Ұдайы шаршағандық: созылмалы қабынудың бұған қатысы қандай?

Неліктен күш-қуат жоқ: созылмалы қабыну мен шаршағандық

Сіз үнемі өзіңізді шаршаңқы әрі күш-қуатсыз сезінесіз бе? Бұл әрдайым сізге қозғалыс жетіспейді дегенді білдіре бермейді. Кейде себеп әлдеқайда тереңірек жасырылған, мәселен, бұл созылмалы қабыну болуы бек мүмкін. Лайқос мұның не екендігін және неліктен өзіңізді жақсы сезіну үшін жаттығудың өзі жеткіліксіз болатынын талдайды: ұйқы, тамақтану және күйзеліс деңгейі де өте маңызды.

Созылмалы қабыну дегеніміз не

Қабыну – бұл ағзаның табиғи қорғанысы. Ол инфекцияны жұқтырғанда немесе тіндер зақымдалғанда қосылады және иммундық жүйенңғ қауіп-қатерге төтеп беруіне көмектеседі. Себебі жойылған кезде әдетте қабыну да басылады.

Дегенмен оның айлар бойы басылмайтын да кездері болады. Мұндай жағдайды созылмалы қабыну деп атайды. Жедел қабыну әдетте оңай байқалады, ал созылмалы қабыну симптомсыз дерлік өтуі әбден мүмкін.

Ұзаққа созылатын қабыну бірқатар аурулардың, соның ішінде жүрек-қан тамырлары мен зат алмасуға қатысты бұзылыстар қаупінің артуымен байланысты. Сонымен бірге адамның өзін нашар сезінуі ағзада созылмалы қабынудың бар екендігін дәлелдемейді.

Неліктен созылмалы қабыну пайда болады

Қозғалыстың аздығы. Тұрақты белсенділік зат алмасу мен иммундық жүйенің жұмысын қолдайды. Қимыл-қозғалысы аз өмір салты зат алмасу бұзылыстарының қаупін арттыра түседі, ал олар қабынумен қатар жүруі ықтимал.

Теңдестірілмеген тамақтану. Көкөністердің, жемістердің, тұтас дәнді азық-түліктің және жасұнықтың жетіспеушілігі болғанда ультраөңделген өнімдердің, қосылған қанттың және қаныққан майлардың артық болуы қабыну үдерістерін қолдауы бек мүмкін.

Ұйқының қанбауы. Ұйқы барысында ағза қалпына келіп, ал иммундық жүйе өз жұмысын реттейді. Ұйқының созылмалы жетіспеушілігі осы үдерістерді бұзады және қабынудың кейбір маркерлерінің жоғарылауымен байланысты болып келеді.

Ұзаққа созылған күйзеліс. Ұзаққа созылатын күйзеліс кезінде иммундық жауапты реттейтін жүйелердің жұмысы өзгереді. Кез келген күйзеліс қабынуды тудыра бермейді, дегенмен тұрақты эмоциялық ширығу қауіп факторларының бірі болуы ықтимал.

Темекі тарту және ортаның зиянды факторлары. Темекі түтінінің құрамдас бөліктері жасушаларды зақымдап, қабыну реакцияларын тудырады. Ластанған ауа да, басқа да зиянды заттектер өз үлесін қоса алады.

Қабынудың шаршауға қатысы қандай

Қабыну кезінде иммундық жасушалар сигналдық молекулалар – цитокиндерді бөледі. Олар ағзаның қорғанысын үйлестіруге көмектеседі, сонымен бірге ұйқыға, тәбетке, көңіл-күй мен күш-қуат деңгейіне әсер етеді. Сондықтан кейбір қабыну және жұқпалы ауруларға шалдыққанда адам өзін әлсіз сезінеді, тым тез шаршайды, оның зейін қою қабілеті нашарлайды және демала беруді қалайды.

Алайда тұрақты шаршағандықтың басқа да себептері болуы бек мүмкін: қаназдық, қалқанша безі қызметінің бұзылуы, ұйқының жетіспеушілігі, мазасыздық пен депрессия, дәрі-дәрмектердің жанама әсері. Түйткілдің негізгі көзін тек сезім арқылы анықтау мүмкін емес. Егер әлсіздік бірнеше апта бойына созылса, өмір сүруге кәдімгідей кедергі келтірсе немесе басқа белгілермен қатар жүрсе, дәрігерге қаралғаныңыз абзал.

Неге қарқынды жаттығулар әркез көмектесе бермейді

Физикалық белсенділік шынымен де пайдалы: ол инсулинге сезімталдықты жақсартады, жүрек пен қан тамырларының денсаулығын нығайтады және қабыну үдерістерін реттеуге көмектеседі. Дегенмен артық жүктеме артық пайда дегенді білдірмейді.

Егер сіз аз уақыт ұйықтасаңыз, қатты күйзеліске ұшырасаңыз және қалыпқа келуге үлгермей жүрсеңіз, қатаң жаттығулар шаршауды тек қана күшейтіп жіберуі мүмкін. Өз жағдайыңызбен есептескеніңіз жөн. Кей кездері қарқындылықты уақытша төмендетіп, жаттығуды серуендеумен немесе жеңіл жаттығумен алмастырып, бірте-бірте әдеттегі тәртіпке оралған дұрыс.

Ағзаны қолдау мен қауіпті азайтудың жолы қандай

  • Ұйқыңызды реттеңіз. Ересектердің көпшілігіне негізінен тәулігіне 7-9 сағат қажет. Бұл ретте тек ұзақтық ғана емес, тұрақты тәртіп те маңызды.
  • Тамақтануды теңдестіріңіз. Ас үлесіне көкөністерді, жемістерді, бұршақ тұқымдастарды, тұтас дәнді өнімдерді, жаңғақтар мен пайдалы май көздерін жиірек қосыңыз.
  • Тұрақты қозғалыңыз. Жаяу серуендеу, жүзу, велосипед тебу және басқа да жүктемелер қолайлы, оларды шамадан тыс күш түсірмей-ақ орындауға болады.
  • Өзіңізге қалыпқа келуге мүмкіндік беріңіз. Жүктеме мен демалысты кезектестіріңіз, жұмыста үзіліс жасаңыз, күйзелісті жеңу жолдарын іздеңіз.
  • Темекі шегуден бас тартыңыз. Бұл тіндерді зақымдайтын және қабынуды күйшейтетін заттектердің әсерін азайту үшін ең тиімді қадамдардың бірі.
  • Белгілерді ескеріңіз. Егер шаршағандық басылмаса, стимуляторлармен немесе қосымша жаттығулармен оны басуға тырыспай, себебін дәрігермен бірге анықтағаныңыз абзал.
Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]

Оставить комментарий


The reCAPTCHA verification period has expired. Please reload the page.