
Қандай ермек істер шынымен стресті азайтады: ғылым не дейді
Стресс өміріміздің нағыз фонына айналған жайт: дедлайндар, жаңалықтар, ақпараттың шамадан тыс көптігі. Осыған жауап ретінде босаңсудың жылдам жолдарын іздейміз – сериалдар, скроллинг, бір бокал шарап. Алайда зерттеулер көрсетіп отырғандай, әдіс-тәсілдердің барлығы бірдей жүйке жүйесі үшін пайдалы бола бермейді. Дегенмен күйзелісті шын мәнісінде жеңуге көмектесетін хобби түрлері бар. Лайқос нақты қай түрлері екендігін анықтады.
Сурет салу, жабыстыру, коллаж
39 ересек адам атсалысқан эксперимент көрсеткендей, шығармашылықпен айналысудың 45 минуттық сессиясы қатысушылардың 75%-ында картизол деңгейінің төмендеуіне және субъективті хал-жайдың жақсаруына әкеледі. Әрі бұл көркемдік дағдыларға байланыссыз көрсеткіш!
Әуестікпен жасалатын іс-әрекет кезінде ағын күйі (flow) белсендіріледі, көңіл мазасыз ойлардан табиғи түрде арылады, ал босаңсу мен қалпына келтіру үшін жауап беретін парасимпатикалық жүйке жүйесі анағұрлым белсендірек жұмыс істей бастайды.
Каллиграфия
Каллиграфия психикалық ахуалды қолдаудың дәрі-дәрмексіз әдісі ретінде әрекет етеді: ол зейін қоюды, бақыланатын бірқалыпты қимылдар мен эмоциялық тұрғыдан өзін-өзі танытуды біріктіріп отыр.
Таза ауадағы қозғалыс
Қалжыратып жіберетін жаттығулардан гөрі бірқалыпты циклдік жүктемелер алаңдаушылықты әлдеқайда тиімдірек төмендетеді. 20-40 минут бойы жаяу жүру, жеңіл жүгіріс, жүзу, велосипед, йога, пилатес және тай-цзи өте жақсы көмектеседі.
Орман ванналары
Синрин-еку («орман ванналары») жапондық тұжырымдамасы ондаған зерттеулермен расталып отыр: жасыл аймақтардағы серуендер қысымды, тамырдың соғуы мен картизол деңгейін төмендетеді. Табиғат аясында өткізілген, тіпті, 20 минуттың өзі күйзеліс гормондарының деңгейін төмендетуге қабілетті.
Бақша егу
Бақ өсіру мен өсімдіктерді күту депрессия мен алаңдаушылық белгілерін азайтады, эмоциялық фонды тұрақтандыруға көмектеседі, психикалық ресурстардың қалпына келуіне септігін тигізеді және жағдайдың бақылауда екендігін сезінуге мүмкіндік береді.
Хат жазу және күнделік жүргізу
Экспрессивті хат – психология ілімінде кеңінен зерттелген тәсілдердің бірі. Джеймс Пеннебейкер зерттеулері көрсеткендей: адамның өз алаңдаушылықтары жайындағы тұрақты хат жазуы күйзеліс пен психосоматикалық белгілердің деңгейін төмендетеді.
Әлеуметтік хобби
Өзгелермен араласуға байланысты ұжымдық белсенділіктерге атсалысу әлеуметтік байланыстардың нығаюына септігін тигізеді. Би, үстел ойындары, хор ішінде ән айту немесе еріктілік окситоциннің өндірілуін ынталандырады, жалғыздық сезімін төмендетеді және қатыстылық сезімі мен эмоциялық қызығушылықтың арқасында сабырлық деңгейін арттыруға көмектеседі.
Сонымен бірге мұндай ермек істер тиімділігінің басты шарты – психологиялық қауіпсіздік: егер әрекет жарыс, салыстыруға арналған себеп немесе қысым көрсету мен міндеттер көзі ретінде қабылданса, оның күйзелісті төмендету әсері ғайып қана болмай, сонымен бірге керісінше әсерге ие болуы әбден мүмкін.
Қорытынды
Жаңа нәрселерді байқап көруден, қате жіберу мен ермек істерді ауыстырудан қорықпаңыз – сіз дәл осындай эксперименттердің арқасында шын мәнісінде қуаныш әкелетін әуестіктерді таба аласыз.