Денедегі түктерден құтылуға тиіспіз бе?
Біздің дене түктеріне байланысты өзімізді кем сезіну мен таптаурындар қайдан пайда болған? Неліктен олар гендерлік сәйкестікпен тығыз байланысты болып келеді? Әрі біз денемізде түктің болуы немесе болмауына қатысты алаңдауымыз керек пе? Осы бір күрделі әлеуметтік-мәдени мәселенің оңы мен солын ажыратып көрейік.
БӘРІНЕ ДЕ ДАРВИН КІНӘЛІ?
Әйел денесіндегі түк туралы қазіргі заманғы теріс түсініктің қалай пайда болғаны жайында бірнеше теория баршылық. Гендерлік зерттеулер бойынша профессор Ребекка Херциг мұны Чарльз Дарвиннің 1871 жылы шыққан «Адамның шығу тегі және жыныстық сұрыпталу» атты кітабымен байланыстырады. Дарвин эволюция барысында табиғи сұрыпталумен қатар жыныстық сұрыпталу да маңызды рөлге ие болған деп санайтын, әрі осы тұста бір жынысқа жататын индивидуумдар жыныстық серіктес үшін бәсекеге түсетін. Осы теорияның кеңінен таралуы денедегі түктердің мәдени маңызына жаңа әрі басқа мән берген екен.
Сол кезде Дарвиннің революцияшыл жұмысы тыйым салынған және мүмкіндігінше тұншықтырылған тақырып үшін, яғни, жыныстық қарым-қатынастар туралы пікірталастарға арналған нағыз аренаға айналады. Бұған евгеника ілімінің ерте кездегі жақтаушылары мен радикалды феминисттерден бастап, жарнамашылар мен өзін-өзі дамыту бойынша кітаптардың авторларына дейін барлық адамдар қызығушылық танытқан. Дарвиннің жыныстық сұрыпталу адамның сыртқы сипаттарына байланысты деген негізгі тезисі ерекше қызығушылықты тудырды. Ол ер адамдар сақалдарының дамып кетуінің себебін әйелдердің серіктесті таңдаған кезде сақал-мұрты барларын артық көргендерімен байланыстырып болжам жасаған. Ал еркектер, керісінше, денесіндегі жүні аздау серіктестерді таңдап, нәтижесінде әйелдердің бетіндегі түктері жоғалып кеткен деп көрсетеді. Сондай-ақ профессор Ребекка Херциг Дарвиннің теориясы түктілікті «жабайылық пен «аз дамыған» формаларға оралумен» байланыстырғандығын атап өтеді. Осының нәтижесінде – әйелдер үшін сұлулыққа жету жолындағы негізгі кедергі жүн екендігі туралы жаңа нарратив қалыптасады. Ең әуелі – тек қана бетіне шығатын түк, ал содан кейін әйел денесіндегі де түк назарға ілінеді.
ТЕГІС ТЕРІГЕ ДЕГЕН АМЕРИКАЛЫҚ СӘН
ХХ ғасырдың басында американдық әйелдер сәніне жалаңаштанған теріні көрсететін киім-кешектің жаңа силуэттері енген. Жеңі жоқ көйлектер мен тізеге дейінгі белдемшелерді кию үшін әйелдерді қолтық және аяқтағы түкті кетіруге шақырған. 1915 жылы әйелдерге арналған Harper’s Bazaar журналы қолтықтағы жүннен құтылуға арналған арнайы кампанияны жүргізеді. Сонымен бірге ер адамдарға арналған ұстара шығарушы Gillette компаниясы Milady Décolletée атауымен әйелдерге арнап алғашқы ұстараны ұсынады. Оның жарнамасы келесідей болған: «Ханымдардың туалет үстеліне жарасымды керемет қосымша әрі жеке ыңғайсыз түйткілдің шешімі».
