
Саяхат жасау миға қалай әсер етеді: неліктен демалыс – ең жақсы дәрі
Демалыстан кейін барлығы да тіптен оңай болып көрінеді: түйткілдер ауыр күйге түсірмейді, ойлар айдай анық, көңіл-күй де жақсырақ. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, саяхат мидың құрылымын өзгертеді, есте сақтау қабілетін жақсартады және нағыз дәрі-дәрмек секілді қызмет ете алады. Бұл қалай болуы мүмкін? Мұны Лайқоспен бірге анықтайық.
Жүйке икемділігі
Әрбір жаңа орын, иіс, дәм, тіл немесе бағыт мидың үйрену мен есте сақтау қабілеті үшін жауап беретін – гиппокамп аймағын белсендіре түседі. Сіз алғаш рет бейтаныс қалада жөн тауып, бағдарланған кезде миыңыз жаңа нейрондық байланыстарды құрады, ал бұл жүйке икемділігі болып келеді, яғни, мидың өзгеру мен дамуға деген қабілеті.
Йель Университетінің зерттеуі көрсеткендей: жаңа әсерлер дофамин – мотивация мен ләззат алу гормонының өндірілуін ынталандырады. Сондықтан дәл осы саяхаттау барысында жаңа идеялар жиі пайда болады, ал шешімдер үйдегіден гөрі әлдеқайда айқын болып көрінеді екен.
Саяхаттар күйзеліс пен алаңдаушылықты төмендетеді
Сіз ортаны өзгерткен кезде әдеттегі стрессорлар – жұмыс, тұрмыстық міндеттер, хабарламалар – бәрі де артта қалады. Адам ағзасы картизолдың (күйзеліс гормоны) шамадан тыс мөлшерін өндіруді тоқтатады, ал серотонин деңгейі, керісінше, жоғарылай түседі.
Швеция саяхаттарды медициналық терапияның бөл бөлігі ретінде ресми түрде ұсынған дүние жүзіндегі алғашқы ел. Visit Sweden ұлттық агенттігі келесі жайттарды растайтын зерттеулерге негізделген The Swedish Prescription бастамасын іске қосқан: табиғат, мәдениет және әлеуметтік байланыстар психикалық әрі физикалық денсаулықты дәрі-дәрмектерден кем түспейтін дәрежеде қалпына келтіруге қабілетті.
Бағдарлама аясында дәрігер емделушіге саяхат жасауды тағайындауы мүмкін – мәселен, ұйқыны жақсарту мақсатында Лапландиядағы саунаға бару, қан айналымын жақсарту үшін Балтық теңізінің салқын суында шомылу немесе картизол деңгейін төмендететін және көңіл-күйді жақсарта түсетін швед ормандарында серуендеуді жазып бере алады.
Когнитивтік икемділіктің дамуы
Сіз тілді білмей тұрып, қандай да бір жерге қалай жетуге болатыны бойынша шешім қабылдағаныңызда, әдеттен тыс тағамдарды таңдаған кезіңізде немесе жаңа сағаттық белдеуге икемделгеніңізде ми жылдам бейімделуді үйренеді. Бұл қабілет, яғни, когнитивтік икемділік – жасампаздық, есте сақтау және эмоциялық зиятпен тікелей байланысты.
Жиі саяхаттайтын адамдар белгісіздікті әлдеқайда жақсырақ жеңеді және қалыптан тыс шешімдерді жеңілірек табады екен. Дәл осы себептен көптеген компаниялар қызметкерлерін кезекті демалысты алу және жаңа әсерлердің арқасында миды қайта ретке келтіруді көтермелейді.
Саяхаттар эмпатияға үйретеді және ойлауды кеңейтеді
Біз жаңа жерге сапар жасаған кезде басқа сәулет нысандарын немесе тағамдарды ғана кездестірмейміз – біз өзге өмір салтына, құндылықтар мен әдеттерге тап боламыз. Басқа елдегі немесе, тіпті, көрші аймақтағы адамдардың қалай өмір сүретінін көзбен көріп, біз қалыптылықтың әртүрлі көрініс табуы мүмкін екендігін түсінеміз. Осылайша біз оқиғаларға өзгелердің көзімен қарауды, қандай да бір айырмашылықтарды айып тақпай қабылдау мен өзімізді де анағұрлым жақсырақ ұғынуды үйренеміз.
Қорытынды
Жақсы жаңалық: миға жаңару үшін міндетті түрде ұшаққа билет алудың қажеті жоқ. Көрші қалаға жасалатын, тіпті, қысқа сапардың өзі, жаңа бағытпен серуендеу, ортаны өзгерту немесе мұражайға бару нейрондық желілер үшін жаңашылдықтың дәл сол әсерін береді. Бастысы, қалыптасқан кертартпа тәртіптен шығу және өзіңізге бұл әлемге жаңаша қарауға мүмкіндік беру.