Қазақстандағы қысқы демалыс: үздік таушаңғы курорттары
Қазақстандағы қысқы демалыс — бұл әдемі қарлы пейзаждарды тамашалау ғана емес, сондай-ақ курорттардың алуантүрлілігінен ләззатқа бөленудің бірегей мүмкіндігі. Лайқос Қазақстанның үздік таушаңғы демалыс базаларын тексеріп шықты және жайлы әрі қауіпсіз демалыс үшін пайдалы кеңестерімен бөлісуге асық.
Қазақстанның таушаңғы курорттары
Shymbulak Mountain Resort — Қазақстанның ең танымал курорттарының бірі, әрі ол табиғаты көркем Тянь-Шаньның таулы аймақтарында орналасқан. Бұл жерде кез келген дайындық деңгейіндегі шаңғышыларға арналған трассалар бар.
Артықшылықтары: Алматының маңында орналасқан (көлікпен жүрсеңіз, шамамен 25 минуттық жол), дамыған инфрақұрылым, заманауи көтергіштер, әртүрлі дайындық дәрежелеріне арналған трассалар, соның ішінде түнгі уақытта шаңғы тебу мүмкіндігі ұсынылады.
Кемшіліктері: танымалдығы жоғары болғандықтан, демалушылар саны өте көп, бұл жайт, әсіресе, демалыс күндері байқалады.
Oi-Qaragai — Алматыдан 40 шақырым қашықтықта орналасқан және өзінің көркем табиғатымен белгілі демалыс орны. Таушаңғы трассаларынан басқа, курортта шанамен сырғанауға арналған төбешіктер, қар кешкіштерде сырғанау, тұруға арналған альпі үйшіктері мен мейрамханалар ұсынылады.
Артықшылықтары: таңғажайып табиғат, трассалардың көптігі, отбасылық демалысқа жасалатын екпін, шана және ватрушкамен сырғанауға арналған аймақтар бар.
Кемшіліктері: тұру және көлік тұрағының жоғары құны.
Pioneer – Алматының маңындағы шағын курорт. Отбасылық демалыс үшін қолайлы.
Артықшылықтары: даму ерекшеліктері бар балаларға арналған бейімделген сырғанау, абонементтер мен тұрудың бюджеттік құны.
Кемшіліктері: 2GIS пайдаланушылары қызмет көрсету сапасының төмендігі мен шаңғы көтеруші жолындағы үлкен кезектердің болатынын көрсетіп отыр.
Эдельвейс – Риддердегі шағын курорт, бұл үйдің жайлылығы мен табиғаттың әсем көріністерінің үйлесіміне ие бюджеттік нұсқаларды іздейтіндерге арналатын орын.
Артықшылықтары: шаңғы тебумен айналысуды жаңадан бастағандарға жарамды, абонементтер және қонақүйінде тұру үшін жағымды бағалар.
Кемшіліктері: шектеулі инфрақұрылым.
Алтай Альпісі – Қазақстанның шығысында, Өскеменнен 40 шақырым қашықтықта орналасқан таушаңғы орталығы. Қардың мол жаууына байланысты қараша айынан бастап сәуірге дейін жалғасатын ұзақ маусымымен әйгілі. Курорт бес арқанжолмен жабдықталған, әрі олар 12 беткейде қызмет көрсетеді.
Артықшылықтары: жалғыздықты жақсы көретін жандар үшін мінсіз орын, Instagram желісінде сырғанау бойынша көптеген тиімді науқандар ұсынылып отырады. Фрирайд әуесқойлары үшін соны қар үстімен және орман соқпақтарымен құлдилау мүмкіндігі қарастырылған.
Кемшіліктері: тұрудың жоғары құны.
Демалушыларға арналған кеңестер
- Қолайлы курортты таңдау. Егер сіз шаңғы тебуді жаңадан бастап жүрсеңіз, ең дұрысы, анағұрлым тыныш трассаларды қарастыру. Бірден Шымбұлаққа бару және ең биік тауға шығудың қажеті жоқ. Бұл өте қауіпті.
- Құрал-жабдықтарды дайындау. Егер сізде жеке шаңғы саймандарыңыз болмаса, оларды алдын ала жалға алуды ұмытпаңыз. Есіңізде болсын: курорттардың өздерінде де қажетті құрал-жабдықтарды жалға беру қызметі ұсынылады, дегенмен қаладағы бағалармен салыстырғанда ол жерлерде әлдеқайда қымбаттырақ болады.
- Денсаулық қамы. Жарақаттарға жол бермеу үшін шаңғы тебудің алдында кішігірім шынығу жаттығуларын орындау туралы ұмытпаңыз. Терінің қорғалмаған учаскелеріне SPF құралдарын міндетті түрде жағыңыз. Күн сәулелері қардың бетіне шағылысады, әрі сіз, тіпті, қыста да күнге күйіп кетуіңіз әбден мүмкін.
- Қауіпсіздікті сақтау. Батырсынудың еш қажеті жоқ. Егер сіз шаңғы тебуді жаңадан бастап жүрсеңіз, нұсқаушының қызметін пайдалануға кеңес береміз. Ол барлығын да әлдеқайда жылдам түсіндіріп береді және жиі жасалатын қателіктер туралы алдын ала айтады. Сонымен бірге трассалардан тыс жерлерде шаңғы тебуден аулақ болыңыз және құлдилау жыдамдығыңызды бақылағаныңыз абзал. Демалушылардың көбі біреу соғып кетуі ықтимал дегеннен қорықпай, тура трассаның ортасында тізерлей отыра салуы мүмкін. Ал бұл сіздің жауапкершілігіңіз, яғни, жағдайды бақылау керек.
Қазақстандағы қысқы демалыс — бұл табиғат әсемдігі мен белсенді демалыстан рахат алудың керемет мүмкіндігі. Мұнда енді үйреніп жүргендерден бастап кәсіпқойларға дейін — әрқайсысы үшін қызықты нәрсе табылар. Курортты мұқият таңдап, мамандардың кеңестеріне құлақ асыңыз, сонда демалысыңыз сәтті болып шығатыны шүбәсіз!