«Градусты төмендету» және басқа алкогольге балама сусындар - Лайқос

«Градусты төмендету» және басқа алкогольге балама сусындар

Жаңа ұрпақ неге «күшті сусындарды» таңдаудан бас тартады және мұның артында не тұр?


Алкогольсіз сыра спиртті сусындарға балама бола алатын жалғыз дүние емес. Градуссыз сусындар нарығы қарқынды дамып келеді: өндірушілер шымырлап тұратын шәйдің де, алкоголі жоқ ликер мен шараптың да рецептурасын түрлендіріп, тәжірибе жасап көріп жатыр. Олар өнімін кімге сатпақшы және бұл саланың болашағы бар ма деген сауалдарға Томирис Балтабаева жауап іздеді.

 

Спиртті сусындарға қатысты 2021 жылғы орта 90-жылдары болған жағдайға қарағанда өзгеше. Ол жылдары алкоголь бос уақытты өткізудің ажырамас бөлігі еді, ал қазір көңіл көтеруге арналған опциялардың біріне айналды.

 

Мәселен, зумерлер миллениалдарға қарағанда алкогольді аз тұтынады, ал миллениалдар өз кезегінде ата-анасымен салыстырғанда бұл мәселеде әлдеқайда ұстамдырақ.

 

Ол қала берді, қазіргі жасөспірімдер бұрынғыларға қарағанда ішімдікпен кешірек танысады, кәмелеттік жасқа дейін спиртті сусынға жолай бермейді.

 

Мұны Ұлыбританияның мысалында көруге болады. Бұл елде соңғы 10 жыл ішінде алкоголь ішпейтін жастардың саны үштен бірге өскен. Жас британдар бір кездері бозбала-бойжеткен болған ата-анасымен салыстырғанда ғана емес, жалпы ересектерге қарағанда да ішімдікті азырақ сатып алады. Ары кеткенде спирті аз сусындарды таңдауы мүмкін. Тағы бір байқалған құбылыс – салынып ішетін жастардың аз болуы. Бұл негізінен үлкен азаматтарға тән. Осы секілді тенденциялар бүкіл әлемде байқалып отыр.

 

Қазақстан бойынша мұндай ашық статистика жоқ, ол тіпті болмауы да мүмкін, алайда біздің елде де саламатты өмір салты, жауапкершілікпен тұтыну секілді жалпы трендтердің қалыптасқанын байқауға болады. Ақылды жастар спирт түріндегі «әлеуметтік байланыс» құралын азырақ тұтынады және оған балама іздейді. Жаңа ұрпақтың мұндай әрекетке баруының бірнеше себебі бар дейді мамандар.

 

ДЕНСАУЛЫҚ КҮТІМІ

Қазір саламатты өмір салты жасыл смузи және йогамен айналысумен ғана шектелмейді. Жастар ұзақ өмір сүруге мүмкіндік беретін дүниелерге мұқият қарайды. Ал алкогольді аз ішу немесе мүлдем тұтынбау – денсаулықты сақтау трендінің бір бөлігі. Mintel зерттеу компаниясының сарапшысы Джонни Форсайт зумерлер жайлы «Бұл ұрпақ тарихтағы ең дені сау ұрпақ болуы мүмкін. Ол алкоголь индустриясын өзгертеді» дейді.

 

Қазіргі жастар өзін жақсы сезінгісі келеді және дұрыс деп саналатын дүниені пайдаланғысы келеді. Мәселе, америкалық студенттер рекреациялық марихуананы таңдайды (оған құрамында каннабис бар сусындар да кіреді), себебі ол тәуелдікті салыстырмалы түрде азырақ тудырады және алкогольге қарағанда қауіпсіздеу деп санайды.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР РӨЛІНІҢ АРТУЫ

Алкоголь – әлеуметтің бір бөлшегі екеніңді сезінудің маңызды атрибуты. Алайда технологиялардың дамуы нәтижесінде әңгіме-дүкен құру цифрға көшіп кетті. Яғни адамдар арасын алкоголь емес, әлеуметтік желілер байланыстырып тұр. Оның үстіне пандемия да дәстүрлі коммуникация моделдерін бұзып, өз үлесін қосты. Карантиндегі халық офлайн кездесудің қалай болатынын ұмытқандай болды. Ал экран алдында жалғыз отырып ішудің еш мәні жоқ, сондықтан спиртке деген қажеттілік көп адамда жоғалды.

