
Жазда ангинадан қорғанудың жолы
Ыстық айларда көптеген адамдар тамақтың ауырсынуына және ангинаға тап болып отырады. Мұның себебі инфекциялар ғана емес, сондай-ақ температураның күрт өзгеруі, жұмыс істеп тұрған кондиционерлер, салқын сусындар мен жергілікті иммунитеттің әлсіреуі де болуы мүмкін. Лайқос ангинаның неліктен, тіпті, жазда да пайда болатыны мен ауру қаупін төмендетудің жолын айтып береді.
Неліктен ангина жазда пайда болуы мүмкін
Кеңінен таралған пікірге қарамастан, салқын су немесе балмұздақ өздігінен ангинаны тудырмайды. Ауру негізінен бактериялық, ал кейде вирустық инфекцияның салдарынан дамиды.
Алайда жаз айларында жұқтыруды жылдамдата алатын шарттар пайда болады: ыстық дала мен кондиционерлері бар үй-жайлар арасындағы температураның күрт өзгеруі, өте салқын сусындарды ішкеннен кейін шырышты қабықтың салқындауы, құрғақ ауа, саяхат барысында, лагерьлер мен көпшілік жиналатын іс-шараларда көптеген адамдармен араласу, сонымен бірге қатты шаршау, ұйқының қанбауы мен иммундық қорғаныстың төмендеуі. Осы факторлардың барлығы да тамақтың шырышты қабатын инфекциялардың алдында айтарлықтай осал етеді.
Бұл нақты ангина екенін қалай білуге болады?
Ангина (жедел тонзиллит) әдетте жылдам дамиды. Ең жиі кездесетін белгілері:
- тамақтың, әсіресе, жұтынғанда қатты ауыруы;
- дене қызуы 38 °C жоғары болуы;
- мойындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы мен ауырсынуы;
- көмекей бездерінің қызаруы және ұлғаюы;
- көмекей бездеріндегі ақ немесе сарғыш өңез (аурудың кейбір пішіндерінде);
- дененің айқын әлсіздігі мен ауырсынуы.
Егер тамақтың ауыруы мұрынның ағуымен, жөтел және дауыстың қарлығуымен қатар жүрсе, көбіне-көп бұның себебі бактериялық ангина емес, вирустық инфекция болып келеді.
Ауру қаупін азайтуға не көмектеседі?
Ауаның ылғалдылығын қадағалаңыз
Кондиционерлер көбінесе ауаны құрғатып жібереді, осының салдарынан тамақтың шырышты қабаты кейде инфекцияларға қарсы төтеп бере алмайды. Егер сіз уақыттың басым бөлігін кондиционері бар бөлмеде өткізсеңіз, ауаның ылғалдылығын жеткілікті деңгейде сақтау мен су ішуді ұмытпауға тырысыңыз.
Салқын сусындарды тым көп ішпеңіз
Аптап ыстықта ұзақ уақыт болғаннан кейін тым салқын сусындар немесе мұздай суды ішу тамақтың шырышты қабатының қорғаныс қасиеттерін уақытша төмендетуі әбден мүмкін. Оның орнына мұздай емес, салқын сусындарды ішкеніңіз абзал.
Кондиционерлермен сақ болыңыз
Ауаның салқын ағымын тікелей бетіңіз бен мойныңызға бағыттамағаныңыз жөн. Көше мен үй-жай арасындағы температураның оңтайлы айырмашылығы 5-7 °C градустан аспауы тиіс.
Қолдың тазалығын сақтаңыз
Көптеген қоздырғыштар ластанған қол мен заттардың беткі жақтары арқылы, әсіресе, әуежайларда, сауда орталықтарында, қоғамдық көлік пен демалыста жұғады.
Иммунитетті нығайтыңыз
Мықты иммунитеттің негізі – бұл толыққанды ұйқы, әртүрлі тамақтану, физикалық белсенділік және сұйықтықты жеткілікті мөлшерде тұтыну болып келеді. Иммундық жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін С және D дәрумендерінің маңызы зор, дегенмен оларды қабылдаудан бұрын аталмыш дәрумендердің тапшылығы расталуы немесе дәрігер тарапынан тағайындалуы керек.
Ауырып қалсаңыз, жатып емделіңіз
Егер инфекцияның алғашқы белгілері пайда болса, бұл тұста физикалық жүктемені азайтып, әрі ағзаның қалпына келуіне мүмкіндік бергеніңіз абзал. Ауруға шалдыққанда жұмыс істеуді немесе қарқынды жаттығуларды жалғастыру асқыну қаупін арттыра түседі.
Тамақ ауырғанда балмұздақ көмектесе ме?
Кей кездері суық шынымен де жүйке ұштарының сезімталдығын азайту мен ісінуді кеміту арқасында ауырсынуды уақытша басады. Алайда бұл аурудың себебін емдемейді және толыққанды ем-дом шараларының орнын баспайды. Егер салқын тамақты ішкеннен кейін ауырсыну күшейетін болса, жазылғанша дейін мұндай азық-түлік түрлерінен бас тартқаныңыз жөн.
Дәрігерге қашан көрінген абзал?
- дене қызуы екі тәуліктен артық 38-38,5 °C жоғары болса;
- тамақтың ауырғаны соншалық, тіпті, судың өзін жұту қиынға соқса;
- көмекей бездерінде айқын өңез немесе іріңді тығындар пайда болса;
- лимфа түйіндері ұлғайса;
- ауру белгілері бірнеше күн бойы азаймаса;
- тыныс алу немесе ауызды қатты ашу қиындай түссе.
Бактериялық ангинаға күдік туындаса, дәрігер антибиотиктерді қабылдау қажеттілігін анықтау мақсатында экспресс-тест немесе қосымша зерттеулерді тағайындауы мүмкін. Өз бетіңізбен антибактериялық терапияны бастау ұсынылмайды.