
Қазақстанда демалыс күндері қайда баруға болады: 5 адреналиндік бағыт
Жағажайдағы демалыс – бұл, әлбетте, тамаша нәрсе. Дегенмен кейде жаныңыз шезлонгта жатуды емес, күшті әсерлерді, тамырдың қатты соғуы мен немерелеріңізге әңгімелеуге қымсынатындай хикаяларды қажет етеді. Лайқос драйв үшін осы демалыстың өзінде қайда баруға болатынын айтып береді.
Қонаевтағы роупджампинг
Орналасқан жері: Қонаев қ., ЖЭО құбыры
Жүйкеңізді шымырлататын сезімдерді ұнатасыз ба? Қонаевтағы ЖЭО құбырына қош келдіңіз – бұл Қазақстандағы роупджампингке арналған аты аңызға айналған орын. Мұнда 45 пен 90 метрлік биіктіктен секіру мүмкіндігі ұсынылған, ал таңдау сіздің тәжірибеңізге, батылдығыңыз бен алаңдаушылық деңгейіңізге байланысты болмақ. Бұл жерде кәсіпқойлар мен осыған дейін секіріп көргендер үшін кейде естен тандыратын 180 метрлік биіктіктен секіруді де ұйымдастырып бере алады.
Бұл банджи емес: мұнда сіз жай ғана резеңкеде салбырап тұрмайсыз – еркін түсу кезінде ұшасыз да, ал содан кейін шыңырау үстінде тербелесіз. Бейнежазбаның өзін бір көргеннен-ақ тынысыңыз тарылатыны рас.
Рафтинг
Орналасқан жері: Түрген өзені
Бұл Қазақстандағы рафтингтің шынайы дәмін татып көруге болатын сирек кездесетін орындардың бірі: долы ағын – әрі сіз кенет қайықтың сыртында жүзіп жүруіңіз әбден мүмкін.
Өзен өзінің үлкен тереңдігі және енімен ерекшеленбесе де, мұнда бірқатар су тосқауылдары мен су астындағы тас бөгеттері ағын бойымен жүзудің әрбір сәтін нағыз шытырман оқиғаға айналдырады. Бағыттың өзі шамамен бір сағатты алады, әрі сіз осы уақытта 4 шақырымға жуық қашықтықты еңсересіз.
Параглайдинг
Орналасқан жері: «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, Үшқоңыр үстіртіндегі дельтадром, Үлкен Алматы шатқалы
Егер ерекше көрікті табиғат көріністерін паш ететін шытырман оқиғаларды қаласаңыз, параглайдинг ең мінсіз нұсқа екені сөзсіз. Күн райы қолайлы болса, ұшу 15-20 минутқа дейін де созылуы бек мүмкін.
Бұл сауықтың қауіпсіз түрі (ол үшін тәжірибелі нұсқаушының қызметін пайдаланғаныңыз абзал), алдын ала дайындықты талап етпейді және, тіпті, биіктіктен қорқатын адамдарға да жарамды – өйткені ұшудың 10 секундынан кейін-ақ қорқынышыңыз жайлы ұмытып, аспанға ғашық болатыныңыз шүбәсіз.
Айғай құмдағы сэндбординг
Орналасқан жері: «Алтын Емел» ұлттық паркі
Тек қардың үстімен ғана сырғанауға болады деп кім айтты? Сэндбординг – бұл да сол бір драйв, дегенмен қарлы беткейлердің орнына – құм шағылдары. Айғай құм – нағыз мінсіз орын: ол әрі биік, әрі құмы да тығыз болып келеді, ал бұл жерден ашылатын көрініс нағыз өзге ғаламшарлық болып көрінеді.
Айта кетсек, тақтаймен түсіп бара жатқан кезде құмның ән салғанын естуге болады – бұл құм түйіршіктерінің үйкелісінен пайда болатын терең вибрациялық дыбыс, тура органның үні немесе ұшақ гүілдеп тұрғандай іспетті естіледі.
Бектау-Ата шатқалында құзға өрмелеу
Орналасқан жері: Бектауата, Қарағанды облысы
Белсенді демалыстың әуесқойлары үшін Бектауата күрделілік деңгейі әртүрлі келетін табиғат бағыттарын: жаңадан айналысып бастағандарға қолайлы жайпақ беткейлерден бастап, тәніңіз бен төзімділігіңізді шындап сынайтын тік қабырғаларға дейін ұсынады. Мұндағы бедердің ерекшелігі – әрбір қадамыңыздан айырықша сақтық танытуды талап ететін жартастар, жарықшақтар, доғалар мен тар шатқалдардың өзгеше пішіндері.
Көктем мен күз – саяхат жасаудың ең жақсы маусымдары: жазда шыдауға болмайтын қатты ыстық болуы мүмкін, ал қыс мезгілінде бұл аймақ өз әсемдігінің бір бөлігінен айырылады.
Қорытынды
Егер сіз жаныңыз зәр түбіне жететіндей сезімдерді сағынсаңыз, онда қаладан шығып, табиғат аясына баратын кез келді деген сөз. Қазақстанда сергіп алуға, күнделікті күйбең тіршіліктен демалу мен тірі екеніңізді қайта сезінуге септесетін жерлер өте көп.