 

Mintel мамандарының айтуынша, компьютерлендірудің тағы бір тұсы бар. Бұрын ішіп алған адамның әлдебір ерсі немесе күлкілі қылығын сол жерде болған куәгерлер ғана көретін, ал қазір оның бәрі таспаға жазылып, желіде тарап кетуі мүмкін. Кезекті думанды кештің бірінде ұнамсыз қылық жасап қоямын деген үрей жастарды өз-өзін бақылауда ұстауға, сәйкесінше, цирфлы форматтағы имиджіне мұқият болуға үйретті.

 

АЛКОГОЛЬСІЗ АЛКОГОЛЬ

Спиртке балама ретінде жас ұрпақ қазір нолоны, яғни алкогольдің дәм қасиеттерін беретін сусындарды хош көреді. Оған алкогольсіз сыра, шарап, шымырлайтын шәйлар, алкоголі аз ликер, шөпке тұнған сусындар, биттер кіреді. Ноломен түрлі дәмді коктейльдер жасай аласыз және одан алкогольді сусыннан кем түспейтін ләззат алуға болады. Оның үстіне «нөлдік» сыра мен шараптың құнарлығы 50%-ға дейін төмен болуы мүмкін, себебі құрамында спирт жоқ.

 

Ноло нарығы өсіп келеді. Сарапшылардың болжауынша, 2024 жылға қарай мұндай сусындардың әлем бойынша тұтыну көлемі 70%-ға артады екен. Әзірге алкогольсіз сыра бұл нарықтың көп бөлігін алып тұр, алайда жақын арада шарап пен басқа да сусындар саны артпақ. Спирт компаниялары градуссыз балама сусындар өндірісіне салынатын инвестицияны көбейтіп жатыр. Distill Ventures (Johnnie Walker, Smirnoff және Guinness иегері) Seedlip-ке (шөпте тұнған сусын) қаражат салды; Budweiser, Corona және Heineken алкогольсіз сыра сатылымын арттырамыз дейді; өзге сыра өндіруші компаниялар комбучи, яғни квасқа ұқсайтын, ферменттелген шәйден алынатын сусын өндірісін іске қосып жатыр.

 

Алкогольсіз балама сусындар тек дәм ғана емес, масаюдан болатын эйфорияны да имитациялай алады. Мысалы, Kin Euphorics велнес-сусындар бренді адаптогендер мен ноотроптарды, яғни жүйке жасушаларындағы зат алмасуын арттырып, ойлау процесін жақсарта алатын, мазасыздықтың жеңіл симпотомдарын басатын өсімдік заттарын қолданады. Компания бұл өнімін саналы, ішімдіксіз байланысқа арналған сусындардың жаңа категориясы деп таныстырады. Ал бренд құрылтайшыларының бірі ретінде Белла Хадидтің тіркелуі, мұндай сусындардың танымалдығының қарқынды артуына себепші болып отыр.

 

Жоғарыда айтылғанның бәрі бізді ішімдіксіз болашақ күтіп тұр дегенді білдіре ме? Жақын арада бұлай бола қояды дей алмаймыз. Себебі ішімдік мәдениеті – дәстүр мен әлеуметтік ритуалдардың маңызды бөлігі. Алайда алкоголь сусындардан мүлдем бас тарта алмайтын жастардың өзінің олардан келетін зиянды барынша азайтуға тырысуы да жоққа шығаруға келмейтін факт.

 

Аударған Димаш Зиядин

Фотосурет дереккөзі media.seedlipdrinks.com

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]