Клондар, есалаң ғалымдар: ғалым туралы зиянды кинотаптаурындар
Өткен жолы біз кинодағы кейбір кеңінен таралған троптар туралы жазған едік. Бұл тұста «Машинадан шыққан шайтан», «Бетінде тыртығы бар адам» және «Eat the rich»/«Байларды ұр» секілді залалды экрандық таптаурындарды еске түсіргенбіз. Бүгін киносыншы Гүлажар Машрапова осы тақырыпты жалғастыруға шешім қабылдап, әрі қалай болғанда да ғылымға қатысы бар зиянды киноклишелер жайында, олардан болатын зиянды төмендету жолы мен олардың неліктен пайда болғандығы жайлы әңгімелеспек. Қазіргі уақытта күнделікті өмірімізге барынша еніп жатқан қарқынды ғылыми-техникалық прогрестің аясында – бұл жайт аса өзекті болып көрінеді.
ҰЗАҚ ӨМІР/АЖАЛСЫЗДЫҚ ЗҰЛЫМДЫҚ ІСПЕТТІ
Көбінесе – әрдайым дерлік – кино мен сериалдарда адам өмірі әдеттегі мерзімінен (максимум 90-100 жас) ұзағырақ немесе, тіпті, мәңгілік өмір болған жағдайда – бұл бір Зұлымдық ретінде бейнеленеді. Ажалсыз Кащей, граф Дракула, Волан-де-морт, Мумия, Саурон және т.с.с. – әртүрлі қансорғыштар, бақсылар, зомбилер мен басқа да кейіпкерлерді есімізге түсіріп көрейікші. Әншейінде кино және танымал мәдениеттегі персонаждардың ұзақ немесе мәңгі өмір сүруге деген ұмтылысы табиғилыққа жат нәрсе, өте жағымсыз, күпіршілік деп есептелінеді – бәлкім, бұл тек қана басқа адамдар немесе жануарлардың белгілі бір ресурстарын: олардың денсаулығы, жастық шағы, негізінен жалпы өмірін тартып алудың арқасында жүзеге асырылатындықтан болар.
Жаңа зеландиялық режиссер Питер Джексонның «Сақиналар әміршісі» фильміндегі (сондай-ақ Джон Р.Р. Толкиеннің әдеби түпдерегінде де) эльф Арвен туғанынан мәңгілік өмірге ие болып келеді, алайда өлім құрығынан құтыла алмайтын өзінің сүйіктісі Арагорнға деген махаббаты үшін ондай өмірден бас тартады. Әрі бұл жерде, тағы да, өлмейтіндік пен бақыт – осы екеуінің бірін таңдау қажеттілігі белгілі бір шарасыздық ретінде көрсетіліп отыр. «Мен мәңгілік өмірді жасай алар едім!» – дейді Джеймс Уэйлдің «Франкенштейннің қалыңдығы» атты фильміндегі доктор. Ал оның зайыбы былай жауап қатады: «Бізге мұндай заттарды білу керек емес! Барлық нәрселердің негізінде өмір емес, өлім жатыр және ол барлық нәрсенің де соңы болып келеді». Алайда бұл шынымен де солай ма?
