
SPF: УК-cәулелерден қорғаныс па, әлде маркетинг пе?
Кейбір адамдар фотоқартаюдан қорыққандықтан, күннен қорғайтын иісмайды, тіпті, қыстыгүні де пайдаланады, ал басқалары негізінен SPF-ты назарға алмай, оны кезекті косметикалық дақпырт ретіде қабылдайды. Лайқос күннен қорғайтын иісмайлар шын мәнісінде көмектесе ме және іс жүзінде қайсысы қауіптірек – ультракүлгін сәулелер ме, әлде одан қорғану үшін қолданатын құралдарымыздың құрамы ма екендігін анықтады.
Неліктен күн қауіпті болуы мүмкін
Күннің жарығы әртүрлі сәулелену түрлерінен құралған, алайда тері үшін аса маңыздылары ультракүлгін сәулелер – UVA және UVB.
UVB-сәулелері терінің сыртқы қабаттарына әсер етеді. Дәл осы сәулелер қызару мен күнге күюді тудырады.
UVA-сәулелері әлдеқайда тереңірек – дермаға енеді. Олар іс жүзінде лездік қызаруды туғызбайды, дегенмен фотоқартаю үдерісін іске қосады: коллагеннің бұзылуы, әжімдердің, әрі қара дақтардың пайда болуы және тері серпімділігінің төмендеуі.
Бұдан басқа ультракүлгін сәулелер жасушалардың ДНҚ-сын зақымдауға қабілетті. УК-сәулелердің дәл осы жинақтаушы ықпалы терінің қатерлі ісігі дамуының негізгі факторы болып есептеледі.
UVA-сәулелер, тіпті, бұлт пен әйнек арқылы да өте береді. Демек, тері күннің әсеріне тек қана жағажайда емес, сондай-ақ қала бойынша кәдімгі серуен кезінде немесе терезенің қасында отырып-ақ ұшырайды екен.
SPF дегеніміз не
SPF – бұл UVB-сәулелерден қорғаныс дәрежесін бейнелейтін көрсеткіш.
Егер адамның терісі қорғанышсыз күннің астында 10 минуттан кейін-ақ қызара бастаса, SPF 30 иісмайы бұл уақытты, теориялық тұрғыдан, шамамен 30 есе арттырады.
- SPF 15 UVB-сәулелердің 93% жуығын бұғаттайды
- SPF 30 – шамамен 97%
- SPF 50 – шамамен 98%
Сондықтан SPF 30 бен 50 арасындағы айырмашылық бар, дегенмен ол сандардан көрінгендей соншалықты үлкен емес.
Күннен қорғайтын иісмайлардың құрамында не бар
Минералды (физикалық) сүзгілер
Минералды, не болмаса физикалық сүзгілер шағылыстырушы экран іспетті жұмыс істейді: олар ультракүлгін сәулелерді шашыратады және ішінара шағылыстырады. Мұндай құралдар аллергияны сирек тудырады және сезімтал тері мен балаларға да жарамды болып келеді, алайда терінің бетінде ақ із қалдыруы мүмкін.
Химиялық сүзгілер
Химиялық сүзгілер басқаша әрекет етеді: олар ультракүлгін сәулелерді сіңіреді де, оны жылуға айналдырады. Олардың жағымды жағы – жеңіл текстура мен теріде байқалмайтындығы, дегенмен сезімтал теріге ие адамдарда олар кейде тітіркенуді қоздыруы ықтимал.
Қайсысы қауіптірек: күйік пе, әлде иісмайдың құрамы ма?
Күнге күю – бұл дегеніміз терінің зақымдалуы, әрі осы тұста қабыну, жасушалардың өлуі мен ДНҚ-ның зақымдалуы пайда болады. Күнге үнемі күю, әсіресе, бала кезде және жастық шақта, меланома – терінің қатерлі ісігінің ең агрессивті бір түрінің даму қаупін айтарлықтай арттырады.
Сонымен бірге күннен қорғайтын құралдардың құрамындағы құрауыштардан болатын ықтимал қауіптер ғылыми зерттеулердің тақырыбы болып қала береді және ультракүлгін сәулелердің зиянымен салыстыруға келетіндей ауқымдарда әлі расталмаған.
Қай уақытта SPF шынымен қажет
- теңізде немесе тауда демалған кезде
- далада ұзақ уақыт болғанда
- аққұба адамдар үшін
- косметологиялық процедуралардан кейін
- пигменттенуге бейімділік болған жағдайда
Қорытынды
Бастысы, SPF-ты дұрыс қолдану керек: құралды жеткілікті мөлшерде жағу, оны бірнеше сағат сайын жаңартып отыру және жалғыз қорғаныс ретінде тек иісмайға ғана сүйенбеген абзал.