Киім консервативтіліктен неғұрлым көп алыстаған сайын, әйелдердің денелері де соғұрлым мұқият назар мен «кемшіліктерге» қатысты тексеріске ұшырап отырған. 50-ші жылдардың басында дүкендердің сөрелерінде ішкі киімде және артық жүні жоқ модельдер бейнеленген Playboy журналы пайда болады, әрі бұл әйел сексуалдылығының жаңа стандарты деп жарияланады. Сонымен бірге денедегі жүннен құтылу бүгінгідей сонау басымдыққа ие құбылыс ретінде танылмаған: 70-ші жылдары қасаға аймағының айналасындағы түк, тіпті, Playboy журналы үшін де әдеттегі нәрсе болатын.
Тегіс қырынған әйел денесі 90-шы жылдарға қарай қалыпты жағдайға айналды. Бұл бейне кеңінен таралған мәдениетте жиірек айтылатын болған. Бір жағынан бұл жайтқа порно индустриясының дамуы ықпал еткен, өйткені мұнда денелерінде мүлдем түгі жоқ әйелдер көрсетілетін контент басымдылыққа ие еді. Мұндай порнография әйелдердің денелеріне қатысты шындыққа жанаспайтын түсінікті қалыптастырып отыр. Бұдан басқа қасаға аймағындағы жүннің болмауы мен сексуалдылық ұғымының арасындағы оң байланыстың қалыптасып жатқанына зерттеушілер алаңдаушылық танытып келеді, өйткені денедегі түктің мүлдем болмауы ересек әйелдер үшін емес, жасөспірімдік кезеңдегі балаларға тән нәрсе.
ДЕНЕДЕГІ ТҮКТІҢ АЗИЯ ЕЛДЕРІНДЕГІ МАҒЫНАСЫ
Ұзақ уақыт бойы денесінде түктің мүлдем болмауы тек қана батыс елдерінің әйелдеріне тән бейне болған еді. 2000 жылдардың басында ұстараларды шығару бойынша маманданатын Veet компаниясы шағын ғана сатылымдармен қытайлық нарыққа кіреді – қытайлық әйелдерде ұстараларға байланысты аса қатты қажеттілік болмаған. Ал дәл осы кезеңде американдық әйелдер бразилиялық түксіздендіру (яғни, интимдік аймақтағы түкті толығымен кетіру) процедурасына белсенді түрде жазылып жатқан уақытта, Оңтүстік Корея елінде қасаға аймағындағы жүннің трансплантациясы сияқты ота кеңінен таралған еді. Мұның негізгі себебі пациенттердің басым бөлігі үшін (74%) «әйел ретінде толыққанды емес» деген сезімдерінде жатыр, өйткені корейліктер үшін қасаға аймағындағы түктің болуы денсаулық пен ұрықтылық секілді жайттармен байланыстырылады.
Дегенмен Азия елдеріндегі түксіздендіру процедурасына деген сәннің барған сайын белең алып жатқаны байқалып отыр. Нашар басталғанына қарамастан, 2012 жылға қарай Veet компаниясының сатылымдар бойынша көрсеткіштері айтарлықтай артып, әрі ол Қытай еліндегі ең жылдам өсіп жатқан брендтердің біріне айналды. Бәлкім, бұл үрдіс батыс құндылықтарының әлдебір бедел ретінде қабылдануымен байланысты шығар. Түктен құтылу батыстағы жоғары тапқа жататын әйелдермен ассоциацияланады. Демек, өмірдің «батыстық» салтын ұстануға қабілетті азиялық әйелдер де түксіздендіруге бейім болып келеді. Түгі кетірілген тегіс тері әлі де абсолютті қалыпты жағдай ретінде қабылданбайды, дегенмен бұл қазірдің өзінде жоғары әлеуметтік мәртебенің көрсеткішіне айналып отыр.