Қазір біз қартаю туралы ғылымның қаншалықты қарқынды түрде дамып келе жатқандығын көріп отырмыз, ғалымдар сендіріп отырғандай, теориялық тұрғыдан бұл үдерісті тоқтату және адамның (жануарлардың кейбір түрлері үшін бұл қазірдің өзінде мүмкін болғаны мәлім) өмірін ұзартуға әбден болады. Осыған гендік терапияны да, жалпы ғылыми-техникалық прогресті де жатқызуға болады. Бәлкім, жуық арада бұл біз үшін мүмкін болмақ – ажалсыздыққа қол жеткізілмеген жағдайда да, дегенмен ұзағырақ өмір сүруіміз әбден ықтимал. Алайда шарасыз құбылыс болып саналатын өлімнің алдындағы қорқыныш пен осының салдарынан туындайтын сол өлімді ақтап шығу мен ұтымды етуге деген ұмтылыс адамзаттың ұжымдық санасында (өнер мен кинематограф секілді салаларда көрініс тауып отырған) терең тамыр жайып алғаны соншалық, тіпті, біздің заманымызда да – жасанды интеллект пен озық ғылыми жаңалықтар заманында – біз әлі де ажалсыздық пен ұзақ өмір нағыз Зұлымдық екендігін паш ететін фильмдер мен сериалдарды түсіруді жалғастырып келеміз. Дегенмен дәл қазір біз үшін, бәлкім, осы таптаурынның өте ұзақ уақыт бойы біздерге тән болып келгендігіне қарамастан, небәрі ойлау әдеті екендігін түсінетін кез жеткен болар. Ұзақ өмір сүру, даму, пайдалы іс-әрекет және шығармашылықпен айналысу үшін әдеқайда көбірек уақытқа ие болу ұмтылысы, жалпы алғанда өшпестікке деген ұмтылыста – былай қарағанда жаман немесе зұлым деп айтатындай ешнәрсе жоқ. Неге солай болмасқа?
КЛОНДАУ ХОРРОР РЕТІНДЕ
Теориялық тұрғыдан қарайтын болсақ, қазірдің өзінде-ақ адамды клондау мүмкіндігі бар – ғалымдардың айтуынша, біздерді бұл нәрседен техникалық мүмкінсіздік емес, негізінен этикалық және заңи түсініктер бөліп отырғаны айқын. Осы жайтқа байланысты аталмыш тақырып бойынша әдетте кино мен сериалдарда зәреңді алатын алуан түрлі хикаялар бірден еске түседі. Көбінесе адам клондарының хикаяларын баяндайтын болашақ туралы фильмдерде осы жағдаятқа деген көзқарас тіптен түнеріңкі болып келеді. Мәселен, клондарды адамдар, яғни, «түпнұсқаларға» арналған ағза мүшелері үшін өсіруі мүмкін – мысалы, тура Майкл Бэйдің «Арал» немесе Марк Романектің «Жіберме мені» атты фильмдеріндегі (сондай-ақ жазушы Кадзуо Исигуроның романы-түп шығармасындағы) оқиғалар іспетті. Не болмаса оларды жұмыс күші үшін құл немесе оққа жем ретінде, қандай да бір шығыс материалы ретінде пайдалану мақсатында – осы тұста «Құпия материалдар» сериалы және «Обливион» мен «Олар Тайронды клондады» секілді фильмдер еске түседі.
Немесе бұл экрандарда шынайы тарихта болған белгілі бір диктаторлар мен жауыз адамдарды клондау мүмкіндігі ретінде көрініс тауып отырады – мәселен, Франклин Шеффнердің «Бразилиядан келген ұлдар» фильміндегі сюжетті қарастырайық. Бұл жерде балама шынайылық көрсетілген, әрі фильмнің кейіпкері доктор Йозеф Менгеле нацистік Германияның Екінші Дүниежүзілік соғыстағы жеңілісінен кейін Бразилияға қашып келіп, өзімен бірге Адольф Гитлердің ДНҚ-материалын да ала қашады және алдағы уақытта оның көптеген клондарын жасауға ниеттенеді.
Шын мәнісінде осының барлығы да адамзаттың белгісіз нәрселердің алдындағы ұжымдық қорқыныш сезімін бейнелейді. Нақ осы клондардың кесірінен ығыстырылу үрейі, жалпы олардың адамдардың тіршілігі үшін қандай да бір қауіп-қатер ретінде қабылдануы. Әлем мен өркениетті бақылаудан айырылып қалу тәуекелі. Кезінде, яғни, адамның ғарышқа алғаш ұшуы, Айға қонуы және жалпы алғанда ғарыш саласының қарқынды түрде ілгерілеу дәуірінде – өзге ғаламшарлық өркениеттер мен басқа планеталардан Жер бетіне келуі мүмкін кез келген беймәлім нәрселердің алдындағы қорқынышты бейнелеп көрсеткен бірқатар картиналар да жарық көрген. Бәлкім, біздің шынайылықты қатты өзгерте алатын кез келген жаңашылдықтар, ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар – әуел баста қатты үрей мен көптеген қате түсініктерді тудыратын шығар. Міне, осы тұста бұл тақырыптардың айналасында кино мен поп-мәдениетінде барлық хоррорлар пайда болып отырады. Бұл жерде ең бірінші кезекте прогрестің барлық осы жетістіктерімен алдағы уақытта салауатты өмір сүру үшін этикалық және құқықтық тұрғыдан дұрыс негізді құру аса маңызды болып келеді, сонда уақыт өте келе қорқыныш сезімі мен қарсылық та сейілетіні хақ.
