Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, деменция кезінде қалыпты қартаю процесіне қарағанда когнитив қабілет-дағды тезірек бұзылып, тоқырауға ұшырайды. Альцгеймер – оның ең кең таралған түрі. Ол деменцияның шамамен 70% жағдайында кездеседі.

 

Альцгеймер ауруының пайда болуына мидағы холинергиялық нейрондардың өлуі себепші болады. Бұл нейрондар ацетилхолин, яғни ми мен дене арасындағы жүйке-бұлшық ет қатынасына жауап беретін органикалық байланыс құрады. Сәйкесінше, ацетилхолиннің азаюы немесе мүлдем жоғалуы деменция белгілерін тудырады. Ерте симптомдар арасында ұмытшақтық пен ашуланшақтық бар. Диагноз қойылған соң бірнеше жылдың ішінде пайда болатын кейінгі белгілер ауру адамның жақындарын танымай қалуына, уақыттың қалай жұмыс істейтінін түсінбеуге және аяқтан қалуға әкеліп соғады.

 

Альцгеймер ауруының 75%-дан астам жағдайы 65 жастан асқан адамдарда кездеседі. ДДСҰ мәліметінше, 2050 жылы деменцияға шалдыққан жаңа науқас әр төрт секунд сайын пайда болып отырады.

 

Ғалымдар түрлі теорияны тексеріп көру арқылы бұл аурудың шешімін табу жолдарын іздеуді тоқтатқан емес. Ал жақында жүргізілген зерттеу ауру белгілерін азайтып, миллиондаған адамның өмірін жеңілдетуге никотин көмектесуі мүмкін екенін көрсетті: ол Альцгеймерге шалдыққан жандардың жағдайын оңдай алады екен, жекелей алғанда жадыны, визуал назарды және көңіл-күйді жақсартуға көмектеседі. Визуал ақпаратты есте сақтау оқиғалары да айтарлықтай жақсарған. Мамандардың айтуынша, бұл никотиннің жоғарыда айтылған ацетилхолинді ми рецепторларында қалпына келтіруге, нейрондардың өлуін баяулатуға жәрдемдесетінімен байланысты.

 

Сондықтан бірнеше жылдан кейін біз дәріхана сөрелерінен құрамында никотині бар дәрілерді көруіміз мүмкін және, жалпы, бұл затқа деген қатынас өзгеруі ықтимал. Қазірдің өзінде зерттеулер темекіден келетін басты зиянның никотиннен емес, түтіннен екенін көрсетіп отыр. Себебі түтіннің құрамында шайыр, ыс және басқа 6000-дай элемент бар, оның 69-ы канцерогенді.