Аптаның соңында алкогольді ішімдікке деген тәуелділіктен аулақ болудың жолы

Демалыс күнгі маскүнемдік

Неліктен олай демалуға болмайды

Жұмыс аптасының соңғы күні дегенде ішімдікпен ассоциация туындайтыны неліктен? Бұл алкогольдік тәуелділіктің барын білдіреді ме? Біздің редакция және «Мықты адамдар» жобасы осыны анықтауға тырысты.

ЖАҚСЫ ЕҢБЕКТЕНДІҢ – ЖАҚСЫ ДЕМАЛ?

Кей кезде жұмыс күндерінің біздерді қажытатыны сонша, тек жұмыс аптасының аяқталуын ғана армандап отырамыз. Алайда адамдардың көбісі «жұма күнгі кеш» деген сөз тіркесін естіген тұста, көз алдарына бірден белгілі бір клубтың ішінде достарыммен бірге сауық-сайран салып жүргенін, ал қолдарында міндетті түрде ішімдікке толы бокалдың барын елестете бастайды.

 

Жұмыс аптасының соңғы күні ішімдікке жүгінудің бірінші және негізгі себебі – бұл ертесіне ешқайда барудың қажет емес деген түсінігінде жатыр. Міне, әйтеуір, демалуға да, ұйқыны қандырып алуға да әбден болады. Әдетте, жұма күнгі маскүнемдікке тыным таппайтын, еңбекқор адамдар шалдыққыш келеді – осылайша олар «күйзелісті жеңілдету» үшін аптаның соңын күтіп отырады.

 

Жұмысшылар арасындағы дәл осы жаңа үрдістің салдарынан маскүнемдіктің негізгі үш кезеңіне (бастапқы; психикалық және физикалық тәуелділік; салынып ішу сатысы) тағы да төртіншісі, яғни, жұма күнгі ішімдік кезеңі қосылады.

ӘДЕТ ҚАЛАЙША ПАЙДА БОЛАДЫ

Егер сіз дәл қазір осы жазуды оқи отырып, «Онда тұрған не бар? Мен удай мас болғанша дейін ішпеймін ғой, маған демалу үшін бір-екі бокалдың өзі жеткілікті», – деген сауалдың соңына түссеңіз, онда сіз қателесіп тұрсыз. Біздің ағзамыздың ерекшелігі сол, егер адам белгілі бір уақыт аралығында ішімдікті үнемі тұтынып отырса, онда кейін алькогольге деген төзімділік қасиеті дамиды екен. Басқа сөзбен айтқанда, мәселен, егер осыдан екі ай бұрын бойыңызды еркін ұстау үшін шампан шарабының бір бокалы жеткілікті болса, бүгінгі таңда сол бір бокалды, тіпті, сезбей де қаласыз – сондықтан екінші, үшіншісіне тапсырыс беруге тура келеді…

 

Мәселеге екінші жағынан қарасақ, дәл сол ағзаның қалпына келуіне қажетті уақыт та ұлғая түседі. «Күйзелісті жеңілдету» үдерісіне әуестене отырып, ертесіне, сенбі күні оянғаныңызда бастың ауырғанын сезесіз де, күні бойы есіңізді жинау үшін бар уақытты кетіресіз. Осының салдарынан демалыс күндерінің жартысы дерлік ғайып болады – ал дүйсенбі күні адам қайтадан жұмысына шаршаулы күйінде барады да… жаңадан сауық-сайранға салынуға болатындай, келесі жұма күннің тезірек келуін аңсап бастайды.

Осы жерде біз апта соңындағы маскүнемдік қаупінің ең басты түйткіліне келіп жеттік – бұл әдетке айналып үлгерген өмір салтын айтуға болады. Отбасы, достар немесе ермек ісіміз назардан тыс қалып қояды да, сол назарымыз ішімдікке ауысып, басымдылыққа айналады. Осылайша, бір қарағанда қарапайым көрінетін демалыс күрделі проблемаға ұласып кетуі әбден мүмкін.

 

Жұмыс аптасының соңындағы әдет ішімдікке салынудың жүйелі мәселесіне айналып бара жатқанын қалай түсінуге болады?

