«Барби» фильмі күрделі дүниелер жайлы қарапайым тілмен қалай жеткізеді
Киносыншының пікірі
РЕДАКЦИЯ АТЫНАН: Осыдан екі апта бұрын американдық режиссер Грета Гервигтің көптен күткен «Барби» фильмі әлемдік прокатқа шыққан. Картина жалықтырғыш нәзіктіктің, әлемге «қызғылт көзілдірік» арқылы қараудың, қатал патриархат пен көптеген басқа да таптаурындардың қаншалықты уытты болуы мүмкін екендігін көрсетіп отыр. Осындай барлық күштеп таңылған стандарттардың зиянын қалай азайтуға болады? «Барби» фильмін көріп, өз қорытындыларыңызды жасаңыздар. Киносыншы Кәрім Қадырбаев киноға барып келіп, Марго Робби және Райан Гослинг түскен жаңа фильм туралы өз пікірімен бөлісті.
2023-ші жыл кинематограф тарихына өзгерісті кезең ретінде енуі әбден мүмкін. Әрі мұндағы басты жайт соңғы жарты ғасыр ішіндегі голливудтық сценарийшілер мен актерлердің ең ауқымды ереуіліне байланысты ғана емес, сондай-ақ ескі блокбастерлер жүйесінің күйреуінде жатыр. Біз соңғы жарты жылда нені анықтадық? Көрерменнің комикстерден шаршағандығын («Шазам 2», «Флэш» және үшінші «Құмырсқа адамның» сәтсіздігі), ностальгияның жұмыс істемейтіндігін («Индиана Джонстың» сәтсіздігі), мультфильмдердің ойын ремейктері әуел бастан сәтсіз іс екендігін (шөгіп кеткен «Су перісі») және ең қорқыныштысы, Том Круз кассалық алымдардың әрқашан жоғары болуына кепілдік бермейтінін білдік (ал осыдан бір жыл бұрын ғана «Топ Ганның» жалғасы бір миллиардтан артық қаражат жинаған болатын).
Сонда не жұмыс істейді және Голливуд не арқылы пайда таба алады? Жауап, тіпті, күтпеген жерден – ойын индустриясынан келді. Ойға салып көріңіздерші, жылдың басты хикаялық жаңалығы – The last of us («Арамыздан біреу») экранға шығарылуы, бокс-офистің бірінші және де әзірше жалғыз миллиардері «Ағайынды Супер Марио кинода», ал «Тетрис» фильмі Apple TV+ стримингінің нағыз хитіне айналған. Өкінішке қарай, осы әдемі тізімнен «Зындандар мен айдаһарлар» (бұл әлдеқайда көп көңіл бөлуге тұрарлық фильм еді) атты тамаша комедиясы ғана ерекшеленіп тұр, алайда осы тұста бір апта бұрын әлемдік прокатқа шыққан «Барби» сатиралық комедиясы тағы да «ережені растайтын ерекшелік» дегенді меңзеп тұрғандай. Дегенмен картинаның өзі шынында да соншалықты керемет пе, әлде хайптың барлығы да, жеңілтек көріністің атом соғысына ұқсайтын (үрейлі және беймезгіл сөзойнатым үшін кешіріңіздер) «Оппенгеймер» сияқты байсалды дүниеге паразит секілді жабысып қалғандай, бұрын-соңды болмаған маркетингтік науқанның нәтижесі ғана ма? Иә, әрі жоқ.
Сонымен, фильмнің оқиғасы утопиялық және біршама тоталитарлық мемлекет Барбилэндте өрбиді. Осындағы әрбір күн оның алдындағы күнге ұқсас келеді де, мемлекет тұрғындарының жартысы Барби есімді болса, ал екінші жартысының аттары Кен болып келеді. Айта кетерлік бір маңызды жайт, осы тұста біз кейіпкерлерді гендерлік белгі бойынша бөліп-жарып отырғанымыз жоқ, өйткені олардың барлығы да формалды түрде жыныссыз кейіпкерлер, дегенмен, Барбилер негізінен әйел рөлдерін сомдаса, Кендер ер адамдардың рөлдерін ойнайтын іспетті. Алайда «ойнайды» деген сөз дөп айтылып отыр, өйткені Райан Гослинг орындауындағы Кен мұны қаншалықты қалап тұрса да, Барбилэндтің ішінде ешқандай романтикалық қарым-қатынастар мүлдем жоқ. Осы идиллия Барбилердің бірі үшін оның әрдайым көтеріңкі көңіл-күйдегі құрбыларынан кенеттен: «Ал сендер өлім туралы ешқашан ойламадыңдар ма?» деген сұрақты қойған кезде бір сәтте бұзылады. Осы мезеттен бастап Барби мен Кеннің пластикалық Барбилэндтен пластикалық Лос-Анджелеске қызықты саяхаты бастау алады.