ДЕНЕДЕГІ ТҮККЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨЗҚАРАС
2016 жылда өткізілген зерттеу нәтижесіндегі мәліметтер бойынша әйелдердің 59%-ы қасаға аймағындағы түкті гигиеналық мақсатта жұлатындығы анықталған (дегенмен серіктестерінің тілектері де шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады). Зерттеудің авторы әрі гинеколог Тами Роуэн түсіндіріп өткендей, оның көптеген пациенттері қасаға аймағындағы жүнді кетіру туралы айтқанда, бұл олар үшін тазалыққа байланысты нәрсе сияқты көрінеді. Алайда қасағадағы жүннің гигиенаға жатпайтыны туралы түсінік қате болып саналады. Ол интимдік аймақты үйкелуден қорғайды және инфекцияның алдын алу мақсатында қынаптың ішіне шаң, кір және бактериялардың түсуіне жол бермеуге көмектеседі. Роуэн иістің бар болуы түктің өз қызметін орындап жатқандығын көрсетеді деп түсіндіреді. Егер жалпы гигиена ережелері дұрыс сақталып отырса, қасаға аймағындағы түктің жай-күйі бастағы шаштан гөрі жаман болмауы керек. Сондай-ақ дененің басқа да аймақтарында өсетін түк белгілі бір функцияларды атқарады. Олар УК-сәулелерінен қорғайды және жылуды реттеу ісіне өз септігін тигізеді, ал түк фолликулалары эпидермальды гомеостаз бен жаралардың жазылуында маңызды рөлге ие.
Екінші жағынан қарайтын болсақ, дерматолог мамандары түкті алып тастаудың артықшылықтарына нұсқап отыр. Егер адам фолликулит (түк буылтығының қабынуы) немесе acne inversa (тері бездері аймағының қабынуы) пайда болуына бейім болса, онда лазерлік түксіздендіру процедурасы нағыз дұрыс шешім болуы бек мүмкін. Қолтықтағы түк шынымен де адам денесінің жағымсыз иісімен байланысты болып келеді, ал сол түкті кетіру аталмыш түйткілді шешуге көмектесе алады. Сонымен бірге түктен құтылудың кейбір тәсілдерінің (ұстарамен алу, түксіздендіруге арналған балауыз және иісмайлар) өзіндік жанама әсерлері бар екендігін ескерген жөн, соның ішінде ішке қарай өсіп кеткен түк, тітіркену және безеулердің кездесуі.
ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ КӨЗҚАРАС
Бүгінгі таңда денедегі түктің бар-жоғына деген көзқарас әртүрлі болып келеді, әрі ол әлеуметтік-мәдени ұстанымдарға байланысты. Жас либералды буынның өкілдері, бодипозитив пен феминизмнің жақтаушылары өз денеңіздің табиғи қалпын қабылдауды насихаттайды. Бұл үрдіс әлеуметтік желілерде көрініс тауып, өзін-өзі күтуге арналған құралдарды өндіріп шығаратын жаңа әрі ілгерінді бағытты ұстанатын брендтер тарапынан қолдауға ие болып, тіпті, жылтыр мұқабалы журналдарда да ескертіледі. Harper’s Bazaar журналының жуырда шыққан сандарының бірінде актриса Эмили Ратаковски түгі алынбаған қолтығын жасырмай көрсетіп, сенімді түрде оқырмандар алдына шықты. Ал Flamingo және Billie секілді әйелдерге арналған ұстаралар брендтері түксіздендіруді міндеттеме ретінде емес, жеке таңдау мәселесі ретінде қарастыра бастады.
Әлеуметтік нормалар және сырттан болатын қысымға қарамастан, денедегі түктің бар-жоғы әрқашанда әрбір адамның жеке қалауларына, жайлылық деңгейі мен оның бойындағы дербес ерекшеліктеріне байланысты мәселе болып қала беретіндігін ұмытпаған абзал. Ал алуан түрлі таптаурындар салдарынан болатын зиянды адамдарға тек не ұнайтындарын өз бетімен таңдау жасауға деген мүмкіндігін ұсыну арқылы ғана төмендете аламыз.
Аударған: Рита Сәрсенова