелтсін — дәл осы мезеттер жыл бойына жүрегіңізді жылытатыны сөзсіз!

Лайқос командасы сіздерге бар жақсылығын төгетін Жаңа жылды тілейді!

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]