
Аллергияның жедел ұстамасы: әркім білуі тиіс жайттар
Аллергия әлдеқашан «сирек кездесетін ерекшелік» болудан қалған. Қазіргі таңда адамдардың шамамен 30-40% бір немесе бірнеше аллергия түрі бар, әрі соңғы 20 жыл ішінде бұл көрсеткіш өсуін жалғастырып келеді. Адамдардың көбінде ол мұрыннан су ағу, қышыма немесе бөртпе түрінде байқалады, дегенмен кейде реакция лезде дамып, тіпті, өмірге де қауіп төндіреді. Мұндай жағдайлар дереу көмек көрсетуді қажет етеді. Қауіпті белгілерді қалай айырып тануға болатыны мен осындай тұстарда не істеу керектігін түсінуге 15 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер-аллерголог Мария Демченко көмектеседі.
Аллергияның жедел ұстамасының белгілері қандай
Жіті реакция аллергенмен жанасқаннан кейін бірнеше минут немесе сағат ішінде дамиды. Ол әрқалай көрініс табуы мүмкін:
Анафилаксия (анафилактикалық шок)
Басты көрініс – қысымның күрт төмендеуі. Адам бозарып, денесін суық тер басады, тамырдың соғуы жиілейді және әлсірейді. Көбінесе тыныс алудың қиындауы, көмекейдің ісінуі немесе бронхтардың жиырылуы қосылады. Көмек көрсетілмесе, жағдай естен тану және жүректің тоқтауымен аяқталуы бек мүмкін.
Квинке ісінуі
Бұл тұста ерін, қабақ, тіл, кейде көмекей тез ісінеді. Мұндағы басты қауіп ісіну тыныс алу жолдарын жауып, анафилаксияға ұласа алатынында жатыр.
Аллергия сипатындағы бронхтардың жиырылуы
Кенет ентігу, ысқырықты дем алу, жөтел мен ауа жетіспеушілігінің күшті сезімі пайда болады.
Жіті есекжем
Терінің бетінде қышитын күлдіреу пайда болады. Ауыр жағдайларда жайылған есекжем ісіну және анафилаксиямен бірге жүруі мүмкін.
Назар аударуды қажет ететін белгілер: ентігу немесе тұншығу, тамақта тас тұрғандай сезіну, бет пен тілдің ісінуі, әлсіздік, қан қысымның төмендеуі, бүкіл дененің бөртуі мен қышуы, іштің ауыруы, жүрек айну немесе іш өту. Мұндай реакциялар тұншығуға, қысымның күрт төмендеуіне, жүректің тоқтауына және, тіпті, өлімге әкеліп соқтыруы ықтимал. Сондықтан жылдам әрі нақты әрекет еткен абзал.
Жедел ұстама кезіндегі алғашқы көмек
- Жедел жәрдем шақырыңыз (103 немесе 112). Белгілері енді ғана басталып жатса да.
- Аллергенмен түйісуді тоқтатыңыз. Күмән тудыратын өнімді алып тастаңыз, дәрі қабылдауды тоқтатыңыз, жәндік шаққан жағдайда бізгекті шығарып алыңыз.
- Ыңғайлы дене қалпын қамтамасыз етіңіз. Тыныс алу қиындаған жағдайда – алға еңкейтіп отырғызу. Қысым төмендегенде – шалқасынан жатқызып, аяқты көтергізу.
- Дем алуын қамтамасыз етіңіз. Мойын мен кеудені қысып тұратын киімнен босатыңыз, құсқан кезде басын бір жағына қарай бұрыңыз.
- Адреналин – басты дәрі. Егер автоинъектор бар болса, санның сыртқы жағына дәрі егу керек. Бұл өмірді құтқарады.
- Антигистаминдік препараттар. Олар белгілерді баса алады, дегенмен адреналиннің орнын алмастыра алмайды.
- Таза ауа мен бақылау. Киімнің ілгегін ағытып, терезені ашыңыз. Дем алу мен тамыр соғуын қадағалаңыз. Тыныс пен жүректің тоқтауы орын алса, жүрек-өкпе қызметінің реанимациясын бастаңыз (көкірек қуысына 30 рет басу, 2 рет дем алдыру).
Маңызды: ауыр реакцияны дәрі-дәрмексіз тоқтату мүмкін емес.
Жіті ұстаманы көбінесе не нәрсе тудырады
- Азық-түлік: жаңғақтар, жержаңғақ, теңіз өнімдері, сүт, жұмыртқа, соя, бидай, сирек тудыратындар – құлпынай, шоколад, дәмдеуіштер.
