Темекіні қыздыру жүйелері: ерекшеліктері, қауіптері және әсері

Шылым және темекіні қыздыру жүйелері жайында сіз білмеген жайттар

Өкпенің саулығы үшін шайқас

Шылым шегу мен темекі түтінінің адам денсаулығына қандай әсер тигізетіндігі баршамызға да белгілі. Статистикаға сүйенсек, ешбір қолдаусыз темекі шегуден ұзақ мерзімге бас тарту адамдардың небәрі тек 3–5% үшін ғана мүмкін. Дәл осы себептен нарықта темекіні қыздыруға арналған жүйелер (ТҚЖ) пайда болған, әрі олар темекіден гөрі зияны төменірек келетін балама нұсқа ғана емес, кейде тіпті шылымнан біржолата бас тарту жолындағы керемет тәсіл болып саналады. Алайда ТҚЖ тиімділігі туралы пікірталастарға қарамастан, күні бүгінге дейін олардың денсаулыққа деген әсеріне байланысты алаңдаушылық бар. Олардан қауіптену керек пе, әлде сол баяғы дәстүрлі темекіге оралған дұрыс па – жаңа мақаламызда айтып береміз.

ӨСОА ДЕГЕНІМІЗ НЕ ЖӘНЕ НЕЛІКТЕН ОДАН ҚАУІПТЕНУ КЕРЕК?

Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА) ауа ағынының қайтымсыз шектелуімен, жөтел және көптеген басқа да белгілермен сипатталатын тыныс алу жолдарының созылмалы, баяу үдемелі ауруы болып келеді. Оның дамуы атмосферадағы әртүрлі зиянды заттектердің ықпал етуінің салдарынан туындайтын өкпе тінінің және тыныс алу жолдарының созылмалы қабынуымен байланысты. Бүгінгі таңда бұл дерт өлім-жітім себептерінің тізімінде инфаркт пен инсульттен кейін үшінші орында тұр. ДДСҰ статистикасы бойынша 2017 жылы бұл аурудан 3,2 миллионға жуық адам қайтыс болған, әрі жасалып отырған болжамдарға сәйкес 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш жыл сайын 4,4 миллион адамға дейін өседі деп күтілуде.

 

ӨСОА дамуының негізгі қауіп факторына темекі тарту жатқызылады, әрбір бесінші шылымқұмар осы дертке шалдығуы әбден мүмкін. Алайда ластанған ауа және генетикалық бейімділік секілді басқа да факторларды жоққа шығаруға болмайды. Шахталарда жұмыс істейтін адамдар, құрылысшылар және металлургия өнеркәсібі саласындағы жұмысшылар майда дисперсті бөлшектермен үнемі байланыста болатындығына қатысты ерекше тәуекелге душар болады.

 

Мұндай ауыр дерттің асқынуы өмір сапасының нашарлауының себебіне айналып қана қоймай, сонымен қатар, тіпті, өліммен аяқталатын жағдайға да әкеліп соқтыруы ықтимал. Сонда осы бір жаман әдетінсіз өз өмірлерін елестете алмайтындар не істей алады? Зерттеулер көрсетіп отырғандай, кәдімгі темекіден ТҚЖ құрылғыларына ауысу зиянды заттектердің әсер етуін төмендетуі мүмкін. Дегенмен бұл тұста бәрі де осыншама бірмәнді ме, әлде біз аталмыш баламаға ауыссақ, қайта ұтылып қаламыз ба?

 

ДӘСТҮРЛІ ТЕМЕКІ VS ТЕМЕКІ ҚЫЗДЫРУ ЖҮЙЕЛЕРІ

Темекінің құрамында никотин, шайыр, көміртек тотығы, ұшпа органикалық қосылыстар (ҰОҚ), көпоралымды хош иісті көмірсутектер (КХИК) және темекі нитрозаминдері (ТН) секілді 6000-нан астам уытты заттектер бар деп саналады. Бұл заттектер тыныс алу жолдарының бірте-бірте зақымдануына әкеліп соқтыратын оксидативті күйзеліс пен қабынудың дамуына септігін тигізеді. Соңғы жылдары, әсіресе ӨСОА ауруының асқыну қаупі бар кезінде, респираторлық ауруларға шалдығуға деген бөлшектердің (PM) ықпалына ерекше назар аударылып келеді. PM бөлшектері ірі, ұсақ және ультражұқа болып бөлінеді. Ірі бөлшектері жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты қабатына шөгіп, аллергиялық және тітіркендіргіш реакцияларды тудырады. Ұсақ бөлшектер болса, өкпенің терминалды бронхиолалар мен альвеолалар секілді терең орналасқан аймақтарына дейін ене алады. Бұл үдеріс өкпе тінін бұзып қана қоймай,сондай-ақ иммундық жүйенің нейтрофилдер, NK-жасушалары және лимфоциттер сияқты маңызды жасушалардың қызметін бүлдіреді.