 

ЖҰМА КҮНІ КЕШКІСІН ІШКЕНДЕ, НЕНІ ҚАДАҒАЛАУ КЕРЕК

 

Сіз жалғыз отырып ішесіз немесе тек алькогольден ғана тыныштық табасыз

 

Азық-түлік өнімдерін таңдап, дүкеннің ішін аралап жүргенімізде, бір бөтелке шарап немесе ромды қоса алып жатсақ, өзімізге келесі сөзді жиі айтамыз: «Жоқ, мен жалғыз отырып ішпеймін, бұл қызықты емес».

 

Алайда жалғыз бола тұра алькогольді тұтыну нағыз әдетке айналған болса, осындай қажеттілік – бұл дегеніміз қауіптену керектігінің бірінші белгісі. Бұл жерде ванна қабылдау кезінде шараптың бір бокалы немесе бургер жеп отырып, салқын сыраның пинтасын ішу туралы сөз етіліп отырған жоқ. Үйіңізде ешқандай да ішімдіктің жоқ екендігін біле тұрып, тыныш отыра алмай, оны алу үшін үй маңындағы жақын бір дүкенге жинала бастадыңыз ба – басты мәселе осы тұста пайда болады.

 

Әдетте сау күйіңізде жасамайтын, сізге тән емес қылықтарды жасайсыз

 

Бұл, мәселен, осыдан төрт ай бұрын бастық немесе әріптесіңіздің сізге айтқан әлдебір сөздері есіңізге түсіп кетіп, оларға жіберілген дауыстық ашулы хабарламаңыз болуы мүмкін; не болмаса сіз мас күйіңізде көлікке отырып, оны айдайсыз; әлде, тіпті, сау күйіңізде ешқашан ойланбаған заттарды аласыз – кез келген бағыттағы ұшаққа билет сатып аласыз немесе попкорнның он килограмына тапсырыс бересіз және т.с.с.

 

Сонымен қатар шынайы өмірден «түсіп қалу» жағдайлары – яғни, егер сіз ішімдіктен кейін әрдайым есіңізден адасып жүрсеңіз, не болмаса есіңізде мүлдем ештеңе қалмаса, онда бұл қауіптену керектігінің тағы бір белгісі.

 

Сіз рахаттану үшін ішесіз

 

Спирттік ішімдіктер сыйлайтын жеңілдік, алаңсыздық және масайрау сезімдері тек сол мезетте ғана жағымды сезіледі. Ал осыдан кейін сіз өзіңізді нашар сезініп, алкогольге ұзақ уақыт бойы «ұмтылмайсыз».

 

Егер сіз алькоголь ішпегенде өзіңізді бақытты сезінбесеңіз, онда бұл да мәселенің күрделілігі туралы айтып тұрғаны.

 

ЗИЯНДЫ ҚАЛАЙ АЗАЙТАМЫЗ?

Әшейін «көтеріңкі көңіл-күй» үшін тұтынған спирттік ішімдік анағұрлым күрделі нәрсеге ұласып кетті деген ойға келгеніңізде – осы әдетіңізді «ауыздықтап», тоқтатып көріңіз. Яғни, ішімдіктеріңіздің градусын төмендетіп, тұтыну мөлшерін азайтыңыз. Ал жағдай тіптен қиындап бара жатса, алкогольден мүлдем бас тартқаныңыз абзал.

 

Яғни, егер де сіз үшін ішімдіктен бас тарту туралы ойдың өзі қоқынышты көрінсе, демек тәуелділік жаңа деңгейге көтерілді деген сөз.

 

Осы мәселені шешудегі жақсы бір көмекші ретінде, мысалыалкогольсіз 21 күн бағдарламасы бола алады. Өзіңізді сынап көріңіз, марафонға қатысып, көңіл-күй, хал-жайыңызды бақылаңыз. Ішімдікті қоя тұрған уақыт аралығында өзіңізді тереңірек тануға тырысып көргеніңіз жөн. Жан-тәніңізді тәртіпке келтіріп, отбасы мен ермек ісіңізге көбірек уақыт бөлуге ден қойыңыз. Ал жұма күннің кеші сіз үшін есіңізге түсіруге де ұятты және ыңғайсыз кезекті оқиға емес, күш-жігер мен шабыт сыйлайтын жаңа бастаманың басы болсын.

 

Аударған Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]