- Дәрі-дәрмек: антибиотиктер, аспирин, ибупрофен, зерттеулерге арналған контрастық заттар.
- Құрт-құмырсқа: ара, сона, бүгелек, түкті араның шағуы.
- Басқа факторлар: латекс, тұрмыстық химия, кейде физикалық жүктеме немесе температураның күрт өзгеруі.
Аллергиктер қалай дайындалуы керек
Тозаң маусымына алдын ала дайындалып алғаныңыз маңызды: дәрігердің тағайындауы бойынша антигистаминдік препараттарды қабылдай бастау мен мұрынға арналған спрейлерді қолдануға болады, ал белсенді гүлдену кезеңінде терезелерді жабық ұстаған абзал. Егер сапарға шығатын болсаңыз, баратын аймағыңыздың климаты мен өсімдіктерін зерттеп шығыңыз, антигистаминдік дәрілер, мұрынға арналған спрейлер мен көз тамшылары салынған дәрі қобдишасын жинаңыз, ал аллергияның ауыр түрлерінде өзіңізбен бірге адреналині бар автоинъекторды алып жүргеніңіз дұрыс.
Тамақтанғанда да сақтық танытуыңыз керек: жаңа азық-түлік түрлерін біртіндеп жеп көргеніңіз жөн, мәселен, тозаң мен кейбір жемістер арасындағы қайшылықты аллергияға жол бермеу мақсатында.
Аллергияны не нәрсе күшейтуі мүмкін
Кейбір тағамдар аллергиялық реакцияларға бейімділікті күшейте түседі: фастфуд, тәтті тағамдар, газдалған сусындар, алкоголь, ысталған өнімдер, бабына келген ірімшіктер, шарап (құрамындағы гистаминнің жоғары мөлшеріне байланысты).
Жаман әдеттер де аллергияның ағымын ауырлатады – темекі тарту, ұйқының қанбауы, созылмалы күйзеліс, қозғалысы аз өмір салты мен антибиотиктерді теріс пайдалану. Алайда мына бір жайтты қаперімізіден шығармайық: әрдайым кішкентай қадамдардан-ақ бастауға болады, мәселен, алкогольді қабылдаған кезде оның мөлшерін бірте-бірте азайтыңыз. Кейбір сусындардың (шарап, шампан, сыра) құрамында гистамин мен аллергиялық реакцияларды күшейте түсетін сульфиттер бар екенін есте ұстаңыз, сондықтан уақыт өте келе олардан мүлдем бас тартқан абзал. Ал шылымқұмарлар никотинді алмастыратын терапияны (жабыстырғыштар, спрейлер, сағыздар), әрі жану үдерісі мен канцерогендердің түзілуіне жол бермейтін хиттерлерді қарастыра алады. Темекіден бас тарту бағдарламалары бойынша дәрігермен кеңесу де септігін тігізетіні сөзсіз.
Үйреншікті фастфудтың орнына анағұрлым аялауыш нұсқаларды – мысалы, қуырылған наггетстің орнына көкөністермен пісірілген тауық еті немесе газдалған сусынның орнына үйде жасалған смузиді байқап көруге болады. Тіпті, қозғалысы аз өмір салтын ұстанғанның өзінде бір ғана қарапайым әдетті қосқан пайдалы – ұйықтар алдында, кем дегенде, 10-20 минут үйдің айналасында серуендеу.
Жалғыз дұрыс шешім – бұл зиянды әдеттерден біржолата бас тарту. Тек осылай ғана денсаулықты сақтап, өмірді ұзартуға, әрі оның сапасын айтарлықтай жақсартуға болады. Жаман әдеттерден неғұрлым тезірек бас тартсаңыз, аллергиялық маусым да сіз үшін соғұрлым жеңіл және тыныш өтетіні шүбәсіз.
Қорытынды
Белгілер мен алғашқы көмек көрсетудің алгоритмдерін білу өмірді құтқара алады. Егер сізде немесе жақын адамдарыңызда осыған дейін ауыр реакциялар болса, өзіңізбен бірге антигистаминдік препараттарды, сонымен бірге дәрігердің тағайындауы бойынша андреналині бар автоинъекторды алып жүріңіз. Ал алғашқы симптомдар пайда болған жағдайда жедел жәрдемге қоңырау шалыңыз: кешікеннен гөрі сақтанған абзал.