 

Дәстүрлі темекінің тікелей бәсекелесі саналатын балама нұсқа бұл статистикаға қандай жауап бере алады? Осы тұста дәстүрлі темекімен салыстырғанда ТҚЖ құрылғыларының қаншалықты қауіпсіз екендігі жайында көптеген талқылаулар жүргізіліп жатады. Дегенмен пікірталастарға қарамастан, көптеген зерттеулер ТҚЖ девайстарында темекіні қыздыру температурасының айтарлықтай төмен келетіндігінің арқасында адам ағзасына түсетін зиянды заттектер мөлшері де 95%-ға дейін азайтылғандығын көрсетіп отыр. PM-бөлшектерінің анализіне оралатын болсақ: жақында Peruzzi және әріптестері тарапынан жүргізілген зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, ТҚЖ қолдану қарапайым темекімен салыстырғанда ішкі РМ деңгейін едәуір төмендетеді екен. Сонымен қатар дәстүрлі темекіні тарту кезінде пайда болатын зиянды шығарындылармен салыстырғанда бұл жерде альдегидтер шығарындылары анағұрлым төмендегендігін атап өтпеуге болмас, шамамен 80–95% дейін, ал басқа ұшпа органикалық қосылыстардың деңгейі – тіпті, 97–99% дейін төмендеген. Мұндай нәтижелер өздерінің жаман әдетіне әзірге «жоқ» деп айта алмайтын әрі ӨСОА дертінің ауыр дәрежесіне шалдыққан адамдар үшін нағыз олжа іспетті.

 

ӨСОА-ҒА ШАЛДЫҚҚАН НАУҚАСТАР НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?

Респираторлық аурулар және клиникалық иммунология маманы Риккардо Полоза мен оның әріптестері жүргізген тағы да бір үшжылдық зерттеу ӨСОА ауруына шалдыққан әрі темекіні қыздыруға арналған жүйелерге ауысқан немесе тұтынылатын кәдімгі темекінің санын айтарлықтай азайтқан науқастарды қамтыған. Оларды 12, 24 және 36 ай өткеннен кейін қайта тексеруден өткізген. Алған нәтижелерді дәстүрлі темекі тартуды жалғастыра берген дәл сол жастағы және жынысы бірдей науқастардың нәтижелерімен салыстырған еді.

 

Негізгі нәтижелердің бірі ретінде ТҚЖ құрылғыларын қолданған науқастарда жыл сайын болатын аурудың асқыну жағдайларының саны әжептеуір төмендегені деп танылған. Сонымен бірге зерттеу қатысушылары 6-минуттық жаяу жүру бойынша параметрлердің жақсарғанын да көрсете алды. Бұл жалпы физикалық қимыл-қозғалыстың артқаны, ентігудің азайғаны мен, тіпті, төзімділіктің арта түскендігін дәлелдеп отыр.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазіргі уақытта зерттеулер көрсетіп отырғандай, темекіні қыздыруға арналған жүйелерге ауысу адам ағзасына түсетін залалды заттектердің мөлшерін төмендетуге көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар жалпы өмір сапасын анағұрлым жақсартуға септігін тигізеді.

 

Темекіні қыздыруға арналған жүйелер әзірге нарықта салыстырмалы түрде жаңа өнім болып саналатындықтан, олардың ағзаға деген ықпалы турасындағы қолжетімді зерттеулер негізінен уақыттың қысқа мерзімді кезеңдеріне бағытталған. Бұл шектеу ТҚЖ құрылғыларының анағұрлым ұзағырақ қолданысын ескере отырып, тағы да талдау жасау қажеттілігін көрсетеді.

 

Сонымен бірге әрбір темекі өнімі қалай болғанда да өкпеге теріс әсер ететіндігін, қабынуды тудыруы және қосалқы аурулардың пайда болуына септігін тигізуі мүмкін екендігін есте ұстаған маңызды. Бұл жағдайда ең үздік шешім ретінде никотиндік тәуелділіктен біржолата бас тарту екендігі анық.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]