«Іс темекіге шапты»: шылым шегу, тәуелді болу және никотинді басқа жолдармен алу жайлы - Лайқос

«Іс темекіге шапты»: шылым шегу, тәуелді болу және никотинді басқа жолдармен алу жайлы

Зиян әдеттен бас тарта алмаған, алайда Менделеевтің периодтық кестесіндегі заттардың көпшілігінен өкпесін қорғаудың жолын тапқан үш қазақстандықтың әңгімесін ұсынамыз.


Татьяна Фоминова

 

Татьяна ФОМИНОВА 

 

Шылымды темекіні қыздыру жүйесіне алмастырған

 

Шылымға ерте әуестендім: 13-14 жасымда сыныптастарыммен ойнап шегіп көрдім, екі жылдан кейін әдет болып кетті. Шылымқұмарлық есеюге деген құштарлықтан туды, яғни басқаларға кішкентай бала емес екенімді көрсеткім келген болатын. Мектепте ата-анамның түскі асқа ақша беретіні, бірақ ол соманы темекіге жұмсайтыным есімде.

 

Шылымды қойып көруге алғаш рет 19-20 жасымда әрекет қылдым. Құрбыммен Америкаға барған едік. Ақшамыз азын-аулақ болды, ал АҚШ-тағы темекі бағасын арзан деуге келмейді. Сондықтан үзіліс алайық дедік. Алайда бір айдан соң стрестен шылымды қайта бастап кеттім. Кейінірек тағы бірнеше рет тастап көрмекке талпындым. Бірақ нақты мақсат болған жоқ, тек қоя аламын ба, алмаймын ба деген қызығушылық итермелеген секілді.

 

25 жасымда шылым шегудегі тәжірибемнің үлкен екенін және оның салдары қиын болатынын шын түсіндім. Бұрынғыдай жүгіре алмайтынымды сездім, ентігіп қала беретінмін. Бұл ой мені балама жол іздеуге алып келді. Алдымен темекі санын азайтып көрдім, вейпке де көшкен кезім болды. Ақыры шамамен бес жылдай бұрын темекіні қыздыру жүйесіне біржолата өттім. Жағдайым дұрысталды, тісім мен тырнағым сарғаймайтын болды, шаш пен киімге сіңіп қалатын сасық иістен құтылдым.

 

Менің көңілім толмайтын жалғыз дүние – мемлекеттің электронды девайс қолданушыларына деген қатынастағы позициясы. Мысалы, біз шылым шегетіндермен теңестірілгенбіз. Мен өз бетіммен шылымды қойып кеттім, қажет девайсты сатып алдым, айналадағы елге қауіп төндірмеймін, түтін емес, бу жұтамын. Алайда осының бәріне қарамастан мені шылымқорлармен бірге арнайы орынға қуып тығады. Неге мен кәдімгі шылым шегетіндердің жанында тұрып, денсаулығыма зиян келтіруім керек?

 

Денис Стародубцев

 

Денис СТАРОДУБЦЕВ

 

Шылымды өзі дайындауға көшіп, аз шеге бастаған

 

Темекі тартуға араласқан ортам кінәлі. Ол кезде барда жұмыс істейтін едім, бәрі шылым шегетін, мен де соларға қосылып кеттім. Уақыт өте келе әдетке айналды. Шылым шегу, оның дәмі ұнайтын. Кейде белгілі бір мерзімге қойып кетіп жүрдім, бірақ мұның бәрі денсаулық жағдайына, мысалы, қатты тұмауратуыма байланысты болды. 30 жасқа қарай сигарилла шегуге көштім.

 

Орама темекіге өтуім өз-өзінен жүрді: бірде досымнан осындай шылымның бірін сұрап алдым да, оның маған көбірек ұнайтынын түсіндім. Орама темекі уақыт пен көңіл бөлуді талап етеді, өзіне тән эстетика бар. Оның үстіне оны кәдімгі шылым секілді көп шеге алмайсың. Темекі бітіп қалса, шекпей ұзақ уақыт жүре бере аламын және ешқандай жайсыздық сезбеймін. Дүкенде сатылатын шылымның дәмі жаман көрінеді. Себебі оған қалпына келтірілген темекіні қосады, оның нағыз темекіге еш қатысы жоқ. Түптеп келгенде, кәдімгі қағаз, тек сапасы жоғарырақ өнімдерді әзірлеу кезінде қолданылатын темекі жапырақтарының қалдығымен араласқан. Ал арнайы қоспалар сіңген сыртқы қағазы жанған кезде өкпеге қалай әсер етінін кім білсін.

 

Халық ішіндегі шылым шегу көлемін төмендетуге қатысты мемлекеттік шаралар толыққанды жұмыс істемейді деп ойлаймын. Шылым қорабындағы «қорқынышты» суреттерді алайықшы: ел дүкенде тұрып, «Маған анау өкпе ісігі барын беріңізші» деп әзілдеп жатады. Кей адам тіпті арнайы коллекция құрады. Мұндай шара – қате деп санаймын.

 

Евгения Сазонова

 

Евгения САЗОНОВА

 

Шылымды темекіні қыздыру жүйесіне алмастырған

 

Темекіні мектепте оқып жүргенде тарта бастадым, ол кезде бұл тәуелсіз болудың, мықтылықтың белгісіндей көрінетін. Осыған қарамастан, қазір, яғни темекіні қыздыру жүйесіне өткен соң шылымның маған тән емес әдет екенін түсіндім. Тартуым мүмкін, бірнеше күн тартпай жүре де бере аламын. Әрине, бұған айналам әсер етеді. Мысалы, достарыммен бас қосқанда жиірек шегемін, үйде отырсам, жоламаймын.

 

Электронды девайстар алғаш рет біздің нарықта пайда болғанда, яғни көп жыл бұрын бұл жүйеге өттім. Алғашқы кезде жарты жылдай денсаулығыма қарап жүрдім, оң және теріс жақтарын жазып қоятынмын. Тіпті стик әзірлейтін зауытта болып, оның қалай әзірленетінін де көрдім. Темекіні қыздыру жүйесінің басты артықшылығы – шылымды қойып кету мүмкіндігі деп санаймын. Бұл – сәнді девайс немесе елдің назарын аударуға арналған ойыншық емес, жану кезінде бөлінетін зиянды заттардың әсерін барынша азайтудың шын әдісі.

 

Никотинді мұндай жаңа тәсілмен қабылдаудың оң тұсы бұл бір ғана емес. Мәселен, ол адамға таңдау береді. Себебі темекіні азайтуға бағытталған тыйым салу шараларының бәрі аз нәтижелі. Өйткені көп жағдайда мына маңызды дүние ескерілмейді: шылымқор адам өз денсаулығына қалай әсер етем десе де құқылы. Бұл ретте тиімді тәсіл ретінде зиянды біртіндеп азайту әдісін атауға болады, ол кей зиянды әдетті өзгертуге және олардан келетін залалды төмендетуге мүмкіндік береді.

 

Жазып алған Дәмелі Немат

Аударған Димаш Зиядин

Фотоколлаж yanlaurentxo

Как вы оцените статью?
[Total: 0 Average: 0]