«MAD SCIENTIST»/«ЕСАЛАҢ ҒАЛЫМ»
Кинода кездесетін тағы да бір клише – «mad scientist» деп аталатын, яғни, «есалаң ғалым» деген тропты айтуға болады. Бәлкім, бұл танымал мәдениетте қалыптасып қойған ең бір мықты таптаурындардың бірі болар. Кинематографта бұл, мәселен, саланың пайда болғанынан бері бастау алатын көрінеді: 1920 жылғы Роберт Винедің «Доктор Калигаридің кабинеті», 1927 жылғы Фриц Лангтың «Метрополис» фильмі, 1930-шы жылдары Голливудта түсірілген доктор Франкенштейн туралы фильмдерді еске түсірейікші. Егер қазіргі заманғы фильмдер турасында сөз қозғайтын болсақ, онда аталмыш таптаурын бүгінде де өте жиі кездесіп отырады – мысалы, «Өрмекші адам», «Юра дәуірінің әлемі» франшизалары, Дэвид Кроненбергтің «Шыбын», Джордан Пилдің «Аулақ» және көптеген басқа да фильмдер. Тұтастай алғанда бұл қандай да бір идеяға қадалып қалған моральсіз ғалымның бейнесі – не болғанда да өзінің ғылыми өнертабысын, жобасын жүзеге асыруға деген ниет. Тіпті, бұл эпидемиялар, өлім-жітім, флора мен фаунаның, жер бетіндегі өркениеттің жойылуына, не болмаса бүкіл адамзаттың өлімі секілді тойтарылмас салдарға әкеліп соқтырса да, персонаж өз дегінен қайтпайды.
Бұл жерде тағы да адамның түсініксіз әлдененің алдындағы қорқынышы бейнеленіп тұр. Адамдардың көбі ғалымдар секілді белгілі бір арнайы мағлұматтар, танымдарға ие болып келмейді. Демек осы тұста әртүрлі фобиялар да пайда болады, яғни, ғалымдар өздерінің «құпия» білімдерінің көмегімен қандай да бір қауіпті және қиратушы нәрсені жасай алады деген қорқыныш сезімі туындайды. Өлімге апаратын вирустар, адамдар мен жануарларға жасалатын қорқынышты тәжірибелер, жойқын суперқару, уақыт саяхаттары, қауіп төндіретін жаңа түрлер мен осындай сияқты тағы да басқа жайттар. Шын мәнісінде адамзаттың тарихи тәжірибесіне зер салсақ, ғалымдардың өздері мен олардың еңбегінен, жалпы ғылымның өзінен біз әрдайым тек пайда көріп отырғанымыз белгілі. Шыны керек бізді қоршаған абсолютті барлық заттар – технологиялар, гаджеттер, тағамдар, медицина, транспорт – тіпті, бүкіл өркениетіміз де – ғалымдардың дәл осы интеллектісі мен жұмысын қолданудың тікелей нәтижесі, ғылымның әртүрлі салаларының жемістері болып келеді. Әлбетте, қару, есірткі және басқа да деструктивті заттар осыдан шыққанымен, дегенмен пайда анағұрлым көбірек болып отыр. Жалпы тіршілігіміздің сақталуы мен жалғасуы көбінесе ғалымдардың арқасында екендігі шүбәсіз, сондықтан кино мен мәдениетте ғалым бейнесін соншалықты демонизациялаудың қажеті жоқ шығар – іс жүзінде ол біздің дұшпанымыз емес, ең алдымен, ол біздің досымыз.
Аударған: Рита Сәрсенова