
Шегенің үстінде тұру: бұл қандай процедура және ол несімен пайдалы
Шегенің үстінде тұру – рухани тәжірибелерде ғана емес, сондай-ақ қазіргі заманғы психологияда белсенді түрде қолданылып жатқан дене практикасы. Шегеде тұру шебері әрі психолог Евгения Қумашева Лайқосқа адамдардың өз еркімен шегенің үстіне не үшін шығатынын және мұның тән мен психикаға қалай әсер ететінін айтып берді.
Шегеде тұру дегеніміз не
Шегенің үстінде тұру (Садху тәжірибесі) – бұл индуистік дәстүрден келген дене техникасы. Оның мәні өте қарапайым: адам ұшы дөңгеленген шегелер қағылған тақтайшаға жалаң аяқ тұрады. Бұл тәжірибелер статикалық (жай ғана тұру) немесе динамикалық (қозғалыс элементтері қосылған) болуы мүмкін.
Неліктен бұл жұмыс істейді
Шегелер табанға басып тұрады, дәлірек айтсақ, бұл жүйке ұштары мен биологиялық белсенді нүктелерге бай аймаққа әсер етеді. Осындай күшті, дегенмен бақыланатын ауырту стимулының арқасында жүйке жүйесі белсендіріледі. Дене ширатылады, тынысыңыз тарылады, мықты эмоциялар пайда болады. Дәл осы мезетте психоэмоциялық жұмыс басталады.
Ашу, көз жасы және, тіпті, алаңдаушылық пайда болуы бек мүмкін. Осының барлығы да – жүйке жүйесінің қалыпты реакциясы болып саналады. Бірнеше минуттан кейін тыныс алуыңыз тереңдей түседі, кернеу басылады, ал содан кейін ішкі жеңілдік пен босаңсу сезімдері келеді.
Бұл ауырта ма?
Мұндайда бәрі де адамның ауырсыну шегіне, психоэмоциялық жай-күйіне, маманға деген сенімі мен ішкі дайындық деңгейіне байланысты. Тәжірибе сағаттап тұруды талап етпейді. Жаңадан айналысып бастағандарға маманның бақылауында аптасына 1-2 рет небәрі 1-5 минут тұрудың өзі жеткілікті болмақ. Ал кәсіпқойлар болса, күн сайын 20-40 минут бойы шегенің үстінде тұра алады, өйткені олар тыныс алуын, зейіні мен хал-жағдайын басқаруды біледі.
Шегеде тұру несімен пайдалы
- ауырсынуды басатын табиғи әрі ләззат гормондары – эндорфиндер, дофамин, адреналин бөлінеді
- лимфа мен көктамыр қанының кері ағысы күшейеді
- тыныс алу тұрақтанады
- мазасыздық төмендейді
- акупунктура нүктелері арқылы ішкі мүшелердің жұмысы ынталандырылады
Психоэмоциялық деңгейде ыза, қорқыныш, дәрменсіздік, шекаралар секілді жайттармен жұмыс жүріп жатады. Кейбір психологтар шегеге тұру техникасын диагноз қоюдағы қосымша құрал ретінде қолданып келеді: тәннің реакциясына қарап, қандай тақырыптар жабық екендігін, адамның қай жерлері әлсіз, әрі оның кернеумен қалай өзара әрекеттесетінін байқауға болады.
Кенет халім нашарлап кетсе ше?
Практика маманның сүйемелдеуімен ғана өтуі қажет, әсіресе, сіз бұл техникаға жаңадан келсеңіз, не болмаса психоэмоциялық тұрақсыздық бар болған жағдайда. Сонымен бірге тәжірибе барысында жол көрсетуші келесідей сұрақтарды қоюы тиіс: «Сен нені сезіп тұрсың?», «Нені қалайсың: қалу, қашып кету, әлде бәрін бақылауда ұстау ма?». Мына бір жайтты қаперіңізден шығармаңыз: бұл тұста рекорд емес, өз-өзіңізбен деген байланыстың сапасы маңызды.
Дайындық жайында да ұмытпағаныңыз абзал: шегенің үстіне тұрудан бір-екі күн бұрын күрделі әңгімелерден аулақ болғаныңыз әрі халіңізді қадағалап бастағаныңыз дұрыс.
Қандай көрсетілімдер шегеде тұруға рұқсат бермейді
- онкологиялық және ауыр жүрек-қан тамырларының аурулары
- эпилепсия, тырыспа, психикалық ауытқулар
- жүктілік
- табандағы ашық жаралар немесе қабыну
- мазасыздық пен жарақаттан кейінгі нышанаттың ауыр формалары
Егер қандай да бір күмәніңіз бар болса, дәрігердің кеңесін алып, әрі бұл жайында практиканы жүргізетін маманға міндетті түрде хабарлағаныңыз жөн.
Тағы нені білген абзал
- Тақтайшаны таңдау ерекше маңызға ие. Шегелердің ұштары дөңгеленген, ені қолайлы, жарықтары мен үшкір бұрыштары жоқ тақтайды пайдаланған дұрыс.
- Шегелер арасындағы арақашықтық та аса маңызды: ол неғұрлым аз болса, сезімдер де соғұрлым жұмсақ болмақ.
- Егер үдеріс барысында өзіңізді нашар сезінсеңіз, шегеден түскеніңіз жөн.
Қорытынды
Шегенің үстінде тұру – эзотерика емес, бұл шынымен жұмыс істейтін дене практикасы. Әрі оған саналы түрде қарау маңызды. Бұл жерде әмбебап сценарийлер немесе лезде пайда болатын нәтижелер жоқ, дегенмен шегеде, тіпті, бірнеше минут тұрудың өзі терең ішкі жұмысқа қарай жасалатын алғашқы қадамға айналуы әбден мүмкін.