Грета Гервиг және оның адал серіктесі (әрі оның жолдасы) Ноа Баумбах Голливудқа кезекті рет аяқ-қолдары студиялық ережелермен байланбаған, әрі тек өзіндік, жеке көзқарасы бар авторлар рульде болған жағдайда ғана жақсы өнім пайда болатындығы туралы тағы бір ескерткен сыңайлы. «Барби» фильмінің құндылығы оның үлгілік метамодерндік жоба екендігінде жатыр, әрі бұл кино патриархат, радикалды феминизм және корпоративтік мәдениет секілді түсініктердің күрделілігін қарапайым тілмен ұғындырады. Ал мысқылды, дегенмен зілсіз ирония әртүрлі көзқарастарға ие көрермендерді біріктіреді. Балалардан басқасын. Әйткенмен «Барби» мүлдем балалар киносы емес екендігін көрсету керек болды ғой. «Барби» брендіне деген барлық құқықтарға ие Mattel компаниясына да лайықты бағасын беріп өткен жөн. Барлық корпорациялар бірдей өз мұраларын соншалықты батыл пайымдауға дайын бола бермейтіні рас.
Егер «Барби» қыздар мен әйелдерге өздерін күшті, «қатты» дауысты екендігін және айналадағылардың қолдауын көруге көмектессе, онда осының барлығы да күш салуға тұрарлық дүние болған. Әйелдерден осы үлгі тұтарлық болуды талап ету сияқты жаман әдеттен арылатын уақыт келді. Фильмде бір әсерлі сәт бар, мұнда қуыршақ жасаушы Рут Хэндлер (Ри Перлман) былай деп айтады: «Біз, аналар, қыздарымыздың қаншалықты алысқа жеткендерін көре алуы үшін бір орында тұрамыз». Барби өзінің жауапкершілігі мен тарихтағы орнын түсініп, алға қарай қадам жасайды.
Дегенмен, Гервиг картинасының кемшіліктері де баршылық. Сеттинг, яғни, қоршаған ортаны, әлемді қалыптастыруға, оның кейіпкерлеріне өмір сыйлап, әрі оны әртүрлі мәдениеттанымдық сілтемелермен безендіре отырып (Стэнли Кубриктің «Ғарыш одиссеясына» деген оммаж әрдайым жүрегімде), авторлар желілердің бір бөлігін қисынды қорытындыға дейін жеткізуді ұмытып кеткен. Атап айтқанда, «Барби» фильмінің ең қызықты олжаларының бірі Mattel қызметкерлерінің өздері Барбилэндтен екі шынайы адамды шығару үшін сол жерге аттануында жатыр, әрі осы тұста сен қандай да бір экшн немесе текетіресті күтіп отырғаныңда, оның орнына біздің алдымызға Уилл Феррелдің күлкілі, дегенмен мүлдем мағынасы жоқ монологын шығарады. Алайда «Менің арманым кішкентай қыздарды мүмкіндігінше жағымды етіп қуанту» деген үнқатымы фильмнің ең үздік әзіліне айналған.
Бәлкім, «Барби» туралы нақты бір фильм тұрғысынан емес, жаңа франшизаның бастамасы ретінде, әрі кім білсін, мұндағы пластикалық кейіпкерлер шынайы адамдардан әлдеқайда «тірі» болатын, кинематографтағы жаңа бағыт тұрғысынан айту керек те шығар. Ақыры, лего-адамдар осыған қол жеткізді ғой.
Аударған: Рита Сәрсенова